ҰБТ-ның алғашқы үш күнінде 11 оқушы 125 балл жинады

ҰБТ-ның алғашқы үш күнінде 11 оқушы 125 балл жинады

ҰБТ-ның алғашқы үш күнінде 11 оқушы 125 балл жинады
ашық дереккөзі

Ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы үш ағымының қорытындысы бойынша 11 түлек 125 бал жинады.  Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

2016 жылғы 2 және 4 маусым аралығында өткен тестілеуге елімізде 58343 бітіруші қатысқан, олардың 42 186-сы қазақ тілінде, 16 157-сі орыс тілінде тапсырған.

"Тестілеудің үш күнінің нәтижесінде тыйым салынған заттарды қолданған және аудиторияда тәртіп бұзғандары үшін 31 бітіруші тестілеуден шығарылды, оның ішінде: ұялы байланыс телефондарын пайдалану - 13 бітіруші; емтихан материалдарын бүлдіру - 1 бітіруші; сұрақ кітапшаларды сыртқа шығару мақсатында оның ішіндегі ішкі беттерін ауыстыру - 17 бітіруші", - делінген ведомство таратқан хабарламада.

 Сонымен қатар, тестілеу нәтижесімен келіспеген бітірушілердің келесі күні сағат 14:00-ге дейін әрбір пунктте құрылған апелляциялық комиссияға шағымдануға құқығы екенін ескерте кеткен жөн. Апелляцияға өтініштер тест тапсырмаларының мазмұны бойынша да, техникалық себептер бойынша да қабылданады. Апелляцияға өтінішті беру барысында бітірушінің әрбір тест тапсырмасы бойынша тестілеу нәтижелерімен келіспейтін негіздемесімен беру керек.Тестілеудің екі күнінде Республикалық апелляциялық комиссияның қарауына барлығы 279 өтініш келіп түсті. Оның ішінде 60 тест тапсырмасы қанағаттандырылды, яғни жалпы қолданған тест тапсырмаларының 0,5 пайызын құрайды. Негізінде бұл апелляциялар қазақ тілінен, математика және Қазақстан тарихы пәндерінен болған.

Министрліктегілер келіп түскен өтініштерді қанағаттандырудың негізгі себебі деп әртүрлі авторлардың оқулықтарындағы оқылудың айырмашылығы мен техникалық себептер, оның ішінде баспалық қателерді атап отыр.

Айта кетейік, шектік деңгейден өте алмаған бітірушілер ағымдағы жылы қайта кешенді тестілеу тапсыру арқылы жоғары оқу орындарына ақылы негізде оқуға түсуге құқылы. Қайта кешенді тестілеуге қатысу үшін өтініштер жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларында тамыз айының 1-8 күндері аралығында қабылданады, ал тестілеу тамыз айының 19-24 күндері аралығында өтеді.