Астана инвесторлар үшін тиімді ынтымақтастық алаңы болмақ

Астана инвесторлар үшін тиімді ынтымақтастық алаңы болмақ

Астана инвесторлар үшін тиімді ынтымақтастық алаңы болмақ
ашық дереккөзі
Бүгінде әлем көз тіккен Астана қаласы қаржы орталығына айналып келеді. Оған бірден-бір дәлел – соңғы жылдары құрылысы қарқынды жүрген қаланың ел бюджетіне құйған үлесі қомақты. Мұнда қазір шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысамын деген кез келген адамға қолайлы орта мен тиімді мүмкіндік қарастырылған. Жақында Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен өткен Президент жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің 29-шы жалпы отырысы «Астана» халықаралық қаржы орталығы» тақырыбына арналды. Оған Қазақстан және шетелдер тарапынан Кеңес мүшелері, ірі кор­порациялардың, мүдделі мем­лекеттік органдардың басшылары, Қазақстанның іскерлік орта өкіл­дері қатысып, пікір алмасты. Ал қатысушыларға арнаған сөзінде Елбасы: «Кеңес өзінің құрылған сәтінен бастап кеңейе түсті, құрамы өзгерді, бірақ негізгі ұстыны сақталды. Мұны Қазақстанға халықаралық биз­н­ес қоғамдастығының қызығу­шы­­лығы арта түскенін, біздің елге ұдайы келіп жатқан шетелдік инвес­тиция ағынының молая түске­нін көрсететін заңды үдеріс деп санай­мын», дей келе, Астанада халықаралық қаржы ұйымының құрылуы еліміз үшін аса маңызға ие екендігін баса айтты. «Биыл күзде қаржы орталығы орналасатын – ЭКСПО-2017 көрмесінің құрылыс жұмыстары аяқ­та­лады. Соған қарамастан, биылдан бастап біз «Астана» атты халық­аралық қаржы орталығын іске қосатын боламыз. Аталған орта­лық ЭКСПО аймағында орнал­а­са­ды. Оған қажетті барлық заң­на­малық негіздер бар. Қазір біз аталған жобаны іс жүзінде қолға алуды бастап отырмыз. Бұл – ыңғайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру жолындағы біздің кезекті қадамымыз. Аталған орта­лық шетелдік инвестициялар мен озық білімнің ошағы бола алады деп сенеміз», – деді Н.Назарбаев. Демек, АХҚО инвестициялық капитал тарту және қаржылық тәсілдер саласындағы инновация­лар орталығына және Еуразияның «қаржы қақ­пасына» айналатын күн алыс емес. Таяу арада Астана қаласы іскерлік, мәдени және ғылыми орталық ретінде да­мып, жаңа әуежайды қоса алған­да, заманауи халықаралық көлік-логистика жүйесіне ие бол­мақшы. Бір айта кетерлігі, орталықтың қатысушылары мен қызметкерлері салық төлеу­ден босатылады. Олар үшін жеңіл­детілген виза және еңбек режимі қолданылады. Жетекші қаржы орталықтарымен арадағы тіке­лей әуе қатынасымен қатар, Астана да әлемдік қаржы орта­лық­тары тізбегіндегі авиациялық хаб қатарынан көрінуі әбден мүмкін. Сондай-ақ Елбасы биылғы жиын әлем эконо­микасы үшін күрделі кезең­де өтіп отырғанына тоқталып: «Жаһандық эко­но­­микалық тұрақсыздық жағ­дайында былтырдан бері Қазақ­стан экономикасының өсімі де ай­тарлықтай баяулады. Бұған ел­­дің негізгі экспорттық тауар­лары бағасының төмендеуі, негіз­гі сауда серіктестеріміздің ұлттық валюталарының әлсіреуі және нарықтағы ахуалдың нашарлауы әсер етті. Біз дереу эко­номиканы жаңа жағдайға бейім­деу бағытындағы ауқымды жұ­мыс­ты бастап кеттік. Соның ал­дын­да экономиканы әртарап­тан­ды­руды көздеген бағытқа, құры­лым­дық реформалар жүргізу­ге және әлеуметтік тұрақ­ты­лық­­ты қамтамасыз етуге баса ден қо­й­ыл­ды», – деді. Әрине, қазір елімізге келіп жатқан инвес­тиция үшін қолайлы жағдай жасау маңызды. Мәліметтерге сүйенсек, Дүниежүзілік банк, ЕҚДБ, АДБ, ИДБ сияқты қаржы ұйымдарымен ынтымақтастық бағдарламалары аясында таяудағы 5 жылда кәсіп­керлікті, қаржы секторын, инф­рақұ­рылымды, электр энерге­тикасын дамыту, сондай-ақ, инсти­туттық реформалар жүргізу үшін елге 9 млрд долларға жуық инвес­тиция келеді. Сонымен бірге, ин­дустрияландыру бағдар­ла­ма­сына қолдау көрсету үшін 10 млрд долларға жуық көлемде шетелдік инвестиция тартылмақшы. Әрі биыл барлық өңірлерде ин­ве­с­тор­ларға «бір терезе» қағи­даты бойынша қызмет көрсету секторлары ашылып, «инвес­ти­циялық омбудсмен» институты, инвесторлар тарту мәселелері жө­ніндегі үкіметтік және өңірлік кеңестер құрылды. Егер 2015 жылы визасыз режимдегі елдер саны 35 болса, 2017 жылдан соң ол 54-ке жеткізіледі. Тағы бір тілге тиек етерлік жайт, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін қолданылатын шикізат пен материалдарды импорттау кезінде қосылған құн салығынан босату түріндегі салықтық жеңілдіктер енгізілуде. Ал Жоғарғы Сот жанынан дауларды қарастыру үшін ірі инвесторлардың қатысуымен маман­дандырылған алқа құрылып жатқан жайы бар. Орталықтың тәуелсіз соты жария­лылыққа, әділеттілікке және инвесторлардың, бизнестің құқықтарының қорғалуына кепіл­дік беретін болады. Мұнда бедел мен сенімге ие болған халық­ара­лық судьялар жұмыс істеуге келеді. Бизнес ахуалды жақсарту үшін тәуелсіз қаржылық реттеуші – АХҚО комитеті құрылмақшы. Оған жоғары білікті кәсіпқой мамандар тартылады. Әсіресе, білім мен технология транс­фертін қамтамасыз ететін тәжірибелі шетелдік қыз­мет­кер­лермен қатар, әлемнің жетекші университеттерінде, соның ішінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алған жоғары білімді қазақ­стандық мамандарды да тарту көзделген. Бүгінде 40 мыңға жуық студент шетелдердегі жоғары оқу орындарында дайындықтан өтуде. Сондай-ақ, жыл сайын 500-дей таңдаулы маманды даярлап отырған Астанадағы жаңа халықаралық университетті ерекше айтуымыз керек. Алқалы басқосуда Елбасы Н.Назарбаев құры­лымдық реформалар аясында Қазақстанда жекешелендірудің және экономиканы мемлекет иел­і­гінен алудың жаңа кезеңі басталып кеткенін қаперге салды. «Біз мемлекеттің экономикаға қатысу үлесін азайту және жеке сектордың аясын кеңейту жөнін­де ауқымды науқан ұйым­дас­тыруды жоспарлап отырмыз. Тізбеге тау-кен және металлургия, мұнай өндіру, энергетика, көлік және байланыс салаларындағы кәсіпорындардың мемлекеттік жиынтық акциялары, инфрақұры­лым­дық нысандар, т.б. енгізілді. Қазақстандық және шетелдік инвесторларға әділетті нарықтық баға бойынша ак­тивтерді беруге қойылатын шек­теулерді алып тастайтын заңна­малық өзгерістер қабылданды. Қор нарығына акцияларды шығару және ашық бәссауда ұйымдастыру жекешелендірудің негізгі тетіктері болады. Бұл – инвесторлар үшін өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдетудің керемет мүмкіндігі болмақ», – деді Қазақстан Президенті. Елбасы АХҚО қыз­метінің экономикалық нәти­ж­елері тікелей шетелдік инвес­ти­циялар ағыны есебінен ішкі жалпы өнім өсімінің жеделдеуі арқылы көрінуге тиіс екендігіне назар аударып, ел экономикасы үшін орта­лық құрудан және оның өңір­лік экспанциясынан түсетін қоры­тынды жиынтық пайда таяудағы 10 жылда 40 млрд долларға жуықтауы мүмкін екенін жеткізді. Бұдан бөлек, АХҚО аясында 2 мыңнан астам мамандандырылған жұмыс орын­дарын ашу жоспарланған. Сол сияқты орталық­тың базасында жер қойнауын пайдаланушылар үшін Торонто биржасы үлгісіндегі алаң қалыптас­тыру көзделіп отырғанын, онда әрбір компанияның өз жобасын дамыту үшін капитал тартуына болатынын атап өтті. Ең бірін­ші міндет экономикаға инвес­тиция тарту, отандық қаржы секторын әлемдік ауқымдағы бәсекеге қабі­летті салаға айналдыру екені дау­сыз. «Былтыр Нью-Йоркте, Лондонда, Парижде, Бейжіңде, Катарда ірі кәсіпкерлермен келіс­сөз­дер жүргізгенде, бәрі АХҚО-ны құруды қолдады, Қазақстанға инвестиция салу және осында бизнес жасау жөнін­дегі келісімдерге қол жеткіз­ілді. Бұл да осы жобаның перспек­тивалы екендігіне деген сенімді арттыра түседі. Шетелдік серік­те­стердің біздің өңірге деген қызығушылығын ескере отырып, Шетел инвес­торлары кеңесі мүше­лерін орталықты құруға және оның жұмысына белсене қатысуға, шетелдерде оны ілгері­летуге және шетелдік қаржы инсти­тут­тарымен өзара тиімді қарым-қаты­насты жолға қоюға септесуге шақы­ра­мын», – деген Елбасы респуб­ликамыз үшін таяу он жылдағы негізгі міндет экономикалық даму­дың әлемдегі 30 дамыған елдің қатарына қосылу мақсатына жетуге мүмкіндік беретін мүлде жаңа моделін қалыптастыру екенін тілге тиек етті. Ал бұдан соң сөз алған Еуропа Қай­та құру және Даму банкінің пре­зиденті Сума Чакрабарти «Астана» халықара­лық қар­жы орталығын құру жобасы өте маңызды және өзекті болып отырғанын жеткізді. «Өткен жылғы жиында біз ауыл шаруашылығы саласы жөнін­де біраз пікір алмасқан бола­тын­быз. Сол кезде ЕҚДБ жеке­мен­шік сектордың компания­лары­на қолдау көрсетуге және қазақ­­стан­дық агробизнеске жаңа инве­с­торларды тартуға дайын екен­ді­гін айтқан едім. Өткен жылы Қазақ­стан­ның ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өнімдерін шыға­руға 120 млн еуродан астам инвес­тиция құйылды. Бұл – ЕҚДБ үшін де, Қазақстан үшін де үлкен жетістік. Жалпы, бұл банк Қазақстан экономикасына 700 млн еуродан астам қаржы құйды. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі уақытта Қазақ­стан – біз жұмыс істейтін 36 на­рық­тың ішіндегі 4-ші ірі нарық», – деді ЕҚДБ президенті. Ал «Citigroup» компаниясы­ның Еуропа, Таяу Шығыс және Африка елдеріндегі бас атқарушы директоры Джеймс Коулз «Астана» халықаралық қаржы ор­талығы Қазақстанға инвес­тициялық климатты жақсартуға, халықаралық ұстанымдарды бекі­туге, капиталды тарту әлеуетін кеңейтуге және 2050 жылға қарай, «30 әлемдік экономикалар» құра­мына кіруге жол ашады» деген пікірін білдірді. Ол «Қазақстан – «Citigroup» үшін маңызды нарық. Біз – Қазақстанның қаржылық сек­торындағы ірі жаһандық ойын­шысымыз және осы елдегі же­тек­ші инвесторлардың біріміз. Біз­дің мамандарымыз Астананы қосқанда, 6 қалада белсене жұ­мыс атқаруда. Сонымен қатар, біз­дің компания Лондондағы, Дубай­дағы және Сингапурдегі қар­жы орталықтарымен әріптестік байланыста. Бүгінге дейінгі тәжі­ри­беміз мұндай халықаралық қар­жы орталықтарының табысы адам, инфрақұрылым және капи­тал секілді 3 маңызды факторға тікелей тәуелді екенін көрсетті», – деді. Еліміз­де атқарылған жұмыстар жөнін­де баяндама жасаған Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев ағымдағы жылы 30 шетел­дік инвестордың Қазақстанда жаңа өндіріс орнын іске қосатындығын, әлеуетті инвестицияның жал­пы көлемі 40 млрд доллардан асатын өңдеу өнеркәсібіндегі шетелдік инвесторлардың 200-ден астам бастамасы белсенді қарас­тырылып жатқанын назарға салды. Бүгінде трансұлттық компания­лар­мен жұмыс істеу барысында 40 бастама қолға алынған. Ми­нистр­дің хабарлауынша, әрбір трансұлттық компания бойынша шаралар жос­пары бар, оларға бақы­лау жүргізіліп отырады. Қазір белсенді 200 жобаның 60-тан астамы – агроөнеркәсіптік кешен аясында жұмысқа кіріскені аян. Ал «Астана» ХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов Елбасының АХҚО құру бас­т­амасы – Қазақстандағы өте маңыз­ды реформалардың бірі екенін қадап айтып: «АХҚО-да ин­вес­торлар үшін барлық жағ­дай жасалады. Яғни, олар бір­қатар салық түрлерінен 50 жылға дейін босатылады. Әрі инвестор­ларға виза жағынан жеңіл­дік­тер қарастырылады. Сондай-ақ, АХҚО-да заманауи технологиялық инфрақұрылым қамтамасыз етіледі», – деді. АХҚО базасында Торонто бир­жасы үлгісіндегі жер қойнауын пай­даланушыларға арналған алаң құру жос­парланып, онда әрбір компания өз жобасын дамыту­ға капитал тартатын болады. Бұдан бөлек капиталдың өтімділігін арттыру мақсатында АХҚО биржасында «ұлттық чемпиондарға» ІРО өт­кізу және акцияларын жария орн­алас­тыру арқылы тартымды квази­мем­лекеттік компанияларды жеке­шелендіру жайы қолға алынбақшы. Егер тарихқа үңілер болсақ, ірі халықаралық қаржы орталықтары бар елдердің экономикалық көр­сеткіштері де жоғары болып келеді. Бұл бір жағынан, қазір­гі заманғы экономиканың ілгері­леуін­де қаржылық сектордың үлкен рөл атқаратынын көрсетеді. Кез келген халық­аралық қаржы орталығы үшін өңірлік деңгейдегі дамы­ған орталыққа айналу, инфра­құры­лымды құру және тиімді заң­намалық режимді қалыптастыру белгілі бір уақытты қажет ететіні анық. Астана халықаралық қаржы орталығының мақсат-мүддесін саралаған отырыста Қазақстанның бәсекелестік артықшылықтарын барынша пай­далану, адами капиталды дамы­ту және жеке сектордың басым­дығының рөлін арттыру қажеттігі кеңінен сөз болды. Ал Елбасы келесі кездесу тақырыбын «Жаңа энер­гетика» деп атауды және оны ЭКСПО көрмесі ұйымдастырылатын кезде Астанада өткізуге ұсыныс жасады.   Динара Мыңжасарқызы