Ғылымға көңіл бөлсеңіз...
Ғылымға көңіл бөлсеңіз...
Әл-Фараби бабамыз «Ғылымы жоқ елдің болашағы бұлыңғыр» деген екен. Заман сұранысына сай ұрымтал, тиімді ғылыми жаңалықтар ашып, оларды өндіріске енгізе білген мемлекеттердің пайдаға кенелгенін, қуаты артқанын көріп, ғұламаның сөзі ақиқат екеніне көзіміз анық жеткендей. Нарық заманында экономиканың ілгерілеуі, әлеуметтік инфрақұрылымның дамуы, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты маңызды міндеттер ғылыми ізденістер мен зерттеулердің белсенді жүргізілуіне тәуелді. Сондықтан Қазақстан ғылымды қаржыландыруды арттырып, саланы реформалауды қолға алды.
Ғылымды қаржыландыру:
Дамыған елдерде – 3 пайыз, Қазақстанда – 0,13 пайыз
Жуырда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде ғылымға бөлінетін қаржы 7 есе көбейіп, 2025 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің 1 пайызына жететінін мәлімдеді. Сол жиында Президент қаржыландыру қалай бөлінуі керегін, қандай жұмыстарды қамтуы қажет екенін айтты. «Біз ешкім оқымайтын, қажетсіз жұмыстар мен зерттеулерді қаржыландыруға жол бермейміз. Әрбір ғылыми жұмысқа қатаң талап қойылуға тиіс. Сондай-ақ оның нақты әлеуметтік-экономикалық, өндірістік және техникалық қайтарымы болуы қажет. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру тек ұлттық ғылыми-техникалық міндет тұрғысынан бөлінуі тиіс. Медико-биологиялық зерттеулер, агроөндірістік ғылым, «жасыл» технология, жасанды интеллект, энерготиімділік сияқты салаларға ерекше мән беріп, қаржы бөлу керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы ғылымның дамуына бөгет болып отырған кедергілерді жою мәселесін өткен жылы Үкіметтің кеңейтілген отырысында да көтерген болатын. «Біздің елдегі ғылымды қаржыландыру – 0,13 пайыз, ал дамыған елдерде – 2,5 пайыз. Бізде өте аз шығын жұмсалады. Сондықтан ғылымға бөлінген қаржыны пайдалану тиімділігі төмен. Сарапшылардың пікірінше, ғылымға бөлінген қаржы жалпы ішкі өнімнің 1,5 пайызынан төмен болса, шығынның толыққанды қайтарымы болмайды. Үкімет осыны білуі керек. Жеке секторды ғылымға тартудың түрлі механизмдерін дамыған елдер тәжірибесіне сүйеніп жасау қажет. Қазіргі әлемде ғылымсыз бір қадам алға баса алмайсың», – деп атап көрсеткен. Ғылыми ізденістердің игілігін көріп, табысы мен қуатын еселеп отырған мемлекеттердегі ғылымды қаржыландыру көлемін бізбен салыстыруға келмейді. Мәселен, Франция – 54,4 млрд, Ұлыбритания – 49,7 млрд, АҚШ – 508,3 млрд доллар бөліп, жалпы ішкі өнімнің 3 пайызын ғылымның дамуына жұмсап отыр. Ал Оңтүстік Корея жыл сайын 58,5 млрд доллар, яғни жалпы ішкі өнімінің 5 пайызын осы саланы қаржыландыруға бағыттайды. Ресейде де ғалымдардың ізденісін ынталандыру, ғылыми жаңалықтарды қаржыландыру мәселесіне айрықша көңіл бөлінген. Мемлекет осы мақсатта 15,5 млрд доллар бөліп, жалпы ішкі өнімінің 1,2 пайызын жұмсап отыр.Бұдан былай ғалымдар грантты 3 жыл сарыла күтпейді
Елімізде қаржыландырудың жеткіліксіздігінен ғылыми ізденістердің көпшілігі діттеген жеріне жетпейтіні, ғалымдардың есіл еңбегі көбіне нәтижесіз аяқталатыны құпия емес. Мұны Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов те жасырмайды. Министрдің айтуынша, соңғы өткізілген гранттық жобалар конкурсына ғалымдардан 5 мың өтінім түскенімен, қаражаттың аздығынан 4 мың жоба кері қайтарылған. Қаржыландыруға іліккен жобалардың бюджеті де біршама қысқартылыпты. Бұл өз кезегінде жобалардың сапасы мен нәтижесіне әсер етпей қоймасы анық. Жүргізілген зерттеулер елімізде ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру деңгейінің төмендігін, ғылыми жаңалықтардың қолданбалық сипатының болмауын және ғылыми кадрларды даярлау жүйесінің тиімсіздігін көрсеткендіктен, Үкімет саланы түбегейлі реформалауды қолға алды. Білім мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасы әзірленді. Алдағы екі жыл ішінде ғылымды қаржыландыру көлемі 2 есе ұлғаймақ. Зерттеу институттарының ғылыми инфрақұрылымын жыл сайын жаңартып отыруға қаражат бөлінеді. Ғалымдарды қуантқан тағы бір жаңалық – бұдан былай гранттық конкурстар бұрынғыдай 3 жылда 1 рет емес, жыл сайын өткізіледі. 3 жыл аз уақыт емес, жаңалыққа құштар бүгінгі қоғамда көтерілген тақырып пен зерттелген мәселенің өзектілігі тез жойылады. Сондықтан грантқа ие бола алмай қалған кейбір ғалымдар келесі байқауды 3 жыл сарыла күтуді бос әурешілік санап, өз қызметінің бағытын өзгертуге мәжбүр-тін. Бұл мәселе түбегейлі шешілді. Биылдан бастап гранттық және БНҚ (бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру) жыл сайын жүргізіледі. Сондай-ақ шағын зерттеулер жүргізуге арналған гранттар, іске асырылу мерзімі 1 жылға дейінгі мерзімді гранттар және шетелдік ғалымдармен бірлесе отырып коллаборация негізінде зерттеулер жүргізуге арналған арнайы гранттар енгізіледі. Тағы бір айта кетерлігі, енді БНҚ тек нақты ұлттық ғылыми-техникалық міндеттер негізінде ғана бөлінеді. «БНҚ аясындағы тақырыптардың, мысалы, «Ауыл шаруашылығын дамыту» деген сияқты көбіне кеңінен қамтылғаны жасырын емес. Бұған қаражат бөлініп, әрі қарай ғалымдар өздерінің мүмкіндіктеріне сүйене отырып, қаржыландыруға қол жеткізу мақсатында ғылыми зерттеулерін ұсынды. Нәтижесінде, бағыт қаржыландырылды, бірақ фермерлер нақты нәтижені көрмейді. Көрген күннің өзінде олардың шығыны пайдасынан асып кетеді. Сондықтан ендігі жерде қоғамның немесе нарықтың қазіргі және болжамды қажеттіліктерін негізге ала отырып, көзделген нәтижесінің нақты индикаторлары бар міндеттер мен тақырыптар анықталады. Айталық, кең ауқымды «Ауыл шаруашылығын дамыту» деген тақырыптың орнына нақты міндет ретінде белгілі бір топырақ пен климаттық жағдайларда сапалы өнім беретін дақылдардың сұрпын жасау көрсетіледі. Яғни қаржыландыру зерттеу мен өнімі бір-бірімен қабыспайтын ауқымды тақырыпқа емес, нәтижеге жұмсалады», – дейді Асхат Аймағамбетов.Ұлттық ғылыми кеңес құрамына кімдер енеді?
Ғылымды қаржыландыру туралы сөз қозғалғанда Ұлттық ғылыми кеңеске (ҰҒҚ) соқпай өте алмаймыз. Бұл – ғылыми жобаларды қаржыландыру туралы шешім қабылдайтын басты орган. Ғалымдардан тұратын ҰҒК жобаларды іріктейді, ғылыми бағдарламаларды бағалайды, зерттеулердің мониторингін жүргізіп, қаржыландыру туралы шешім қабылдайды. Бұрын ҰҒК мүшелерін іріктеудің нақты рәсімі болмағандықтан, ғылыми ортада жекелеген кандидаттардың кеңес құрамына енгізілгеніне қатысты дау көбейді. Жобаларды іріктеу жүйесінің әділдігіне сенім азайған соң ҰҒК құрамын қалыптастыру процесі түбегейлі қайта қаралды, оның мүшелеріне қойылатын талаптар да қатаңдатылды. Бұдан былай ҰҒК-ға кандидаттарды іріктеген кезде басты талап ретінде олардың ғылыми қызметінің нәтижесі мен қажеттілігі назарға алынады. Біріншіден, бұл өлшеуге болатын, сенім тудыратын көрсеткіштерге сүйенуге, екіншіден, ғылымның жекелеген саласының ерекшеліктерін ескеруге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, әрбір жобаның сапалы сарапталуы үшін ҰҒК мүшелерінің саны да көбеймек. «Біз халықаралық деректер қорынан ғалымдардың сараланған тізімін жай ғана аламыз да, ең беделді деген ғалымдарды (егер олар өздігінен бас тартпаса және кез келген бір ұйымның басшысы болмаса және т.б.) ҰҒК құрамына қосамыз. ҰҒК құрамында ең мықты ғалымдар болуы керек», – деді А.Аймағамбетов. ҰҒК қызметінің ашықтығын арттыру да – негізгі міндеттердің бірі. Егер бұрын қаржыландыру туралы шешім жасырын дауыс беру арқылы қабылданса, биылдан бастап нақты өлшемдер бойынша балл қою арқылы ашық дауыс беру енгізілді. Сонымен қатар кеңес отырыстарының онлайн көрсетілімі ұйымдастырылуы ғалымдардың жауапкершілігін арттырып, қабылданатын шешімдердің жариялылығын қамтамасыз етпек. ҰҒК қызметін жетілдіруге бағытталған тағы бір жаңашылдық – өтінімдерді экономикалық сараптау институты енгізілді. Бұл, біріншіден, сұралып отырған қаржыландырудың негізділігін тексеруге мүмкіндік берсе, екіншіден, ҰҒК-нің өтінімдерді қаржыландыруды өз бетінше қысқартуына шек қояды. Мысалы, Білім және ғылым министрлігінің дерегінше, қойылған міндеттерді шешу үшін ғалымдар 50 млн теңге қаражат сұраса, ҰҒК 3 миллионға дейін қысқартқан жағдайлар болған. Салдарынан ғылыми жұмыстардың тақырыбы немесе бағыты қаражат көлеміне сай ауыстырылып, ақша жұмсалып кетіп, зерттеулер нәтижесіз аяқталған көрінеді. Министрлік бұдан былай мұндай жүгенсіздікке жол берілмейді деп сендіріп отыр.Қазақстанда ғалымдар саны неге азайды?
Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта елімізде 386 ғылыми ұйым бар. Онда шамамен 22 мың маман жұмыс істейді. Қызметкерлердің 33 пайызында ғылыми дәреже бар. Нақтырақ айтсақ, 1 703 ғылым докторы, 4 240 ғылым кандидаты, 1 045 PhD докторы мен өз саласы бойынша 317 доктор. Орта есеппен алғанда, бұл 1 млн халыққа 930 ғалымнан келеді деген сөз. Салыстыратын болсақ, Қытайда бұл көрсеткіш – 1 235-ке, Грузияда – 1 340-қа, Болгарияда – 2 130-ға, Ресейде – 2 851-ге, ал АҚШ-та 4 256-ға тең. Сәл шегініс жасасақ, 1980 жылы бізде 37 390 ғалым, 1990 жылы 50 627 ғалым болған екен немесе 1 млн адамға 2 166 ғалымнан келген. Көріп отырғанымыздай, ғалымдарымыздың саны осыдан 30-40 жыл бұрынғы көрсеткіштен 2 есе азайған. Мәселен, СҚО-да ауыл шаруашылығы саласының флагманы – астық шаруашылығында 3 селекционер қалған. Қарағанды облысындағы өсімдік шаруашылығы институтында да 1 селекционер ғана бар. Оның өзі 75 жастағы зейнеткер екен. Ақпанда Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің аграрлық ғылымды, білімді және өндірісті интеграциялау мәселелеріне арналған тақырыптық отырысында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев агроөнеркәсіптік ғылымның дамуын тежеп отырған бірден-бір фактор – білікті мамандардың тапшылығы екенін алға тартқан еді. «Солтүстік Қазақстан облысындағы тәжірибелік станцияда селекционерлер жоқ. Бәрі кетіп қалды. Біз қазір бұл тұрғыда құрдымға таяп қалдық. Бұлай жалғаса берсе, аймақта 10 млн гектар аумаққа сұрып дайындайтын маман қалмайды. Егін түсімділігінің 40 пайызы дәнге байланысты. Канадада, мәселен, 15 жылдың ішінде егіннің түсімі – 29 пайызға, Ресейде – 31 пайызға, Аустралияда 38 пайызға артса, бізде 14 пайызға ғана өскен. Оның өзі біздің жетекші шаруа қожалықтардың арқасы», – дейді А.Күрішбаев. Әлем елдерінің тәжірибесінен мысал келтірген ректордың айтуынша, түйткілді жаңа формациядағы ғалымдарды даярлау арқылы шешу қажет. «Селекциялық ғалымдарды іріктеу жұмысы студенттік кезеңнен басталуы тиіс. Зерттеу университеттерінде аудитория мен зертхана, егіс алаңы – бәрі бір құрылымға шоғырланған. Яғни студенттік кезеңнен бастап мамандарды ғылымға тарту керек. Ол жүйе бізде жоқ. Шетелдік әріптестер бізге «реформа көп жасайсыздар, бірақ басқару формасын өзгерте бергендіктен, жұмыстарыңыз нәтижелі болмайды» дегенді айтады. Яғни, біздегі ғылыми-зерттеу институттары бір министрліктен екіншісіне ауыса береді. Шет мемлекеттердегі ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарында негізгі тұлға біздегідей оқытушы емес, ғалым. Олар білім беру ісінің де, өндірістің де жай-жапсарын бес саусақтай біледі. Осыдан барып әр ғылыми жоба сәтті жүзеге асып, білім беру бағдарламалары-ның эволюциясы жүріп жатады», – дейді ғалым. Мұрат ЖҰРЫНОВ, Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик:Ғылымды ғалымдар басқаруы керек