Жаңалықтар

Елордада қанша дәрігер коронавирус жұқтырғаны белгілі болды

ашық дереккөзі

Елордада қанша дәрігер коронавирус жұқтырғаны белгілі болды

Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова шаһарда қанша дәрігер коронавирус жұқтырғанын айтты.  Оның айтуынша, бас қаламызда 330 медицина қызметкерінен індет анықталған. "Қалада барлығы 330 медицина қызметкері індетке шалдықты. Олар Нұр-Сұлтандағы барлық медициналық мекемелердің қызметкерлері: республикалық, қалалық, ведомстволық", – деді басқарма басшысы. Соның ішінде қалалық денсаулық сақтау басқармасына қарасты медициналық ұйымдардың 200 қызметкері вирус жұқтырған. Сондай-ақ, елордадағы ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында 40 адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Індетке шалдыққан қызметкерлер профилактикалық мақсатта жүргізілген тексеріс кезінде анықталған. Соңғы дерек бойынша, елордада 2 620 адам коронавирус жұқтырды. Қалада ем қабылдаған науқастардың 1 829-ы дертінен айықты. Он төрт науқас көз жұмды. Айта кетейік, бұған дейін Нұр-Сұлтанның бас санитарлық дәрігері қалада карантин шаралары қайта күшейтілетінін мәлімдеген болатын. Жанна Пралиеваның айтуынша, тұрғындардың санитарлық талаптарды сақтамауының кесірінен елордада эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мүмкін болмай тұр.