Игерілмеген қаржы: Бюджетке 8,6 млрд теңге қайтарылды
Игерілмеген қаржы: Бюджетке 8,6 млрд теңге қайтарылды
2020 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша республикалық бюджетке 8,6 млрд теңге қайтарылған.
Бұл туралы Парламент Сенатының отырысында Қаржы министрінің орынбасары Татьяна Савельева айтты.
«Ұлттық қорға жалпы 4,5 трлн теңге түсті. 2019 жылдың аяғына қарай қордың активтері 27,5 трлн теңгеге теңесті. Бюджеттің басымдыққа ие бағыттарын Ұлттық қордың трансферттері есебінен қаржыландыру қалыпты жағдайға айналып кетті. Осыған байланысты қордың жинақтық қызметін заңнамалық тұрғыда күшейту көзделіп отыр», - деді қаржы вице-министрі.
Татьяна Савельева депутаттардың ұсынысымен квазимемлекеттік сектордағы субъекттердің дивиденттік саясаты өзгергенін айтты. Биылдан бастап квазимемлекеттік сектордың субъекттері 2019 жылдың қорытындысы бойынша республикалық бюджетке 100 пайыздық дивидентті қамтамасыз етеді.
«Бюджет қаражатының жұмсалуына бақылауды күшейту үшін квазимемлекеттік субъекттердің есебіндегі пайдаланылмай қалған қаражатты бюджетке қайтару бойынша жұмыс басталып кетті. 1 маусымдағы жағдай бойынша республикалық бюджетке 8,6 млрд теңге қайтарылды», - деді вице-министр.