Қапшағай жағалауында демалуға рұқсат берілді

Қапшағай жағалауында демалуға рұқсат берілді

Қапшағай жағалауында демалуға рұқсат берілді
ашық дереккөзі
Бүгін облыстың бас санитар дәрігерінің карантинді күшейту жөніндегі жаңа қаулысы шықты. Алматы облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, бұрын енгізілген шектеулер сол күйінде сақтала беретіні айтылған. Тек туристік нысандардың жұмысына жаңа талаптар қойылды. Осылайша Ақши ауылындағы отбасылық амбулаторияда келген туристерді және ауырған жергілікті халықты ПТР-тестілеуден өткізу үшін көшпелі автозертхана ашу тапсырылған. Автозертхана барлық қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етілуі тиіс. Сондай-ақ қала және аудан, ауыл әкімдері, туристік базалар, демалыс орындары аймаққа кірер тұста дезинфекциялық туннель орнатып, әр рейстен кейін көлік дезинфекциясын ұйымдастыруы тиіс. Жүргізушілерге гигиена үшін тиісті жағдай жасалуы керек. Демалушылардың үйіне қайтқанға дейін нысан аумағынан шығып, дала кезуіне тыйым салынады. Қызметкерлер мен демалушыларда дене қызуы жоқ па, ауырып қалмады ма – соның бәрін күн сайын тексеріп отыру қажет. Ал 100 адамнан аса турист келетін нысандарда медқызметкер мен изоляторы бар медпункт міндетті түрде болуы тиіс. Одан бөлек, Қапшағай су қоймасы жағалауына, Іле ауданындағы Жетіген ауыл округіне апаратын автожолдағы мобильді постар алынады. Балаларды сауықтыру орталықтары мен мектеп жанындағы лагерьлер әзірге жұмыс істемейді. Бұл қаулы 12 маусымнан бастап күшіне енді.