Студенттік білім беру несиесі - білім алудың ыңғайлы жолы

Студенттік білім беру несиесі - білім алудың ыңғайлы жолы

Студенттік білім беру несиесі - білім алудың ыңғайлы жолы
ашық дереккөзі
Болашаққа бағытталған мүмкіндік Жастардың сапалы білім алып, бәсекеге қабілетті болуы – бүгінгі күннің басты талабы. Сондықтан, білім беру саласы әрқашан басты назарда. Балалардың білім алуы үшін білім беру саласында жыл сайын жаңа өзгерістер орын алып отырады. Білім жүйесіндегі қазақстандықтарға берілген оңтайлы мүмкіндіктер де жоқ емес.

Білім алуға қаражат жинақтауды бүгіннен баста!

Өзіңді және отбасыңды қар­жылық тұрғыдан қауіп­сіз­дендіру үшін бар мүмкіндікті пайдалана отырып, қаражат жинақтауды және оны ұлғайтуды үйрену қажет. Мұндай мүмкіндікті ел азаматтарына Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі ұсынады. Аталмыш жүйе арқылы әуелі қаражат жинақтап, кейін оны көбейтуге және нәтижесінде қалаған оқу орнында білім алуға болады. Сәйкесінше, Банктен жылдық 14 пайыз мөлшерінде сыйақы мен мемлекеттен жыл сайын 5-7 пайыз мөлшерінде сыйлықақы алу есебінен Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің табыстылығы 19,5 пайыздан басталады. Нәтижесінде, білім беру жинақтау салымдарының көмегімен жоғары оқу орындарында оқу шығыстарын 30-40 пайызға қысқартуға мүмкіндік бар. Соңғы бес жылда Қазақстан­ның жоғары оқу орындарында оқу ақысы аса көтеріле қоймағандығын ескерсек, бұл отбасылық бюджет үшін қомақты үнем. Айта кетер жайт, білім беру жинақтау салымдары ұлттық валютада ғана ашылады. Өйткені қазақстандықтар жалақыны теңгемен алады және Қазақстандағы жоғары оқу орындарында оқу ақысы ұлттық валютада төленеді. Сонымен қатар, Үкімет жаңа ақша-несие саясатының іске асырылуымен, яғни айырбас­тау курсының «еркін жүзу» тәртібіне көшуіне байланысты айырбастау курсын өзгертуден халыққа келетін шығыстарды төмендету мақсатында депозит иелеріне курстық айырманың орнын толтыруды шешті. Сондай-ақ, Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйе­сі сияқты мемлекеттік бағдарла­малар бойынша жинақты мақсатына сай пайдалану, яғни оқуды төлеу үшін оны бірінші жылдың ішінде алу мүмкіндігімен қамтамасыз ету шешілді. Жай депозиттер бойынша бірінші жылдың ішінде арнайы шоттан ақшаны алу мүмкіндігі қарастырылмаған. Оның үстіне, білім беру жинақтау салымдары 10 млн теңгеге дейінгі сомада Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорымен қорғалған. «Қазақстан Халық банкі» АҚ, «Цеснабанк» АҚ және «Нұрбанк» АҚ Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне қатысушы банктер болып табылады. Білім беру жинақтау салымын ашу үшін оған алдымен 3 АЕК – 2016 жылы 6363 теңге мөлшерінде бастапқы жарнаны енгізу қажет және кейін оны өз қалауы бойынша толықтырып тұруға болады. «Қазақстан Халық банкі» АҚ-да ғана минималды бастапқы жарна 15000 теңгені құрайды, одан кейін салымды кез келген уақытта, бірақ кемінде 10000 теңге сомасында толықтырып тұру керек. Күн сайын қатысушы банктерде 10-нан астам жаңа білім беру жинақтау салымы ашылады. Егер 2013 жылы барлығы 700 білім беру жинақтау салымы ашылған болса, бүгінгі күнгі жағдай бойынша салымшылардың саны 15 мыңнан асады.

Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі

 Қазақстанда 2013 жылдан бастап Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі қызметін бастады. Жүйе Қазақстан Республикасының әр азаматына өзінің атына немесе баласының атына білім беру жинақтау салымын ашып, оны болашақта Қазақстанның және шет елдердің колледждері мен жоғары оқу орындарында оқудың ақысын төлеу үшін жұмсауға мүмкіндік береді. Жүйенің операторы – «Қаржы орталығы» АҚ. Бүгінгі таңда 15 мыңға жуық білім беру жинақтау салымы ашылды. Білім беру жинақтау салымына жүйеге қатысушы банктен ай сайын жылдық 10 пайыз сыйақы мен жыл сайын мемлекеттен 5 немесе 7 пайыз сыйлықақы есептеледі. Білім беру жинақтау салымының артықшылықтары: 1)Мемлекет сыйлықа­қы­    сына табыс түрі ретінде салық салынбайды; 2)Білім беру жинақтау салымдары 10 млн теңгеге дейін қазақстандық салымдарды кепілдендіру қорының нысаны болып табылады; 3)Минималды бастапқы жарна – 3АЕК (2016 ж. 6363 теңге); 4)Жинақтау мерзімі – 20 жылға дейін; 5)Мемлекеттің атынан ҚР Білім және ғылым министрлігі «Қаржы орталығы» АҚ-ның 100 пайыз кепілдігімен банктен білім беру кредитін алу мүмкіндігі бар. Білім беру гранты тағайындалған салымшының құқығы: жинақты мемлекет сыйлы­қа­қы­сымен бірге алу; ақшаны басқа баланың атына аудару; білімнің басқа деңгейлерін алу үшін жинақтауды жалғастыру. Білім беру жинақтау салымын ашу үшін қажетті қадамдар: 1-қадам – Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне қатысушы банктердің бірін таңдау. 2-қадам – Білім беру жинақтау салымын ашу. 3-қадам – Бастапқы жарнаны енгізу.  

Студенттік білім беру несиесі

Бұл – Қазақстанның колледждері мен жоғары оқу орындарында білім алудың ыңғайлы жолы. Бүгінде ҰБТ тапсырған көптеген талапкерлер «Егер білім грантын ала алмасам, не істеймін?», «Колледжде және ЖОО-да оқу үшін ақшаны қайдан табамын? Оқуға қалай төлеймін?» деген сұрақтармен бас қатыруда. Шешімсіз жағдай болмайды. Сондықтан, бұл мәселенің де шешімі бар, ол – білім беру несиесі. Әрине, білім грантын талапкерлердің барлығы бірдей иелене алмайтыны белгілі. Өйткені гранттардың саны шектеулі, ал оған үміткерлер қатары өте көп. Осыған орай, мемлекет грантқа өтпегендер үшін мемлекеттің кепілдігімен білім беру несиесін алуға жағдай жасап отыр. Мұндай кепілдікті Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне қарасты Қаржы орталығы береді. Білім беру несиелері жүйесін енгізу және дамыту – талапкерлер үшін білім алуды жеңілдету амалдарының бірі. Бұған қоса, студенттердің оқуды бітіргеннен кейін лайықты жұмысқа тұрып, несиенің сомасын өтеу үшін жақсы оқуға ынтасы да күшейеді. Мемлекеттің кепілдігімен ұсынылатын кредиттер әлдеқайда қолжетімді шарттарда беріледі. Кредиттің сомасы шектеусіз, бастысы – барлық оқу кезеңі үшін оқудың құнынан аспауы тиіс. Тағы бір маңызды жайт, оқу кезеңіне және оқуды бітіргеннен кейін жарты жылға негізгі қарыз сомасын өтеу бойынша мерзім ұзартылады, яғни жеңілдік кезеңі беріледі.  

Әсел МАҚСАТҚЫЗЫ