Жаңалықтар

Сауд Арабиясы АҚШ-қа мұнай экспортын 10 есе қысқартты

ашық дереккөзі

Сауд Арабиясы АҚШ-қа мұнай экспортын 10 есе қысқартты

Сауд Арабиясынан АҚШ-қа экспортталатын мұнай көлемі соңғы 35 жылдағы ең төменгі деңгейге түсті. Корольдік маусым айында Құрама штаттарға бір-ақ мәрте жүк жеткізген. Оның көлемі тәулігіне шамамен 133 мың баррельге тең, деп жазады Bloomberg.  Сәуірде Сауд Арабиясы АҚШ-қа тәулігіне 1,3 миллион баррель мұнай жөнелткен. Яғни, маусымда экспорт көлемі он есе азайған. 2019 жылы және 2020 жылдың басында корольдік Құрама штаттарға күніне шамамен 475 мың баррель мұнай жіберді. Ірі көлемдегі экспортқа Ресей мен Сауд Арабиясы арасындағы баға соғысы ықпал еткен болатын. Баға соғысы тоқтағаннан кейін Сауд Арабиясын америкалық нарық қызықтырмай қалды.  Energy Aspect Ltd компаниясының мұнай жөніндегі бас сарапшысы Амрита Сеннің айтуынша, енді АҚШ-тың мұнай өңдеу зауыттары қара алтынды басқа мемлекеттерден тасымалдауға және қорды азайтуға тура келеді. Америкалық кәсіпорындар өндіріс көлемін арттыра бастайды дейді маман. Айта кетейік, 8 маусымда Сауд Арабиясы, БАӘ және Кувейт шілдеден бастап мұнай өндірісін 1,18 млн баррельге қысқарту туралы міндеттеменің күші жойылатынын мәлімдеді. Сауд Арабиясының Saudi Aramco компаниясы азиялық және еуропалық тұтынушыларына ұсынылған рекордтық жеңілдіктерді маусымның басында толығымен тоқтатты.