Нұр-Сұлтанда карантин шаралары қайта күшейтіледі – Бас санитар
Нұр-Сұлтанда карантин шаралары қайта күшейтіледі – Бас санитар
Елордада карантин қайта күшейтіледі. Бұл туралы қаланың бас санитарлық дәрігері Жанна Пралиева мәлімдеді.
"Науқастар саны ұлғайған жағдайда, мен бас санитар дәрігер ретінде эпидемиологиялық ахуалды бағалай отырып, коронавирустың одан әрі таралуына жол бермес үшін карантиндік және шектеу шараларын қатаңдату туралы шешім қабылдауға мәжбүрмін", – деді Ж.Пралиева.
Ол тұрғындардың санитарлық талаптарды сақтамауының кесірінен астанада эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мүмкін болмай тұрғанын айтты.
Бас санитар қала тұрғындары мен қонақтарын халық көп жиналатын орындарға бармауға, карантин талаптарын сақтауға, өзінің және өзгелердің денсаулығына қауіп төндірмеуге шақырды.
Еске сала кетсек, кеше вице-премьер Ералы Тоғжанов індетке шалдыққандар саны артқан өңірлердің әкімдеріне карантин шараларын күшейту мәселелерін қарастыруды тапсырған болатын.
Соңғы дерек бойынша, елордада 2 620 адамнан коронавирус анықталды.
Ал республика бойынша індет жұқтырғандар саны 13 872-ге жетті. Науқастардың 8593-і емделіп шықты. Дерті асқынған 67 адам қайтыс болды.