Мақтааралдағы су тасқыны: тұрғындарға 66 миллион теңгенің қайырымдылық көмегі көрсетілді
Мақтааралдағы су тасқыны: тұрғындарға 66 миллион теңгенің қайырымдылық көмегі көрсетілді
17 маусым, сәрсенбі күні Түркістан облысының Мақтаарал ауданына ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин және Өзбекстан Республикасы Жизақ облысы кәсіподақтар кеңесінің төрағасы Нусуратулла Пардаев барды.
Бүгін екі тараптың келісімімен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы (ҚРКФ) және Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясы (ӨКФ) тарапынан мамыр айының басында Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының бұзылуы салдарынан болған су тасқынынан зардап шеккен елдімекен тұрғындарына қайырымдылық көмек көрсетілді.
Мырзакент кентінде ҚРКФ мен ӨКФ көшбасшыларының жергілікті тұрғындармен және су апатынан зардап шеккен елді мекендердегі Аманжолов атындағы, Мүсірепов атындағы, Фердоуси атындағы, «Нұрлы жол» жалпы орта мектептерінің басшыларымен кездесті.
«Мұқтаж жанмен өз жылуымен бөлісу дәстүрі қазақ халқының қанында бар. Сондықтан да, біз осындамыз. Осындай қажетті іс-шараларды жедел түрде қарастырып, жүзеге асырған Президент пен Үкіметке өз ризашылығымды білдіргім келеді. Өз кезегінде, әріптесіміз – Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясымен ортақ келісім бойынша Мақтаарал ауданы елді мекендері тұрғындарын қолдау мақсатында бірлесіп 66 миллион теңгенің көмегін көрсету туралы шешім қабылдадық. Біз төрт орта білім беретін мектептерге интерактивті компьютерлік сыныптардың толық жабдығын тапсырамыз», – деді С.Дәулеталин.
Сонымен қатар, су тасқынынан зардап шеккен елді мекендердің 100 тұрғынына ҚРКФ қарасты «Көктем», «Меркі», «Манкент», «Жаңақорған», «Щучинск» 5 шипажайға жолдама беріліп, денсаулықтарын нығайтып, сауықтыру ем-шараларын қабылдауға мүмкіндік алды. Тегін жолдамалар зейнеткерлерге, мұғалімдерге, сондай-ақ, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға да берілді.
Апаттан зардап шеккен ауданның мұғалімдеріне Республикалық білім және ғылым қызметкерлері салалық кәсіподағы тарапынан да елеулі қолдау көрсетіліп, 365 білім саласы кәсіподақ мүшесіне материалдық көмек ретінде 35 мың теңгеден берілді. ҚР Кәсіподақтар федерациясының мүшелік үйымдары 50 млн.теңгенің көмегін көрсетті.
Өзбекстан кәсіподақтары жалпы сомасы 16 миллион теңге көлемінде гуманитарлық көмек алып келді, соның ішінде алғашқы қажеттілік тауарлары – құрылыс материалдары, төсек-орын жабдықтары мен азық-түліктер бар.
Қоғам қайраткері Көпен Әмірбек өз кезегінде Қазақстан және Өзбекстанның екі ірі кәсіподақ бірлестіктеріне өз ризашылығын білдірді.
«Өзгенің қайғысы деген болмайды» дейді дана қазақ халқы. Кәсіподақтар федерациясы бірлік, ынтымақтастық пен ортақтастық атты кәсіподақтар қағидаларына беріктігін тағы бір дәлелдеді. Өз жерлестерімнің атынан Қазақстан және Өзбекстан кәсіподақтарына зор алғысымды білдіремін. Өзбек халқында тамаша бір мәтел бар. «Егер сіздің досыңыз қазақ болса, сіз жолдан адаспайсыз», – деді К.Әмірбек.
Бұл іс-шарадан бұрын ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шүкеевпен кездесті. Кездесу барысында аймақ басшысы ҚР Кәсіподақтар федерациясына қиын да күрделі жағдайға тап болған адамдарға қамқорлық танытып, қолдау көрсеткендері үшін алғыс айтты.
Тараптар өткен жылғы қазанда қол қойылған Меморандум аясында әлеуметтік әріптестердің өзара байланысының алдағы жоспарларын талқылады. ҚРКФ төрағасының ақпараты бойынша өкінішке қарай республика бойынша өндірістік жарақат фактілерінің өсімі байқалуда.
Осылайша, жылдың басынан бес ай ішіндегі мәліметтер бойынша Қазақстан кәсіпорындарындағы жұмыс орындарында алынған жарақаттар нәтижесінде 552 адам зардап шексе, 65 адам қаза болды. Соның ішінде, Түркістан облысында өндірісте 29 жазатайым жағдай орын алды, 34 адам зардап шекті, 5 адам қаза болды. Сатыбалды Дәулеталиннің айтуынша, көп жағдайда бұл жазатайым оқиғалар өндірістік кеңестер мен еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлар жоқ кәсіпорындарда орын алған.