ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мырзаның назарына!

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мырзаның назарына!

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мырзаның назарына!
ашық дереккөзі

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе»

Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің осы бір қанатты сөзін жиі айтып та, жазып та жүрміз. Әрине, айту, жазу бар да, оны іс жүзіне асыру бар. Елдің ертеңі ұрпағына қатысты екені бесенеден белгілі жайт. Мәңгілік ел болу үшін тілімізді, ділімізді, салт-дәстүрімізді сол жас ұрпақтың құлағына бала кезінен құйып, санасына сіңіруге тиіспіз десек, оған қолбайлау болатын мәселелер жетіп артылады. Біріншіден, балабақша тәрбиешілеріне қажетті оқу құралдары мен әдістемеліктер жоқ. Бірлі-жарым бар болса, олар ұлттық салт-дәстүрімізден жұрдай. Әлдеқандай батыстық өркениетті елдердің дүниелерінен көшірілген немесе аударылған қойыртпақ бірдеңелер. Біздің баламыз неге өзге елдің тәрбие үлгісімен өсуі керек. Біздің өзіміздің ғасырлар бойына қалыптасқан ата салтымыз, халықтық педагогикамыз қайда? Бала тәрбиесіне қатысты құралдар, кез келген көркем туындыларымыз да, міне, таза осы тұрғыда жазылуы тиіс. Дәл осы тұста «Ақыл айтудан оңай нәрсе жоқ, өзің не бітіріп жүрсің?» деген сауал туындауы да заңды. Айтайық. «Баянжүрек» баспасын құрғаннан бастап, осы балалар тәрбиесіне бет бұрып, тәжірибелі балабақша тәрбиешілерімен қоян-қолтық араласа жүріп, бүлдіршіндерге арналған «Тілашар» атты оқу құралын, бастауыш сынып оқушылары үшін «Алғашқы қоңырау», «Мектептегі мейрамдар», «Алты жасарлардың дене тәрбиесі», «Ана тілін сатылай кешенді талдау» сынды әдістемеліктер мен көмекші құралдарды дүниеге әкелген едік. Алғашқы бірер жыл Білім министрлігінің бұйрығы бойынша тізімге ілініп, там-тұмдап тапсырыс берілген болды да, ұмыт болды. Министр ауысқан заматта тізімнен түсіп қалды. Яғни, қолдау таппады. Бұл әрине, өз алдына үлкен бір жиынды қажет ететін күрделі тақырып. Себебі, құр «тіл, тіл» деп байбалам салғаннан ештеңе өнбейтіні мәлім. Алдымен сол мемлекеттік тілді үйретудің іргетасын қалап алуымыз керек. Ол іргетас – ауыз әдебиетінің озық үлгілері жұмбақ, жаңылтпаштардан, мақал-мәтелдерден, ақын-жазушыларымыздың бүлдіршіндерге арналған мәйекті туындыларынан тұратын оқу-тәрбие құралдары болуы тиіс. Қош, енді тікелей қазақ балалар әдебиетіне келейік. «Авгейдің ат қорасынан бастайық» дегендей ең алдымен өзімізден бастасақ, балалар әдебиеті өгей баланың күйін кешкен бір байқұс іспетті. Ашығын айту керек, балалар жазушыларын көзге іліп жатқан бір адам жоқ. Өзгені былай қойғанда, тіпті мәдениет пен өнер саласындағы әріптестеріміздің өздері бізге мұрын шүйіре қарайды. Бұған бір ғана мысал: көзінің тірісінде балалар әдебиетінің классигі атанған марқұм Өтепберген Ақыпбекұлының ортамыздан кеткеніне биыл тоғыз жыл болады. «Көзден тайса, көңілге болады жат» деген, сегіз жыл бойы ақынның аманаттап, өз қолымен табыстап кеткен сегіз томдығының әлі бір томын жарыққа шығара алмай келеміз. Марқұмның алпыс жасқа толуы да атаусыз қалды. Дәл осындай талантты балалар ақыны ақтөбелік Ертай Ашықбаевтың біз ұсынған «Таныс торғай», марқұм Есенбай Дүйсенбайұлының «Әріптер мен сандар әлемі» атты кітаптарының Мәдениет министрлігінің баспа ісі басқармасында сүрленіп жатқанына биыл алтыншы жыл. Міне, біздің балалар әдебиетіне, көзі бар, көзі жоқ балалар қаламгерлеріне деген қамқорлығымыз. Қаншама лауазымды адамдардың алдынан өттік, қаншама хаттар жазылды, бірде-бірі «жоқ» демейді, құрғақ уәде беріп, шығарып салады. Алайда, «баяғы жартас, бір жартас», міз бақпайды. «Өз баспасының проблемасын айтып кетті» деп, сөге көрмеңіз. Бәрі де балалар әдебиетіне қатысты көкейге тығылып қалған запыранды мәселелер болған соң ақтарылып кетіп жатқаны ғой. Әйтпесе, «бізді ешкім елемейді екен» деп, қол қусырып қарап жатқан балалар жазушылары жоқ. Жақсы дүниелер жазылып, жақсы кітаптар там-тұмдап болса да шығып жатыр. Бұл ретте биыл он бірінші рет өткізілгелі отырған Халықаралық «Дарабоз» бәйгесінің орны алабөтен. Бұл дәстүрлі конкурстың меценаты Бауыржан Кеңесбекұлы Оспанов бауырымызға деген қазақ қаламгерлерінің айтар алғыстары шексіз. Мұны айрықша атап өтуіміз керек. Жыл сайын жеңімпаздарға қаржылай бәйгесін беріп, шығармаларын орыс тіліне аудартып, екі тілде «Кәусар бұлақ» және «Чистый родник» атты екі кітап шығарып, оны мектеп кітапханаларына тегін таратып беріп отырған мұндай азаматтан айналмайсыз ба?! Алла разы болсын! Осы он шақты жыл ішінде «Дарабоз» конкурсының арқасында қазақ балалар әдебиеті оннан астам жаңа қаламгерлер легімен толықты. Атап өтсек, олар: Дархан Бейсенбек, Асхат Өмірбаев, Ернұр Сейдахмет, Елдос Тоқтарбай, Гүлжан Әбирова, Әлібек Байбол, Алтынай Амангелді, Мира Ибраимова, Мейіржан Жылқыбай, Жандос Байділда, Қанат Әбілқайыр сынды тағы басқалар. «Кәусар бұлақтың» сегіз кітабын жарыққа шығарған баспа басшысы болғандықтан, бұл жастардың бәрінің шығармашылығымен етене таныспын. Соның ішінде 1914 жылғы «Кәусар бұлақ» кітабына «Поштабай» атты шығармасы енген Жандос Байділданың аяқ алысы келешегінен мол үміт күттіреді. Әрине, қаламақы көзден бұлбұл ұшқан мына заманда мұндай конкурстардың берері мол. Өкінішке қарай, олардың саны әзірге екеу-ақ болып тұр. Ол – «Дарабоз» бен «Балауса» ғана. Ертеректе 2007 жылдары Астанада өтетін «Астана – Бәйтерек» атты балалар әдебиетінің көптеген жанрын қамтитын жап-жақсы конкурс бар еді. Неге екені белгісіз, бір-екі жыл өтпей жабылып тынды. Ортаға тастар ұсыныс: жоғарыдағы басшылар мен құзырлы орындар осы «Астана –Бәйтерек» конкурсын қайта тірілтсе, нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Сол сияқты «Балауса» конкурсындағы жеңімпаз шығармалардың жинағын да жарыққа шығарып, кішкентай оқырмандарына тарту ететін кез жеткен секілді. «Мен мектепке барамын» (2009), «Біз бақытты баламыз» (2012), «Ойыншықтар әлемінде» (2013), «Алтын сандық» (2014) атты тағы да басқа балаларға арналған жеті-сегіз өлең кітабы жарық көрген ақын қызымыз Бағдат Айтмұқаева мен «Астана-Бәйтерек», «Дарабоз», «Балауса» конкурстарының жеңімпазы, «Қашан үлкен боламын?», «Тентек доп» (2012), «Күлші қане, балақай» (2014) секілді кітаптары шыққан Ернұр Сейдахмет сынды балалар әдебиетінің жас буындарын Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылдауымыз да игілікті істің нышаны болар еді. Құдайға шүкір! Балалар кітапханаларында тіршілік бар. Олар балалар жазушыларын қонаққа шақырып, «Дарабоз» конкурсының жеңімпаздары мен оқушылардың кездесулерін, «Кәусар бұлақ» және «Чистый родник» оқуларын өткізіп, осы кітаптардың белсенді оқырмандары арасында облысаралық телекөпірлер ұйымдастырып отыруды дәстүрге айналдырған. Қазақстан Жазушылар одағындағы Балалар әдебиетінің кеңесі де қарап жатқан жоқ. Осы биылдың өзінде Кеңес мүшелері екі-үш рет бас қосып, балалар әдебиетінің бүгінгі ахуалы жайлы өз ойларын ортаға салды. «Заман-Қазақстан» газетінің редакциясында өткізілген кеңестің кеңейтілген дөңгелек үстел отырысына балалар кітапханаларының қызметкерлері, балабақша тәрбиешілері, балалар әдебиетін шығарумен айналысатын баспалардың басшылары мен тәжірибелі ұстаздар қатысып, бүгінгі күннің көкейтесті мәселелерін талқылады. Тірі адам тіршілігін жасайды. Заманымыз тыныш, басымыз аман болса, әлі талай туындылар жазылып, талай мәселелер талқылана жатар. Елінің ертеңіне, жас ұрпақ тәрбиесіне қаламының қарымымен қызмет ететін дарын иелерінің шабыт желкенін жел керней бергей.  

 Арасанбай ЕСТЕНОВ,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы, ақын.