«Нұр Отан» партиясы: Ынтымақты сақтау – аманат

«Нұр Отан» партиясы: Ынтымақты сақтау – аманат

«Нұр Отан» партиясы: Ынтымақты сақтау – аманат
ашық дереккөзі
Ақтөбе қаласына жұмыс сапарымен барған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед қаза тапқандардың шаңырағына арнайы барып, Елбасының, қабырғасы қайысқан елдің атынан отбасыларына көңіл айтты. Сондай-ақ, Мұхтар Абрарұлы өңірдің имамдарымен, зиялы қауым өкілдерімен, жастар бірлестіктері өкілдерімен кездесті. Бір қаланың ғана емес, тұтас елдің берекесін қашырып, тыныштығын бұзған лаңкестік оқиғасынан кейін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Ақтөбеге жеткен «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед әуелі қандықол қылмыскерлердің қолынан қаза тапқан әскерилер мен бейбіт тұрғындардың отбасына көңіл айтты. Атап айтқанда, Николай Александрович Онищенко, Мейірхан Тәжібаев пен Михаил Матросовтың үйінде болды. Атыс басталған кезде қару-жарақ дүкенінің жанынан өтіп бара жатқан 69 жастағы Николай Онищенко ауыр жарақаттанған. Қария дереу ауруханаға жеткізілгенімен, ес жимастан бақилық болды. 33 жастағы Мейірхан Тәжібаев пен 35 жастағы Михаил Матросов та қылмыскерлердің кездейсоқ құрбандарына айналды. «Бұл қайғы бәріміздің қабырғамызды қайыстырды. Тұтас Қазақстан қайғыларыңызға ортақ. Әрине, бұл орны толмайтын қасірет», – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед. Партия Төрағасының бірінші орынбасары қайғыға душар болған отбасыларға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сәлемдемесін жеткізіп, алдағы уақытта жан-жақты көмек көрсетілетінін мәлім етті. Қаза болған ақтөбеліктердің отбасыларына мемлекет 1 миллион теңгеден бөлмек. Сондай-ақ, жергілікті билік оларды жерлеу шығындарын өз мойындарына алатын болды. Ақтөбе облыстық активтермен кездесуінде елімізде бейбітшілік пен ынтымағымызды сақтау басты мақсат екенін айтқан «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары «Нұр Ғасыр» мешітінде имамдармен жүздескенде қаскөйлердің іс-әрекетін айыптады. «Кісі өлтірген адамдарды ештеңемен ақтауға болмайды. Кез келген пендеге ғұмыр сыйлайтын да, уақыты келгенде оны алатын да – бір Алланың өзі. Ендеше кісі өлтірген жауызды Құдайға қарсы шыққан қылмыскер деуіміз керек. Оларды мұсылман, тіпті адам деп айтуға да болмайды», – деді ол. Бас мүфти Ерлан қажы Малғажыұлы да арнайы келіп қатысқан жиында жергілікті имамдар жастардың діни тәрбиесінде ағаттық жібергендерін мойындады. Сондай-ақ, сапар барысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед және Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдің зиялы қауымы мен жастар бірлестіктерінің өкілдерімен кездесті. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе Өңірлік Мемлекеттік университетінің профессорлық-оқытушылық құрамымен кездесу барысында қасиетті Рамазан айының қарсаңында орын алған лаңкестік акт турасында айтылды. Педагогтарға қаратып айтқан сөзінде Мұхтар Құл-Мұхаммед мұндай қылмыстардың алдын алудың, жастар тәрбиесін жіті қадағалаудың маңыздылығына тоқталды. «Күні кеше ғана қандықол қарақшылар қолынан қаншама ақтөбелік Отан қорғаушы жастардың қаны төгілді. Мынандай бейбіт заманда кісі өлтіру – өте ауыр әрі кешірілмес қылмыс. Қылмыскерлер басқа жақтан келген жоқ, өз ортамыздан шықты. Ендеше олардың теріс жолға түсуіне тәрбие бере алмаған біз де кінәліміз. Сондықтан біз алдағы уақытта осындай оқиғаларды болдырмау мақсатында қолдан келгеннің бәрін істеуіміз керек», – деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары. Ел ішіндегі тыныштықтан артық құндылық жоқ екенін айтқан Мұхтар Құл-Мұхаммед алдағы уақытта мұндай оқиғалар қайталанбауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасау керегін ескертті. Ақтөбе облысына жұмыс сапарының екінші күні Мұхтар Құл-Мұхаммед облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен бірге аграрлық сала қызметкерлерімен кездесті. Сондай-ақ, Қазақстандағы алдыңғы қатарлы ет комбинатында және заманауи бордақылау алаңында болды. Дәл қазір Ақтөбе облысындағы алқаптарда көкөніс егумен айналысатын шаруалар үшін жұмыстың қайнаған шағы. Диқандармен кездесу барысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары олардың жер реформасына қатысты пікірлеріне құлақ түрді. Фермерлер жерді 50 пайыздық жеңілдікпен және 10 жылға бөліп төлеу мүмкіндігімен алуға жол ашатын жаңашылдықты толығымен қолдайтындарын жеткізді. «Жердің қожайыны болуы керек. Біз өзіміз өмір бойы осы жермен жұмыс жасап келеміз. Егер бізде жерді сатып алатын мүмкіндік болса, өз үлесімізді балаларымызға қалдыру арқылы оларды жұмыспен және тұрақты табыс көзімен қамтамасыз етеміз. Сол себепті, ақтөбелік шаруалар жер реформасын қолдайды», – деді фермер Алик Пак. Мұхтар Құл-Мұхаммед пен Бердібек Сапарбаев барған «Алик» ЖШС-нің алқаптарында тамшылатып суару бойынша және егінді күрделі климаттық жағдайдан қорғайтын заманауи технологиялар қолданылатынын атап өткен жөн. Ақтөбе облысының әкімі қазіргі таңда өңірде инновациялық өндеулер тек егіншілік шаруашылығында ғана емес, басқа салаларға да енгізіліп жатқанына назар аударды. Мұнда Қазақстандағы ең озық ет комбинаты салынды. Оның өнімдері Ресей мен Қытайға экспортталуда. Тіпті, кәсіпорын жетекшісі Нұрлан Сағналиннің сөзіне қарағанда, комбинаттың етін мәскеулік мейрамханалар да сатып алуда. Жетекші кәсіпорынның басты ерекшелігі – жүз пайыздық қалдықсыз өнім өндіруінде. Негізгі өніммен қатар, комбинат ет деликатестерін, теріні, тіпті тұяқ пен сүйектерден өздері дайындайтын ит азығын да экспорттайды. Нұрлан Сағналин мемлекетіміздің заманауи өңдеуші кәсіпорындарға қолдау көрсетіп отырғанына алғыс айтты. Сондай-ақ, ол жуырда комбинаттың жанынан жаңадан іске қосылған 10 000 мал басына арналған бордақылау алаңының арқасында Ақтөбе облысы ет экспортын бірнеше рет ұлғайтып, жергілікті мал шаруаларын тұрақты табыс көзімен қамтамасыз ететініне сенім білдірді. Өз кезегінде, Мұхтар Құл-Мұхаммед жер реформасы аясында жүргізіліп отырған аграрлық саланы модернизациялау дәл осындай еуропалық деңгейдегі өндірістерді дамытуға бағытталып отырғанын атап өтті. Әрі қарай «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Ақтөбеге сапары аясында «Нұрлы жол» және индустриалды-инновациялық бағдарламаның аясындағы жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.  

Анар БАУЫРЖАНҚЫЗЫ