Селфиді құлай «сүйгендер»
Селфиді құлай «сүйгендер»
Өткен аптада әлемнің 80-нен астам елінен келген 5000 делегаттың басын қосқан Астана экономикалық форумына танымал қытайлық миллиардер Джек Ма да келді. Форумның пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде қытайлық кәсіпкер алдағы 30 жылда ғаламдық желі әлемді танымастай өзгертетінін айтты. Оның пікірінше, өткен ғасырдың 80 жылдарынан бері дүниеге келген 1,8 миллиард адам «интернет буынын» құрайды және олар қоршаған ортадан үнемі жаңашылдықты күтеді. Ғаламтор жаңа ғасыр адамының ажырамас серігіне айналғаны рас. Ол қоғамның күнделікті тыныс-тіршілігін ғана емес, ұстанымдары мен құндылықтарын да түбегейлі өзгертті. Өкініштісі, ғаламдық желінің шекарасы кеңейген сайын интернет-тәуелділік дейтін індет асқынып барады. Бүгінде оның «селфимания» атты қоздырғышын жұқтырғандар саны тым көп.
Қытайдағы Alibaba Group компаниясының негізін қалаушы және директорлар кеңесінің төрағасы Джек Маның интернет ғасырының болашағы туралы пікірін Астана экономикалық форумында сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та қолдады. Президент аға буын өкілдерін ғаламтор ғасырында тәрбиеленген жастарға түсіністікпен қарауға шақырды. «Бүгін Джек Ма 80-ші жылдан бері 2 миллиардқа жуық адам өмірге келгенін айтып өтті. Олар – «Интернет балалары». Жаңа буын. Аға буын өкілдері интернет ғасырында тәрбиеленген жастарға түсіністікпен қарап, кедергі келтірмеуі керек», – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы ғаламдық желіні, ақпараттық технологиялардың шексіз мүмкіндігін пайдалану арқылы жеке кәсібін дөңгелетіп, өз қалтасын ғана емес, мемлекет қазынасын да молайтуға септігін тигізіп жүрген жасампаз жастарды меңзегені анық.
Интернетті белсенді қолданатын жастардың қатары күн сайын артып келе жатқанына қарап, олардың арасында ғаламдық желі ұсынатын мүмкіндіктерді игілікті іске пайдаланғысы келетіндер көбейді дегенге сенгің-ақ келеді. Алайда әлеуметтік зерттеулер олардың басым бөлігі желіден көңіл көтерер қызық, іш пыстырмайтын ілік іздегендер екенін көрсетуден танар емес. Ең өкініштісі, әлеуметтік желіге жіпсіз байланып, біреудің суретіне «лайк» басып, біреудің жазбасына пікір жазумен уақытын текке өткізіп жүргендер жетерлік. Жуырда Media System компаниясы Brand Analytics сервисі арқылы Қазақстандағы әлеуметтік желі қолданушыларының арасында зерттеу жүргізген болатын. Белсенді қолданушы ретінде айына кем дегенде бір рет хабарлама жариялаған адамдар алынған. Компанияның мәліметінше, қазақстандықтар ең көп кіретін әлеуметтік желі – «ВКонтакте», мұнда 1,945 миллион қолданушы белсенді. Олар бір айда шамамен 45 миллион хабарлама жариялайды. «ВКонтакте» әлеуметтік желісін пайдаланатындардың 53,8 пайызы ер адамдар болса, 46,2 пайызы – әйелдер. Зерттеу нәтижесінде бұл әлеуметтік желіде көбіне 18 жасқа дейінгі жастар отыратыны белгілі болды. Елімізде «ВКонтактеден» кейінгі кең қолданысқа ие әлеуметтік желі – Instagram. Бұл сервисті Қазақстанда 1,336 миллион адам қолданады. Олардың көбі, яғни 71,9 пайызы – әйелдер болса, қалған 28,1 пайызы – ер адамдар. «Мой мир» желісін 155,3 мың қолданушы пайдаланса, олардың 59,5 пайызы – әйел адамдар, қалған 40,5 пайызы – ерлер. Бұл желіде белсенділік танытатындардың дені –25-34 жас аралығындағы қазақстандықтар. Сонымен қатар, 35-44 жас аралығындағылар да бұл желіні жиі пайдаланатыны анықталды.
[caption id="attachment_10876" align="alignnone" width="1024"] ????????????????????????????????????[/caption]
Ал Facebook-тің атағы желі қолданушылар арасында ғана емес, интернетті қолданып көрмеген егде кісілер арасында да кең жайылған. Бұл әлеуметтік желіні Қазақстанда 125,8 мың адам қолданады. Олардың 60,3 пайызы – әйелдер. Негізгі аудиториясы, яғни Facebook желісін қолданатындардың 45,4 пайызы – 25-34 жас аралығындағылар. Media System компаниясының зерттеуінде Facebook-та 18-ге толмағандар мүлде «отырмайды» деп көрсетілген. Алайда бұл желідегі достарымыз бен парақшамызға жазылғандардың арасында мектеп оқушылары көп екенін ескерсек, мұның жаңсақ дерек екеніне көз жеткізуге болады. 55 жастан асқан қолданушылардың да өз суреттерін жүктеп, күнделікті атқарған ісі туралы виртуалды достарына «есеп» беріп отыратынына қарап, Facebook-ті нағыз жас талғамайтын желі деп атауға негіз бар.
Әлеуметтік желі: біреуге – еңбек, біреуге – ермек
Әлеуметтік желіден әркімнің іздегені әр басқа. Белгілі блогер, IT-маман Аршат Ораздың пікіріне сүйенсек, адамдардың әлеуметтік желіні қолдану мақсатын үш топқа бөлуге болады: «Ең әуелі – байланыс. Бұл санаттағы адамдар желіні маркетингтік, сараптамалық, зерттеулік немесе жай ғана дос-таныстармен хат-хабар алмасу үшін қолданады. Әлеуметтік желінің басты функцияларының бірі де осы. Екіншісі – ақпарат. Ақпаратты алу, бөлісу, тарату, жарнама жасау, құлақтандыру, хабарландыру, қоғамдық пікір қалыптастыру, пікірталас жүргізуді көздейтіндер бар. Әлеуметтік желі қолданушыларының саны көбейген сайын бұл функцияның да маңызы артып келе жатыр. Өйткені, желілер түрлі мақсаттағы ақпараттарды қоғамға тез жеткізудің тиімді жолы. Бұған арандату мақсатындағы ақпарат та кіретінін ескерсек, желінің басты бақылауға алынуы тиіс тұсы – осы. Яғни, қадағаланбаса әлеуметтік желілер түрлі мақсаттарда үлкен қару болғалы тұр, болып жатыр да. Үшіншісі – психология. Бұл адамның ішкі қажеттілігін, яғни «эгоны» қанағаттандырудың ең қолайлы әдісі. Қоғамда өз орнын таба алмай, ойларын ашық жеткізуге мүмкіндігі яки батылдығы жетпей, көпшіліктен оқшауланып жүретін жандар үшін керемет құрал. Әлеуметтік желілерді пайдалану арқылы олар өздерін басқаша сезіне бастайды. «Лайк» жинау, пікір жазу, селфи жасау немесе құнды деп санайтын ойларын бөлісу арқылы ішкі «эгосын» қанағаттандырады. Оффлайн өмірде жасай алмағанын онлайнда жүзеге асырғысы келеді. Бірақ тым асыра пайдалану – психологиялық дертке соқтыруы мүмкін. Сондай-ақ, желіге тәуелділік арқылы қоғамнан одан сайын алшақтатуы да ықтимал. Қалай дегенде де интернет және әлеуметтік желілер қазіргі қоғам тіршілігінің ажырамас бөлшегі. Тек қолдану барысында дұрыс пайдалануды және шектен шықпауды қадағалаған жөн», – дейді маман. Өкінішке қарай, желіге жіпсіз байланғандар шет пен шек дегенді ұмытып бара жатқандай. Әсіресе Instagram өз қолданушыларын бұрын-соңды құлағымыз естіп, көзіміз көрмеген түрлі ессіздікке итермелеуде. Мәселен, осы желідегі достарын сәтті селфилерімен таң-тамаша еткісі келген франкфурттық бозбала 2014 жылы ота арқылы өз қолын 38 см-ге ұзартқаны есте. Көп ұзамай өнертапқыштар алыстан селфи жасауға мүмкіндік беретін таяқша – моноподты ойлап тапты. Әйтпесе, тым жақыннан түскен суреттеріне көңілі толмаған 17 жасар жігіттің қылығын өзге замандастары да қайталағысы келер ме еді, кім білсін? Өйткені селфи Instagram-ға бас сұқпаса көңілі көншімейтін жастардың жаңа дертіне айналды. Оның не екенін бүгінде еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін біледі. Ағылшынның «self» (өзім) сөзінен шыққан селфи – гаджеттер арқылы адамның өз-өзін түсірген суреті, яки автопортреті. 2013 жылы бұл ұғымның кең тарағын соншалық, «selfie» ағылшын тілінің Оксфорд онлайн-сөздігіне енгізіліп, «жыл сөзі» атағына ие болды.Селфи – психикалық ауытқушылық
Жастар арасында өзін-өзі суретке түсіруге деген құштарлықтың шектен тыс артып бара жатқаны психологтардың алаңдаушылығын тудыруда. Жуырда АҚШ-тың Adobo Chronicles психиатриялық ассоциациясы селфиге әуестікті ресми түрде адам психикасының ауытқушылығы деп жариялады. Ассоциация басылымында жарияланған мақалада жаңа дерттің атауы «selfies» деп көрсетілген. «selfies – обессивтік-компульсивтік бұзылу (латынша obsessio – қоршау, меңдету, obsessio – құлай берілу, барын салу, compello – мәжбүрлеймін, compulsio – ықтиярсыз көндіру), яғни үнемі өзін суретке түсіріп, оны әлеуметтік желілерге салып отыру, сөйтіп өзіне жетіспеген құрмет-қошеметтің орын толтыру» деп түсіндірді басылым. Қарапайым тілмен әдіптер болсақ, селфи – өзгелерге қайта-қайта «Мен тартымдымын ба? Шынында керемет емеспін бе? Рас деңдерші!» дегендей, құптауды қалап тұратын, беймазалық жағдайдағы жүйке тозуының бір түрі, яғни, мақтанға ұрыну дерті. Психологтардың пікірінше, сәтті шыққан суреттерін әлеуметтік желілерде жариялап отыру өзін-өзі әсіре бағалаудың нәтижесі. Суретінің астында қойылатын әрбір «лайкты» селфи авторы мадақ, жетістік, жеңіс деп санайды. Уақыт өте келе бұл мадақтар өмірлік қажеттілікке айналғанын байқамай қалуы мүмкін. «Лайктың» кезекті «дозасын» қабылдамаса, бірдеңе жетіспей тұрғандай өзіне-өзі орын таба алмай психикалық тұрғыдан күйзеліске түсетін көрінеді. Селфидің індет екеніне көзімізді жеткізген тағы бір мысал – өткен жылдың наурыз айында Mirror басылымы жариялаған 19 жастағы Дэнни Боуманның басынан кешкен оқиғасы. Ол өзін-өзі күніне 200 рет суретке түсіріп, келбетіне көңілі толмай, ақыр соңында өзіне қол салмақ болған. «Дэнниге обессивтік-компульсивтік ауытқушылық деген диагноз қойылды. Бұл – өте үлкен түйткіл», – дейді психиатр Дэвид Вэйл. Маманның айтуынша, оның қабылдауына келген үш пациенттің екеуі – заманауи технологияның дамуынан туындаған күйзеліске ұшырағандар. «Селфиге деген құштарлық Тайланд денсаулық сақтау саласының мамандарын да мазалап отыр. «Әлеуметтік желіде жарияланған суретіне тым көп уақыт бөлу, оны бақылап отыру, кімнің қарағанын, кімнің қандай пікір жазғанын, сондай-ақ қанша «лайк» жинағанын қадағалау – бұл үлкен түйткілдің белгілері», – дейді Тайландтағы Психикалық денсаулық сақтау департаментінің маманы. Дәрігердің пікірінше, бұл мәселе болашақта адамның миы мен жүйкесіндегі түрлі түйткілдерге ұласуы мүмкін.Желідегі жұртты таңғалдырам деп ажал құшты
Селфиге тәуелділік дертке ғана емес, өлімге апарып соққанын да талай рет естідік. Өзін-өзі суретке түсіремін деп қатерге бас тіккен талай жас қапыда көз жұмды. Өткен аптада сондай суыт хабардың бірі Мәскеуден жетті. 21 жастағы бойжеткен тапанша ұстаған сәтін суретке түсіремін деп абайсызда өзін-өзі атып жіберген. Полиция өкілдерінің хабарлауынша, бойжеткен ұялы телефондағы түймені басамын деп тапаншаның шүріппесін басып жіберген. Оқ оң жақ самайдан тиіпті. Оқиға Мәскеудегі жеке фирмалардың бірінде болған. Тапаншаны сол ғимаратты күзетіп тұрған сақшы тастап кеткен көрінеді. Дәл осындай қайғылы жағдай мамыр айының басында Үндістанда да орын алған еді. 15 жасар жасөспірім селфи жасаймын деп әкесінің револьверімен абайсызда өзіне оқ жұмсады. Тапаншаны самайына тақап тұрып, қайталанбас кадр жасамақ болғанда, қол шүріппеге тиіп, атылып кеткен. Әртүрлі халықаралық ұйымдардың мәліметтері бойынша, 2015 жылы селфи жасаудың 27 оқиғасы қайғылы аяқталған. Қаза тапқандардың жартысы үндістандықтар екені белгілі болды. Жан түршіктірер оқиғалардың бірі – Уттар-Прадеш штатындағы теміржол бойындағы үш студенттің өлімі. Олар жақындап келе жатқан пойызбен бірге өздерін суретке түсіргісі келген. Суреттің сәтті шығуы үшін барын салған жігіттер пойыздың жақындағанын байқамай қалған. Сөйтіп Дели қаласынан Агруаға қарай жолға шығып, атақты Тәж-Махал кесенесіне барғысы келген үш дос қыршынынан қиылды. Жұрттың бәрін таңғалдыратын суретке түсу үшін тас жол үстіне жатқан түркиялық студенттердің де ессіз әрекеті қайғылы жағдаймен аяқталған. Антальяға Аланиядан демалуға келген 5 жігіт қайтар жолда асфальт үстінде жатып, селфиге түспек болған. Жолда өтіп бара жатқан жүк көлігі жігіттерді көрмей, екеуін басып кеткен. Қалған үшеуі ажал аузынан әзер құтылған. Қайтыс болған жігіттердің бірі 17-де, екіншісінің жасы 19-да. АҚШ азаматшасы Колетт Мореноның түбіне селфи жетті. 26 жастағы ару үйлену тойынан бір күн бұрын, құрбыларымен демалуға жолға шығады. Құрбысы Эшли екеуі көлікпен жүйткіп келе жатып селфилетумен болады. Бір кезде құрбысы көліктің рөліне ие бола алмай, қарсы беттегі жолға шығып кетіп, жол апатына ұшырайды. Бұл ажал құшқан сұлулардың соңғы селфиі болатын. 2014 жылы Португалияға демалуға барған ерлі-зайыптылардың қайғылы өлімі ғаламтор арқылы бүкіл әлемнің назарына ілікті. Әйелі мен күйеуі биік жартастың шетінде өз-өздерін суретке түсіріп тұрып, аяқтары тайып кетіп, балаларының көзінше жардан құлап өлді. О дүниеге қол ұстасып кеткен жұптың ұлы мен қызын айықтыру үшін психиатр дәрігерлерге ұзақ уақыт бойы ем жүргізуге тура келді. Кәмелеттік жасына жарты ай қалғанда Санкт-Петербургтің сүйкімді бойжеткені Ксения Игнатьева да селфидің құрбаны болды. Өзін Питердің көрікті жерлерінде суретке түсіріп, әлеуметтік желілерде жариялауға әбден әуестеніп алған ару хоббиін одан әрі жетілдіріп, достарын таң қалдыру үшін биік көпірдің жақтауына шығып, құс қанатты селфи жасамақшы болғанда, аяғы тайып кеткен. Төмен қарай құлдилап бара жатып жалаңаш қолымен электр желісіне жармасқан қызды қуаты күшті электр тоғы аяған жоқ. Оң-солын танып үлгермеген, балалығы мен шалалығы басылмаған жастар ғана емес, әлеуметтік желінің желігіне ұрынған аға буын өкілдері де соңғы уақытта өз-өзін жөн-жосықсыз суретке түсіріп, барған жерін, ішкен асын, киген киімін жарнамалаудың шеберіне айналғанына куәміз. Әсіресе, мағынасыз селфилерін желіге сәт сайын тықпалай беретін ел ағаларының сүйкімі кетіп барады. Олардың әр ісінен үлгі алатын жастарды жаман әдетке үйір қылатындарын ескермейтіні өкінішті. КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері Адлан Вараевтың басына түскен қайғылы жағдай кез-келгеннің басына түсуі мүмкін екенін қаперге алған жөн. Ресейдің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Аргун таулы өзенінің аңғарындағы шатқалда өзін суретке түсірмекші болғанда, төменге қарай құлап кеткен еді. 54 жастағы палуанның денесін іздеуге Шешенстан төтенше жағдайлар министрлігінің 200-ден астам қызметкері мен жүздеген еріктілер қатысты. Осы оқиғадан кейін Ресейдегі «Қауіпсіздік үшін» қоғамдық ұйымының ел мектептерінде «қауіпсіз селфи» пәнін факультатив ретінде оқыту туралы ұсынысы қолдауға тұрарлық бастама екеніне көптің көзі жетті. Қоғамдық белсенділер оқушыларға селфи жасаудың қауіпсіз әдістерін үйретіп, сондай-ақ өз-өзін суретке түсіруге деген құштарлық дертке айналып бара жатқан жағдайда не істеу керектігі туралы кеңес беруге дайын екендіктерін жеткізген. Олар тақырыптық пәндерді өткізу үшін психологтар, полиция қызметкерлері мен кәсіби фотографтарды тартуға ниетті. Әзірге елімізде селфи жасауға әуестік қайғылы жағдайға жеткізген жоқ. Десе де, қауіпсіздік үшін бізге де осындай сақтық шараларын қолға алған жөн. Әйтпесе, сәтті сурет үшін түрлі ақымақтық жасауға даяр жандар біздің арамызда да жетерлік. Бұл мәселеге Қазақстанның бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлының назар аударуы селфи дейтін сырқаттың қоғамға кері әсері көбейгенін аңғартса керек. Бас мүфти жуырда жастарды селфи сынды зиянды әрекеттермен әуестенбеуге шақырды. «Шариғатта қоғам мен адамға зиян келтіретін әрекеттермен айналысуға, өзін-өзі жариялауға тыйым салынады. Селфи жасаймын деп адамдар үйдің шатырынан құлап, пойыздың астына түсіп, өз-өзіне және өзге адамдарға зиян келтіреді. Сондықтан жастарды зиянды істермен айналыспауға шақырамыз. Ислам діні селфиге тыйым салмайды. Дегенмен игілігінен залалы басым әрекеттерден аулақ болған жөн»», – деді бас мүфти сәуір айында өткен баспасөз мәслихатында. Әр басқан қадамын қалт жібермей суретке түсіріп, әлеуметтік желіде жариялап отыратын азаматтарды игі амалды мақтан үшін жасаудың қайырлы іс емес екенін Ерлан қажы Малғажыұлы бұған дейін де бірнеше рет ескертті. Өткен жылы мұсылман қауымның ұлық мерекесі – Құрбан айт қарсаңында бас мүфти арнайы мәлімдеме жасап, қазақстандықтардың құрбандыққа шалынған малмен бірге суретке түсіп, оны желіге жарияламауын өтінді. «Өзінің істеп жатқан игі амалы мақтан үшін болмауы керек. Бейнетаспаға түсіріп, ізгі амалды елге көрсету мақтан үшін болып кетеді. Сіз біреуге садақа берсеңіз де оң қолыңыз білсе, сол қолыңыз білмеуі керек», – деген еді бас мүфти. Әйтсе де, Instagram-ды парақтап отырып, құрбандық шалу үрдісінің бір емес, бірнеше суретін көзіміз шалды. Сойылып жатқан малдың жанында басын қылтитып селфи жасағандардың бірнешеуін көрдік. «Лайкқа» лайықты болуды бірінші орынға қоятындар азамат деген атқа лайықты болудан қалып бара жатқаны өкінішті-ақ.