Астана – Алаштың айбары
Астана – Алаштың айбары
Ел астанасының Алматыдан арқаға көшірілуі Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең маңызды шешім болғаны рас. Қазақстан дербес ел атанып, өз тізгіні өз қолына енді ғана тиіп жатқан елең-алаң шақта астананы көшіру оңайға түспегені белгілі. Сол кездегі саяси элитаның табанды қарсылығына қарамастан, бас орданы арқаға көшірген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи шешімі қай жағынан алып қарағанда да өзін-өзі ақтады. Бүкіл әлем Тәуелсіз Қазақтанды жас ордасы арқылы танып-білді. Кеше ғана айналасын қамыс басқан шағын шаһар қазір адам танымастай өзгерді.
Астана тұрғындарының саны да жыл сайын артып келеді. Елорда тек саяси орталық қана емес. Мұнда рухани-мәдени құндылықтарымыздың қанат жаюына жан-жақты жағдай жасалған. Қала күні қарсаңында астаналық зиялы қауым өкілдеріне хабарласып, бағаналы, басты ордамыз жайлы пікірін білген едік.
Роза МҰҚАНОВА, жазушы, драматург:
Нұр-Сұлтан – Тәуелсіз қазақ мемлекетінің өз қолтаңбасы
– Елордамыз – Тәуелсіз еліміздің жүрегі, мемлекетіміздің бағаналы, басты Алтын ордасы. Әрбір саналы қазақстандық азамат үшін бас қаламыздың орны ерекше. Өйткені мемлекетіміздің Тәуелсіздік жылдарындағы қалыптасуы Елордамен тікелей байланысты. Сонау 1997 жылы ел астанасы Алатаудан арқаға көшкен кезеңнен бастап бүгінгі күнге дейін мемлекетіміздің ішкі-сыртқы саясатындағы ең маңызды шешімдердің барлығы осы ел жүрегі астананың төрінде қабылданды. Қала тұрғындарының отбасындағы әрбір қуаныш шаһар қуанышымен тікелей байланысты десем қателеспеймін. Уақыт деген өте жылдам. Кешегі астана мен бүгінгі астананың келбеті салыстыруға келмейді. Кешегі тостағандай ғана Ақмола бүгін Қазақстан халқын ғана емес, қазақ даласына қадам басқан әрбір шетелдікті сүйсінтіп, тамсандыра қарайтын жер бетіндегі жас әрі сәулетті қалалардың біріне айналып келе жатқаны елорда тұрғыны ретінде көңілге қуаныш ұялатады, кеудеге мақтаныш сезім сыйлайды. Мен астанамызға 2001 жылы көшіп келдім. Былай қарасаң кеше ғана секілді. Бірақ осы 19 жылдың ішінде бесікте жатқан бала қазір үлкен азамат болды. Бүгінде елдің көшінің бел ортасына қосылып жатқан жағдайы бар. Астана күні бұл тек қала тұрғындарының ғана емес, бүкіл Қазақстан халқының жүрегіне үлкен бір қуаныш ұялататын мереке. Өйткені құс қанаты талатын, тұлпар тұяғы тозатын байтақ даламыздың қай бұрышында тұрса да, астананың тілеуін тілемейтін қазақ жоқ деп білемін. Шалғайда жатса да еліміздің жүрегі астанамыз гүлденіп, өркен жая берсе екен деген тілек – әрбір қазақтың жүрегіндегі үлкен сезім. Әрине, әлемнің танымал Лондон, Париж секілді астаналарымен салыстырғанда біздің елордамыз өте жас қала. Жеткенінен жететіні көп, кемелдену кезеңі алдындағы балаң шаһарлардың бірі. Сондықтан алдағы уақытта астанамыздың «Әттеген-ай!» дейтін тұстары азайып, кем-кетіктерінің орны толып, барлығы қалыпқа келеді деп ойлаймын. «Көш жүре түзеледі» дейді ғой. Әсіресе, қаланы газдандыру мен экология мәселесі оң шешімін тапса, астанамыз экологиялық тұрғыдан таза қалалардың біріне айналар еді. Астана өнердің, ғылым мен білімнің, қазақ жастарының қаласы болса деген тілегім бар. Жастардың баспана мәселесі шешіліп, әрқайсысының кішкентай болса да өзінің ұясында «Мен астананың тұрғынымын» деп айтатындай күндерге жетсек, әрбір жастың жанарында бақыттың ұшқыны болса екен деп тілеймін. Астана рухани тайқазанымыздың қайнап жататын қаласы болса, біздің ұлттық келбетіміздің көрсеткіші болса екен деген арман бар. Ол үшін астананың әрбір көшесінің атауынан, әрбір ғимараттарынан ұлтымыздың төл болмысы, тарихи танымымыз менмұндалап тұруы тиіс. Еліміздің бас қаласы әлемдегі ықпалды, беделді астаналардың бірі болуына тілектеспін.Досхан ЖОЛЖАҚСЫНОВ, Қазақстанның халық әртісі, режиссер:
Астана күн санап өсіп келеді