Жер Комиссиясының жұмысы көшпелі отырыстарға ұласпақ

 

Өткен аптаның соңында Жер реформасы жөніндегі комиссия үшінші рет бас қосып, алдыңғы жиында айтылған ой-пікірлер мен ұсыныстар өз жалғасын тапты. Бұл жолы талқыға түскен тақырып – жерді шетелдіктерге жалға беру я бермеу мәселесі. Үшiншi басқосуға комиссияның 75 мүшесiнiң 62-сi қатысып, 33 адам сөйледі. Айтылған пікір сан алуан. Жиынның басы апта бұрын құрылған 4 жұмыс тобының бір жұмада не тындырғанын тыңдаумен басталды. Алдымен жұмыс тобының жетекшісі Ақылбек Күрішбаев сөз алып: «Егер де біз жерді меншікке берумен қатар, жалға беру институтын жалғастырсақ, жалға алушының сол жерде алаңсыз жұмыс істеуіне барлық мүмкіндіктер болады. Олар жерді жалға алады, ертең 49 жылы аяқталғасын ары қарай жалғастыратын мүмкіншілігі болады. Яғни, жалға алушыны ешкім де жерді сатып ал деп мәжбүрлемейді. Бұл ереже елімізде жерді қайта бөлуді туындатпайды, сонымен қатар жерді жекеменшікке сатып алуға мүмкіндігі жоқ азаматтарға тиімді әрі әлеуметтік әділеттік ұстанымдар сақталады. Бұл нұсқа бойынша ауыл шаруашылығына арналған жерлердің басым көпшілігі жалға беріліп, мемлекеттің меншігінде қалады деген ойдамыз. Бұның себебі, қарапайым әрі түсінікті», – деді. Бұдан әрі топ жетекшісі жерді дамыған мемлекеттерге жалға берудің мән-маңыздылығына тоқталды. «Ауыл шаруашылық техникасын өзімізде шығаруға мән беру керек. Жылына біз 70 млрд теңгеге шетелден ауыл шаруашылығы техникасын сатып аламыз. Одан кейін, яғни жылына біз шетелден 25 млрд теңгеге пестицид сатып аламыз. Демек, осы саланы қолға алуымыз қажет. Бұл ретте тиімділікке қол жеткізуге жол ашылады», – деді А. Күрішбаев. Бұған қоса, Қазақстандағы ауыл шаруашылығы жерлерін бақылауда жер инспекторлары жеткіліксіз екендігін де маңызды мәселелер қатарына қосты ол. «Бізде жерді тексеретін инспекция дұрыстап жұмыс істеу керек. Қазақстан бойынша 100 млн гектар жеріміз бар дейміз ғой, соны қадағалайтын 217 ғана инспектор қызмет етуде. Мәселе, Ақмола облысында 12 жер инспекторы жұмыс істеп жүр, яғни олар ауылшаруашылығына арналған 10 млн гектар жерді тексеруі тиіс, соның ішінде 5 млн гектар егістік жер бар. Осы ретте Көкшетаудағы 12 инспектор екі көлікпен мұнша ауқымды жерді қалайша тексере алады. Инспекторлар санын көбейту қажет және олар әрбір ауданда болуы тиіс», – деді жұмыс тобының жетекшісі.

Комиссия отырысында Құқықтық бағыт­­тағы жұмыс тобының жетекшісі Мұхтар Тайжан да баяндама жасап, сөз басында бұқаралық ақпарат құралдарында «Ақмола облысы мен Алматы облысының әкімдері жерді Қытайға жалға беру туралы келісімшартқа қол қойды» деген ақпарат тарағанын айтты. Бұл мәселеге қатысты жауапты әкімдерден алу қажеттігін айтқан комиссия төрағасы, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бақытжан Сағынтаев: «Алдағы уақытта комиссия мүшелерінің өңірлерге сапары барысында облыс әкімдері ашығын айтсын: қол қойылды ма, сатты ма? Осы мәселе әкімдерге тікесінен қойылады. Қағазбен сұратқаннан гөрі осы дұрыс», – деді. Ал Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов Қазақстан мен Қытай арасында ауыл шаруашылығы саласының келісімдерінде жерге, оны өңдеуге қатысты ешқандай шарт жоқ екендігін айтты. Оның айтуынша, келісімшарт негізінен қазақстандық ауыл шаруашылығы тауарын Қытайға жеткізуге бағытталған жеңілдіктерді қамтиды. Осыған байланысты Қытай тарапынан арнайы комиссия да келген екен. «Жалпы Қытай мал өнімдеріне, органикалық өнімдерді сатып алуға қызығады. Одан неге бас тартуға тиіспіз? Кәсіпорындарымызды аралады, өздерінің нарығына қаншалықты сатуға болатынын тексерді. Сосын осы шараларды реттеу үшін біз Қытаймен келісімге келіп отырмыз, алайда онда жерге, жерді өңдеуге қатысты ешқандай да баптар қамтылмаған», ̶ деді А. Мыр­зах­метов. Бұл ретте министр бұған дейінгі қол қойылған келісімшарттардың барлығы да жалпы сауда-саттық бағытында екенін атап өтті.

Өз кезегінде Ауыл шаруашылық министрі жалдағы жерлер туралы ақпараттарды да тілге тиек етті. Оның айтуынша, 20 жылға дейінгі мерзімге берілген жер небәрі он пайыз. Ал 25 жылдан 49 жылға дейін берілген жерлер саны – 90 пайыз немесе 236 мың 771 гектар. Жиын барысында шетелдіктермен бірігіп ашылған кәсіпорындар туралы да сөз қозғалды. Министрдің сөзіне қарағанда, шетелдіктермен біріккен кәсіпорындардың біразы Қазақстанға қайтарылған. «Қазіргі күні Малайзиямен, Біріккен Араб Әмірліктерімен, Ливан өкілдіктерімен бірлесе құрылған кәсіпорындар ісі соттың қарауында қаралып жатыр. Бұлар да Қазақстанға қайтарылуы мүмкін. Бұның өзі шетелдіктерге, біріккен кәсіпорындарға қойылатын талаптардың жоғары екендігін көрсетеді», – деді А.Мырзахметов.

Ал Мәжіліс депутаты Владислав Косарев Қазақстанда ауыл шаруашылық техникаларын шығаруға бет бұратын кез келгендігін айтты. «Біз Канададан әкелінген техникамен мынадай ұланғайыр жерімізде ауыл шаруашылығымызды көтере алмаймыз. Өзімізде техника шығара бастау қажет. Оған мүмкіншілігіміз бар. Сондықтан да ауыл шаруашылық техникаларын шығаруды бастау қажет деп санаймын», – деді ол. Мәжілісменнің сөзіне қарағанда, Қазақстан әр уақытта да ауыл шаруашылық техникаларын шығаруда жетекші көрсеткішке ие болған. Оның сөзіне сенсек, Кеңес үкіметі кезінде 36 млн гектар шабындыққа 550 мың трактор болған еді. Ал бүгінде 180 мың трактор ғана бар көрінеді. Оның 130 мыңы 14-15 жыл бұрын шығарылған ескі техникалар. Ал Мәжіліс депутаты Жексенбай Дүйсебаев 188 млн гектар жайылымы бар Қазақстанда мал өрісі таршылыққа ұрынып отыр деген пікірде. «Қазір ауылды елді мекендерде мал бағатын жер қалмады деген сөз жиі естіледі. Бұндай мәселенің орын алуы да заңдылық, өйткені, елімізде «Жайылымдар туралы» заң жоқ. Егер ондай заң болса қазір көтеріліп жатқан мәселелер азаяр еді», ̶ деді депутат. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін бір топ депутат заң жобасына бастамашылық жасаған. Соған байланысты Жексенбай Дүйсебаев комиссия мүшелерінен ұсыныстар күтетінін жеткізді.

Бұдан бөлек, депутат жерді тиімді пайдаланудың тетігі ретінде оған меншіктің енгізілуі керектігіне де назар аудартты. «Өкінішке қарай, Қазақстанда 100 миллионнан астам гектар жер қолданыссыз қалып, айналымға енбей отыр. Неге? Өйткені, қаражат жоқ. Қаражат болмаған соң жаңа технология да келмейді, еңбек өнімділігі де артпайды, өнім де шықпайды. Сондықтан да, ондай технологияны сырттан алмасақ, қайдан аламыз? Осыны ойланайық», – деді ол.

Ал Қуаныш Айтаханов Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласындағы инвестиция басқа салаларға қарағанда 23 есе төмен деген ақпарат таратты. Сенатордың айтуынша, ауыл шаруашылығын тиісті деңгейде дамыту агроөнеркәсіпті дамыту үшін мемлекеттік бағдарлама құру керек. Ал бағдарламада ауыл шаруашылығы техникасын шығарудан бастап, оның өнімдерін өңдеп, дамыту, экспорттау мәселесін қарастыру ләзім. Бұл ретте депутат салаға бағдарламамен қоса тиісті инвестицияның қажеттігін де айтты. «Түсініксіз жайттар көп әрине. Мәселен, ауыл шаруашылығына басымдық беретін жеңіл көлікті дамыту саласына неге қаржы көп бөледі. Бізде керісінше, басты сала ауыл шаруашылығы деп бәріміз айтамыз, ал инвестиция салынып жатқан жоқ. Бұл саладағы инвестицияның көлемі, басқа салаларға қарағанда 23 есе төмен. Басқа елдермен салыстырғанда да қолдау өте төмен», – деді Қ.Айтаханов. Оның сөзіне қарағанда, ауыл шаруашылығын өркендету үшін «Жайылым туралы», «Қосалқы шаруашылықты дамыту туралы» заңдарды қабылдамай жер реформасын толықтай шешу еш мүмкін емес. Жиында қойылған басты сұраққа әркімнің жауабы сан түрлі. Жерді шетелдіктерге сатуға болмайды, бірақ шетелдікке жалға беру мәселесін ойланған жөн дейтін комиссия мүшесі Кенжеғали Сағадиев: «Жалпы әлемдік тәжірибеге қарасақ, ешбір мемлекет шет елдіктерге жерін сатып жатқан жоқ. Ондай болған емес. Бір ақпарат бойынша дамыған елдерде бар, алайда мұның пайызы тым төмен, аз ғана. Ешкім сатпайды десек те болады. Яғни, шет елдіктерге Қазақстанның жерін сатуға болмайды», – деді К. Сағадиев. Ал егер жер жекеге сатуға беріген жағдайда ақпараттың жариялылығы мен анықтығын кім бақыламақ деген сұрақтың жауабына Дос Көшім: «Біздің тобымызда осы комиссиядағы көзқарас айтылды негізінен. Екі ұсыныс бар: біріншісі, жер сатылмасын. Екіншісі, жер белгілі шарттармен сатылсын деген. Кім қанша жер сатып алды, ол кім? Егер бұл мемлекеттік құпия болмаса, халық оны білуі керек», – деді Д.Көшім. Бұл ретте комиссия мүшесі жерді сатып алудың барысында жіберілген олқылықтарының өзі жеке мәселе ретінде қарауды қажет ететіндігін айтты. Жиын барысында сөз алғандардың ішінде Мырзатай Жолдасбеков те бар. Ол өз сөзінде алдымен жердің меншіктік мәселесіне жіті назар аудару басты мәселе екендігін ескертті. Оның айтуынша, бұрыннан қазақта жер меншігі деген болған, дәстүрмен сіңген. «Қарапайым халық жерге қатысты заңнан қорқып отырған жоқ, жер төңірегіндегі заңсыздықтан қорқып отыр. Опық жеп қалды. Сатылса, баяғы байығандар алады деп ойлайды. Бұндай қорқыныш та бекер емес. Екіншіден, біз халықтың арасындағы түсініспеушілікті ушықтырмауымыз керек. Бұған жіті қарауға тиіспіз», – деді М. Жолдасбеков.

Ал комиссия мүшесі, ақын Мұхтар Шаханов жиында Қазақстандағы экономикалық ахуалды, оның ішінде елдің сыртқы қарызын жіпке тізіп, бұл мәселені басшылық қалай шешеді деген ортақ сауал тастады. Ақын, сонымен қатар жер мәселесіне елдегі аралас некедегі адамдардан келетін қауіпті де ескеруді ұсынды. Жиында айтылған сан түрлі ұсыныстар мен талап-тілектер алдағы уақытта тағы да қайта іріктеуден өтіп, ортақ ұсыныс ретінде даярланбақ. Үшінші отырыс қорытындысы нақты бір шешіммен аяқталған жоқ. Комиссиядағы құқықтық жұмыс тобының жетекшісі Мұхтар Тайжан мәселені оңтайлы шешудің бірден-бір жолы, елге шығып, шаруалармен келісе отырып, жұмыс істеу екенін айтты. «Бiз әзiрше бiр пiкiрге келген жоқпыз. Осындай маңызды шешiмді 75 адам жиналып қабылдағанымыз дұрыс болмас. Өңiрлерге барып, халықтың пiкiрiн тыңдап, түсiнiп, жинап, ұсыныстарымызды беремiз», – деген Мұхтар Тайжанның ұсынысын өзге комиссия мүшелері де құптады. Яғни 4 топ та әзірге шешім шығаруға асықпады. Енді нақты шешім халық арасына шығып, жұрттың пікірін білу барысында айқындалмақ. Жиынды қорытындылап, БАҚ алдында мәлімдеме жасаған Үкімет басшысының орынбасары, комиссия жетекшісі Бақытжан Сағынтаев: «Келесі отырысты біз өңірлерге шығудан бастаймыз. Көшпелі отырыста жетпіс бес адамның барлығы бір өңірге жиналмайды. Бөлініп, топ-топпен халықты аралап, пікірлесеміз. Бір топты мен, екіншісін Мұхтар Абырарұлы, үшіншісін Асқар Мырзахметов басқарып бармақ», – деді Б.Са­ғын­таев. Алдағы уақытта комиссия арнайы кесте бойынша бір айда өңірлерді аралап, Астанада қайта бас қоспақ. Алдымен көшпелі отырыстың басы Ақмола облысынан бастау алады. Комиссия тек облыс орталықтары мен қалаларда шектелмей, ауылдық елді мекендер мен шекаралас аймақтарға да табан тіремек. Комиссия мүшелерімен өтетін аймақтық жиындарға шаруа қожалықтары, белсенді азаматтар, тұрғындар да қатыса алады.

 

Еркежан ЖҰМАТАЙ

Астана қаласы

Back to top button