Жаңалықтар

Нұр-Сұлтан мен Алматыда демалыс күндері қоғамдық көлік жүрмейді

ашық дереккөзі

Нұр-Сұлтан мен Алматыда демалыс күндері қоғамдық көлік жүрмейді

Алдағы демалыс күндері (20-21 маусым) Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында қоғамдық көлік қозғалысы тоқтайды. «Қауіпті індеттің ушыға түсуіне байланысты Үкімет эпиджағдайды тұрақтандыру бойынша жаңа шараларды қолға алды. Осы орайда Алматыда да карантин режимін күшейту бойынша қосымша шаралар қабылданды. Сенбі-жексенбі, яғни 20-21 маусым күндері қоғамдық көліктің қызметі тоқтатылады. Осыған байланысты қала тұрғындарын бұл жұмыстарға түсіністікпен қарауға шақырамын. Карантин шараларын босаңсыту – COVID-19-дың өршуіне әкеп соқты. Қала тұрғындарынан көшеде жүруін шектетуін сұраймыз. Әсіресе қарт адамдардың үйде отырғаны абзал», - деді Алматы әкім Бақытжан Сағынтаев. Елорда әкімдігі де қоғамдық көлік қозғалысы уақытша тоқтайтынын хабарлады. Бұл күндері автобустарға залалсыздандару жұмыстары жүргізіледі. Әкімдіктегілер қоғамдық көлік қалыптасқан режимге 22 маусымда оралатынын мәлімдеді. Бұдан бөлек барлық қоғамдық орындар: саябақтар, гүлзарлар, жағалаулар, жағажайлар және басқа да халық көп жиналатын жерлер жабылады. Қорғаныс министрлігінің күшімен адам көп жүретін орындарда (саябақтар, гүлзарлар және т.б.) ауқымды залалсыздандыр жұмыстары қолға алынады. Айта кетейік, бұған дейін ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен ҚР аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) селекторлық отырысы өткенін хабарлағанбыз. Онда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру бойынша қосымша шаралар қаралды.