Медициналық қалдықтарды жоюдағы қитұрқылық
Медициналық қалдықтарды жоюдағы қитұрқылық
Елімізде жылына 20 мың тонна медициналық қалдық жиналады, бірақ толық жойылатынына кепілдік аз
Қоршаған ортаға төнетін қауіп аз емес. Табиғи апаттардан бөлек адамның қолымен жасалып жатқан қиянат қаншама. Соның бірі – медициналық мекемелерден шығарылатын қауіпті қалдықтар. Соңғы бірнеше жыл көлемінде медициналық қалдықтарды қалалардың маңына шығарып тастау деректері жиі тіркелуде. Ал мұның адам денсаулығы мен қоршаған ортаға кері әсері оның заңға томпақ келетінін ескермей жүргендердің жазасы қандай болмақ?Қауіпті қалдықтарға кім жауапты?
Жуырда Көкшетау қаласының маңынан аса зиянды, шашылып жатқан медициналық қалдықтар табылды. Аумақты мұқият тінтіп шыққан құқық қорғау қызметкерлері шашылып жатқан қауіпті қалдықтардың арасындағы қолданылған ине, дәрі-дәрмектердің Ақмола облыстық онкологиялық ауруханасына тиесілі екенін анықтады. Қала маңына жақын жерге төгілген қажетсіз заттардың арасында жарамсыз төсектер, медициналық дәрі-дәрмекке арналған ыдыстар, екпе құралдары, дәрі-дәрмектер оралған қораптар және басқа да медициналық заттар бар. Ал Ақмола облыстық онкологиялық аурухананың басшылығы бұл жағдайға әлгі қалдықтарды тасымалдаған жалдамалы көліктің иесі кінәлі дегенді айтады. Әлбетте, мұндай олқылыққа медицина мамандарының да, мекеменің де, өзге жауапты азаматтардың да жол беруге ешқандай құқығы жоқ. Себебі ҚР Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 24 ақпандағы № 127 бұйрығы бойынша, Б және В дәрежелі медициналық қалдықтарды арнайы бекітілмеген орындарда өртеуге тыйым салынған. Рұқсат етілмеген жерге қауіпті қалдықтардың төгіліп, өртелуі қылмыс болып саналады. Ал мерзімдері өткен немесе дәрі-дәрмектердің қалдығын жоюмен тазалық мамандары мен экологтар айналысуы тиіс. Өйткені дәрілердің қалдығы мен қолданылған инелердің ішінде қалған заттар ауаға тарап, артынша тыныс алу жолдары арқылы улануға дейін әкелуі ықтимал. Көкшетаудағы тіркелген жағдайдан кейін БАҚ өкілдері Алматыдағы Көз аурулары институтынан шығарылатын медициналық қалдықтардың қала іргесіндегі ауылдардың маңына төгіліп, сонда өртелетіндігін анықтады. 31-телеарнаға хабарласқан Алматы облысына қарасты Іле ауданы, Қараой ауылының тұрғындары шаһардағы медициналық мекемелерден шығарылған қауіпті қалдықтардың өз аумақтарына төгілуі денсаулықтарына кесірін тигізетінін айтып дабыл қаққан. Әлгі медициналық қалдықтардың қатарында хирургиялық кабинеттен шығарылған материалдар, қолданылған мақталы тампондар, екпе құралдары, инелер, пайдаланылған медициналық құтылар болуы мүмкін. Тіпті, кейбір қалдықтар жұқпалы аурумен ауырған науқасқа тиесілі болуы ықтимал. Мұндай жағдайда оның кері әсері де еселене түспек. 2014 жылдың соңғы айында Ақтау қаласының тұрғындары дабыл қаққаны есте. Қаланың қақ ортасынан шашылып жатқан қауіпті медициналық қалдықтардың қоқысы табылып, денсаулығына алаңдаған жұрт мәселені дер кезінде шешуді талап етіп, тиісті орындарға хабар берген. Қоқыс алаңы 23-24-ші шағын аудандардың арасындағы аумақта орналасқан. Экологтар да мұндай қоқыстардың адам денсаулығы мен қоршаған орта үшін аса қауіпті екендігін үнемі қатаң түрде ескертіп отырады. Кейін анықталғандай, Ақтау орталығынан табылған қолданылған шприцтер, түтіктер, егу құралдары, қан жағылған инелер, қаптаған таблеткалар мен дәрілік бұйымдар тәртіпке сай жойылмаған екен. Ал аталған медициналық құрал-жабдықтар мен шприцтердің қандай адамға және қандай жағдайда қолданылғаны бізге беймәлім. Десек те, медициналық мекемеден шыққан қалдықтың адам денсаулығына кері әсер ететіні сөзсіз. Ал өткен жылдың ақпан айында дәл осындай жайт қызылордалықтардың зәре-құтын қашырды. Тұрғындар Қызылорда облысының Қазалы ауданы аумағында медициналық қалдықтар тасталғанын көріп, ақпарат құралдарына хабар берген. Арнайы пеште өртелуі тиіс, қатерлі індеттерді емдеуге пайдаланылған препараттардың адамдарға жақын маңда шашылып жатуы нағыз сорақылық болатын. Ал мұны көдерімен көрген қарапайым жұрт осыдан соң ауру тарай ма деп үрейленген. Өйткені қалдық үйілген жер тура ауылдың іргесі. Әрі қоқыс төгілген аумақ төрт түліктің жайылымы еді. Экологтар елді мекеннен таяқ тастам жерден табылған бұл қоқыстардан түрлі зиянды химиялық заттар бөлінеді деп дабыл қаққан ол кезде де. 2015 жылдың наурыз айы. Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы, Ақсу елді мекеніндегі жол бойына медициналық қалдықтар тасталғандығы туралы хабар тарады. Үйіндінің арасында артоксан және дипроспан секілді бірнеше препараттың құтысы да болған. Дәл қасындағы бұлақ суы ауылдың ортасымен сылдырлап ағады. Ал препараттардың қалдықтары зиянды химиялық заттар бөлетінін ескерсек, қоршаған ортаға қаншалықты залал келетіні айтпаса да түсінікті. Біз санамалап шыққан жайттар тек ақпарат құралдарының назарына іліккендері ғана. Ал күн сайын медициналық мекемелерде қаншама науқасқа ота жасалып, қаншама сырқатқа ем-дом көрсетілетіні аян, яғни, күн сайын сыртқа шығарылып жатқан қауіпті қалдықтар аз емес. Күн сайын кез келген қала маңындағы аумақтарда қоршаған орта мен адам денсаулығына қауіпті медициналық қалдықтардың төгіліп, өртеліп жатпасына кім кепіл?! Өкінішке қарай, қазір мұндай заңсыз әрекеттің алдын алу мүмкін болмай тұрған секілді. Медициналық қалдықтардың ауыл-аймақтардың маңына төгілуі қоршаған ортаға да, адамзат баласына да аса қауіпті екенін қарапайым халық та жақсы түсінеді. Бірақ медициналық қалдықтарды адамдар тұрып жатқан аймақтарға төгетін мекемелер мұны ескермей жүрген тәрізді. Жалпы, медициналық мекемелерден шығарылатын қауіпті қалдықтарды зарарсыздандыру және жою істерімен арнайы орталықтар айналысады. Ондай компаниялар тендерге қатысып, өзіне бөлінген қаржыны пайдалана отырып, медициналық қалдықтарды утилизациялау жұмыстарын өздері атқаруы тиіс. Қалдықтарды шығаратын медициналық мекеме мен оларды зарарсыздандыратын компания арасындағы келісімшартта осылай көрсетіледі. Ал медициналық мекеме өздерінен шығарылатын қалдықтар қалай зарарсыздандырылатынын бақылап отыруға міндетті емес. Ал мемлекет бұл іске тендер арқылы миллиондаған қаржы бөледі. Ондағы мақсат – ел тұрғындары қауіпті медициналық қалдықтардың зардабын тартпасын деген тілек. Ал қазынадан бөлінген қомақты қаржыны қалтасына басатын көптеген жауаптылар бұл жағын назардан тыс қалдыруда. 2010 жылы елімізде «Медициналық қалдықтарды жинауға, зарарсыздандыруға, сақтауға, тасымалдауға және көмуге қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар» санитарлық-эпидемиологиялық нормалары мен ережелері бекітілді. Бұл құжатта көрсетілген талаптар мен ережелерді орындауға жеке және заңды тұлғалардың барлығы да міндетті. Ереже бойынша медициналық қалдықтарды сақтау-тасымалдау және жою мақсатында алып кеткенге дейін арналған жабдықталған үй-жайларда, контейнерлерде медициналық қалдықтарды ұстамау, нысананың жауапты адамдары осы санитарлық ережедегі үлгі бойынша журналда медициналық қалдықтардың санын және сапасын күнделікті есепке алуға, медициналық қалдықтарды көлік құралдарына тиеген сәттен бастап белгіленген жерде оларды қабылдағанға дейін тасымалдауды жүзеге асыратындар олармен жұмыс істегенде қауіпсіздік шараларын сақтауға тиіс. Ал медициналық мекемелерден шығарылған мұндай қалдықтар су өткізбейтін қағаз қаптарда, пакеттерде, металл немесе пластмасса контейнерлерде жиналады. Сонымен қатар, аталмыш құжат медициналық қалдықтарға қатысты біршама әрекеттерге тыйым салады. Мәселен, арбаларды басқа мақсатта қолдануға, жинау, зарарсыздандыру, сақтау, тасымалдау кезінде әртүрлі кластағы қалдықтарды араластыруға, контейнерлерді – электрқыздырғыш аспаптарға жақын қоюға, қалдықтарды қолғапсыз жайғастыруға рұқсат жоқ.Не істеу керек?
БҰҰ Даму бағдарламасының соңғы жылдардағы деректеріне сүйенсек, жыл сайын Қазақстандағы медицина мекемелерінде 20 мың тоннадан астам қалдық жиналады екен. Оның басым бөлігі аса қауіпті болып саналады. Сондықтан медициналық қалдықтардың басым бөлігі өртеу арқылы жойылады. Негізі, утилиаторлар барлық қалдықтарды 1200 градуста өртейді. Одан қалған күлді осыншама градустан асырып тағы да қыздырады. Одан кейін арнайы машинада содамен араластырып жуады. Содан кейін ғана өртелген қалдықтардың күлі қауіпсіз болып есептеледі. Мәселен, 100 келі медициналық қалдықтан небәрі 6 келі ғана күл қалады екен. Ал қалдықтардан қалған күлді қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына апарып көмеді. Бүгінде медициналық қалдықтарды жоюдың ең қауіпсіз жолы осы болып саналады. Бірақ жоғарыдағы тіркелген жағдайларға назар салсақ, бүгінгі күні медициналық қалдықтардан келетін қауіп пен зиян мол болып тұрған тәрізді. Қазіргі уақытта өртеу процесі арнайы қондырғыларда атқарылмайды. Ал қалдықтардың күлі қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына апарып көмілуі де сирек жағдай. Мұның бәрі атмосфераның улы заттармен ластану деңгейін күшейтіп, елдегі экологиялық ахуалдың нашарлай түсуіне ықпал етеді. Оның үстіне, күн сайын елімізде қанша медициналық қалдық өртеліп жатқаны туралы нақты мәлімет жоқ, оған мониторинг жүргізілмейді. Медициналық қалдықтардың басым бөлігі аса қауіпті заттар санатына жатқызылған. Инфекцияланған қалдықтарды қарапайым қоқыс жәшіктерге тастауға мүлдем тыйым салынған. Алайда мұны ескеріп жатқандар аз. Қалдықтарды елді мекендердің айналасына төгіп тастап, тендерден алған қаржыларын қалталарына салып, тайраңдап жүргендер жетіп артылады. Ал зардап шегуші – тағы да сол аймақтардың қарапайым тұрғындары. Қазақстан Республикасы ауыр органикалық ластандырғыштар бойынша Стокгольм Конвенциясының мүшесі. Сондықтан, 2014 жылы Қазақстанда медициналық қалдықтарды тиімді пайдалану және Өткір органикалық қалдықтар туралы Стокгольм конвенциясы міндеттемелерін орындау жөніндегі ұлттық жоспарды жаңарту жобасы іске қосылған болатын. Бұл жоба медициналық қалдықтар мен сынапты басқару саласындағы кедергілерді жойып, жағдайды бағамдауға, медициналық қалдықтарды қауіпсіз жолмен жоятын ең үздік технологияларды таңдап алуға мүмкіндік беретін бастама ретінде таныстырылған. Бірақ бастаманың нәтижесі шамалы болып тұр. Өткен жылы қауіпті медициналық қалдықтарды жою мәселесін қарастырған шығысқазақстандық мамандар да жаңа бастама көтерген. Мамандар медициналық қалдықтарды жою үшін арнайы пеш қолдану керектігін алға тартқан еді. Олар ұсынған құрылғы арқылы медициналық қалдықтар зарарсыздандырылса, қоршаған ортаға да ешқандай зиян келмейді. Шығысқазақстандықтардың бұл түйткілге терең үңіліп қарамасқа амалы жоқ. Өйткені былтырдың өзінде бұл аймақта 1,2 млн келіден астам медициналық қалдық жиналыпты. Қазір медициналық қалдықтарды жою дүние жүзі бойынша өзекті мәселе. Қазақстанда да бұл түйткілдің түйінін тарқату оңайға соқпай тұр. Қалай десек те, қауіпті медициналық қалдықтарды жоюға жауапты мамандар жауапкершілікті сезінуі тиіс. Олай етпеген жағдайда, еліміздің экологиялық жағдайына да, халқымыздың денсаулығына да төнген қауіптің сейілуі қиын.Әсел ӘНУАРБЕК