Жаңалықтар

Сұлтан Шыңғысхан және Виллевальде

ашық дереккөзі

Сұлтан Шыңғысхан және Виллевальде

Биыл қазақтың айтулы ұлда­рының бірі, Ресей ар­мия­сының атты әскер генералы (қазіргі генерал-полковник дәре­же­сіне сәй­кес), әскери қолбасшы, Бө­кей ордасының билеушісі Жәңгір ханның ұлы, орданы алғаш құрған Бөкей ханның немересі Ғұбайдолла Шың­ғысхан­ның (Султан Хаджи Губайдулла Джангер-оглы князь Чингисхан) туға­нына 180 жыл толады (6.05.1840 – 28.02.1909). Ол Санкт-Пе­тер­бор­да­ғы Императорлық паж корпусын 16 жасында бітірген. Корнет және князь Ғұбай­долла Жәң­гірханұлы әуелі орыс империясы қарулы күштерінің таң­даулы бөлімінде (Оның Ұлылығы­ның лейб-гвар­диялық казак қосынында) қыз­мет етті. Сосын Орынбор генерал-губернаторы кеңсе­сінде қазақтар, баш­құрттар және қал­мақ­тар туралы істерді қарай­тын арнайы офицер болды. Одан Дон казактары ата­манының қарамағында (ротмистр),  Ресейдің Солтүстік-Ба­тыс бөлігінде қызмет етті (полковник). Орыс-түрік соғысына қа­тысты, Император Свитасы (айрықша тапсырмалар орындайтын топ) құра­мына қабылданды (генерал-майор). Империя армиясы телеграфтарын, Ішкі істер ми­нистрлігінің Телеграф департаментін, министрліктің Қазақтар мен қырым татарлары істері жөніндегі бөлімін басқарды (генерал-лейтенант, генерал-полковник), Азия проблемалары бойынша им­ператордың жеке кеңесшісі  болды. Қазақтардың империя жоғары оқу орындарында оқуына, Ақмолла ақынның түрмеден босатылуына кө­мектесті. Түркістан өлкесін басқару, 1-ші Мемлекеттік дума, оған депутаттар сайлау жайындағы заң жобаларын жасауға атсалысты. Ресей және шетел мемлекеттерінің көптеген марапат белгілерімен, ордендерімен марапатталған. Мәскеу Кремліндегі Георгий залының ақ мәрмәр қабырғасына аты-жөні ойып жазылған. Өмірінің соңғы кезеңінде опера әншісі, актриса Феодосия Велинская (1858—1931) жұ­байы болды. Велинскаяға империяның жоғарғы басшылығы күйеуі қайтыс болғаннан кейін фамилиясын Шыңғысхан деп жаз­ғызуына пұрсат берген. 1920 жылдары Феодосия Шыңғысхан ері Ғұбайдолла Жәңгірханұлының ұлттық-этнографиялық маңызы жоғары бұйымдарын музейге өткізді. Ғұбайдолла сұлтан – жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың он дәптерден тұратын «Алашия» рисәләсі кейіпкерлерінің бірі. Төменде ІІ Николай патшаның 1906 жылы алғаш шақырылған Мемлекеттік дума депутаттарына батасын беру үшін өткізген қабылдауы суреттелген төртінші дәптерден үзінді ұсы­намыз.     Генерал Ғұбаш Жәңгірханұлы генералитет (жоғары коман­далық генералдар құрамы) жиылатындай көрінген қанатқа бет алды. Сарыала киімді қолбасылар. Қарасы едәуір. Екі-үштен шоғырланып жәй әңгімелесіп тұрғандары бар, оңаша ақырын аяңдап жүргендері бар, бәрі бір қанатқа жинала бастаған. Тақала бере, жүзі таныстармен бас изеп аман­дасты. Орта тұстан тоқтады да, қайырылып, тағы төрге көз салды. Империя тағы кім-кімді де басын жоғары көтеріп қарауға мәжбүр ететін еңселі биікке орнатылған. Оған етегіндегі баспалдақпен көтерілуге болады. Баспалдақ үстіне күрең қызыл мауыты төселіпті. Он шақ­ты басқышты артқа тастап барып жететін алаңшада – империяның басты орындығы, алтындалған тақыт орнатылған. Ресей патшалығының тақыты. Аңыздық суреттермен шебер безендірілуінің арқасында ғи­ма­раттың көркемсуретпен, сәнді жапсырмамен безендірілген төбесі – плафон көкке ұласып жатқандай әсер береді. Тақыт төбенің сол елес-биіктігімен таласа бой түзеген. Арқа­лығына үлпілдеген ақ тышқан терісінен тігілген жамылғы асып қойы­лыпты. Ал тақтың үстіңгі жағында көктен төгілдіре балдахин (әшекейлі, салтанатты шымылдық) ілінген. Астынан алтындап кестеленген бүр­кіт яки сұңқар, дұрысында – бей­табиғилығымен түсініксіздеу сес көрсететін қос басты самұрық сұл­басы көзге ұрады. Түрктер тарихы біздің тарихтан көп ілгеріде басталады, бұл шындық, бұл бұлтартпас дә­лелдерді тиянақ етіп отырған ақиқат болып табылады. Петрдің ғұла­малары зерттеулерін тапсыра отырып, оған осылай депті. Сонда патша, ақиқатқа жету жолында талай тер төгілгенін танытатын қалың зерттеу еңбектің үстіне, алақанын саусақ­тарын тарбита, бар күшімен ұра тас­­тапты да: «Бұл – империя мүд­десіне жауап бере алмайтын кесірлі жұмыс. Маған мұндай ақиқаттың керегі жоқ», – депті. Қолжазбаны қос уысымен үстел үстінен жұлқа кө­теріп алып, от лаулап жатқан каминге, алауы бөлме ішінде лаулап жанып тұратын аузы ашық пешке атып ұрыпты... Содан бастап жоқтан бар жасау, орыс атын орайын келтіре аспандату қисындарын дәріптеу, сол жолда ұлы орыстан өзгенің баршасын жоққа шығарып, тұқыртып отыру науқаны айрықша қарқынмен жүргізіліп келеді... Сенімсіздік танытатын әр жайтқа байланысты саяси тұрғыда тергеп-тексеру, тыңшылық жүргізу жүйесін де бірінші болып енгізіп, мемлекетті басқару ісінің қуатты тұтқасына айналдырған да сол. Бірінші Петр. Тұңғыш император. Ұлы Петр. Ол арнайы құпия бө­лім ашты. Ел көзіне көрінбейтін астыртын құрылым түзді. Ал оны императордың бергі ұрпақтары мей­лінше дамытты... Генерал тітіркеніп кетті. Туған-туысқандарының талай бетке ұстары бұл дүниеден жұмбақ жағ­дайда көшті емес пе? Олардың құпия өлімі Ұлы Петрден бастау алатын жасырын жүйенің жымысқы ісінің салдары екеніне қазір Ғұбаш сұлтан Жәңгірханұлы Шыңғысхан еш шәк келтірмейді... Құпия полицияның астыртын әрекеттерінен алынған сабақ: тірі қалудың жалғыз жолы – тек Ресей тәжіне адал қызмет ету... Ал Россияға қызмет етуге өміріңді арнау – орыс қаруы бағындырып, орыс отары еткен өз еліңді ұмыту деген сөз емес. Сондай-ақ орыс отары­на айналдырылған өз еліңді ұмытпау – Россияға беріле қызмет етуден айну деген сөз емес... Жоқ. Ғұбайдолла Жәңгірханұлының қандастарының талай буыны Ресейді өз Отанындай көрді. Ұлы Ресейге жан-тәнімен қызмет көрсетті. Сырт жаумен жан аямай соғысып, «Россия-ана» үшін қан төкті. Мұны озық ойлы орыс адамдары білетін және дәріп­тейтін. Солай ойлауы мұң, генерал Жәңгірханов-Бөкейханов Шың­ғысханның көз алдына сонау алып қабырғаны жапқан суреттен – Полтавадағы виктория, айтулы жеңіс кескінделген картинадан әлдеқайда бедерлі де импозантты (айбынды, маңғаз, сымбатымен сұсты) полот-но – майлы бояумен салынған алып картина елестеді. Ол қазақ сарбаз­да­рының Наполеон әскерін шабуыл­даған бір сәтінен елес беретін қылқа­лам туындысы еді. Өңкей тұлпар мінген далалықтар ақбоз арғымақты жетекшілерінің соңынан қиқулата құйғытып, француз лагерін тапап барады... Өр жасақ. Ер жасақ. Ата-баба аруағымен арқаланған жігіт­тердің орыс дұшпанын түре қуысқан бір мезеті. Орыстарды өздерінің қандыкөйлек тумасына балап, орыс армиясы қатарында Наполеон бас­қыншыларына қарсы жүргізген шайқастарының, Отан соғысы майдан­дарында Ресейдің бел баласы тәрізді ұрыс салып жүргендерінің бір көрінісі. Қандай сәт, қандай ғаламат мезет сол картинада мәңгі өшпес қа­лыпта бейнеленіп қатып қалған десеңізші! Қадірменді Виллевальде қарт (1818–1903 жылдары өмір сүр­ген орыс қылқалам шебері, баталист, ресми академиялық өнер өкілі), неткен құдіретті жан едің! Қылқа­ламмен алуан бояуды осынша ойнату... Оның сексенді орталап, тоқсанда алқымдап барып дүниеден озғаны­нан бері де үшінші жылға аяқ басыпты-ау... Қайран Богдан Павлович, мықты шал, асыл адам!.. Ол Ғұбай­долла Жәңгірханұлына қарап тіл қатқанында, міндетті түрде «Султан Чингисхан» деп сөйлейтін еді. Майдан тіршілігі жайында, әсіресе қазақ сарбаздарының әрекеттерінің табиғаты туралы көп әңгімелескен­діктен бе екен, ол Ғұбаш Жәңгірха­нов – Бөкейханов сұлтанды аты-жөнімен сирек атайтын. Ылғи осылай, генералдың шыққан тегін императордың өзі мақұлдағаннан кейінгі ресми аты-жөнін, соғыста әскери жанама есімі секілденіп кеткен ныспысын «Сұлтан Шыңғысхан» деп жымия қайталап айтқанды ұнататын. Бірде Ғұбайдолла Жәңгір­ұлы жастық шағында ротмистер шенімен Дондағы казак әскерінде қызмет атқарғанын, онда өзінің тайпаластарының да көп болғанын тілге тиек еткен. Сонда Виллевальде сол кезеңге айрықша қызығушылық білдірген-ді. Казачество қатарында әскери қызмет жасаған қазақтардың өмір салты хақында көп нәрсені шұқшия сұрастырған. Себебін де айтқан. Ол өзінің Отан соғысы та­қырыбына арнаған, көркемсуретте майдан даласы бейнеленетінін білдіретін терминмен айтқанда, бата­лиялық жұмыстарында Наполеонды астанасы Парижге дейін тықсырыс­қан жеңімпаз киргиз, яғни қазақ жасақтарын да бейнелемекші екен. Сол мақсатпен, сонау 1812 жыл нау­қаны жөнінде нешеме естелік, күн­делік оқыды, сонда да солардың қасында Сұлтан Шыңғысханның өз туыстары жөніндегі әңгімесі бір төбе көрінеді. Құрметті профессордың мұн­дай ағынан жарылуы тебірентерлік жәйт-тін. Жәңгірханұлы оған бірі башқұрт, енді бірі ноғайбақ, келесісі киргиз, яғни қазақ аталып кеткен қандас майдангерлер туралы көп әңгіме айтты. Кутузов әскеріне өзінің атасы Бөкей ханның да Ішкі ордадан қазақ атты сарбаздары қосындарын жібергенін сөз арасына қыстыра кетті. Француздарды түре қуып, Еуропа төсінде ат ойнақтатқан, сөйтіп Париж шеруінен аман орал­ған сарбаздар мол-ды. Ресей туы астында жасалған ұлы жорықтан келгеннен кейін, олардың көпшілігі талай жыл Дон, Орынбор казак әс­керлері қатарында қызмет еткен еді. Соғыстағы ерліктері үшін патша ағзам атынан түрлі лауазым, марапат, сый алған болатын. Кейін бір­қатары орыс арасында қалып, пра­­­вославие шіркеуіне мойынсұнған. Ал көбі ел арасына кеткен еді. Далалық тек, қыр қаны далаға тартып тұратын болса керек, үйреншікті орта, даланың табиғи тіршілік қалыбымен, яғни қыр стихиясымен қайта бауырлас­қан. Солардың кейбірінің әрәдік осында ат басын тіреп қап жүретіні бар. Қалап тұр екен, орыс намысын қорғаған нағыз қазақ сарбазын Сұл­тан Шыңғысхан суретші ақсақалға сөз жоқ көрсетеді. Уәдесінде тұрды. Араға аз ғана уақыт салып, Сұлтан Шың­ғыс­хан баталиялық кескіндеме ше­берінің есігін қақты. Оны сан түсті майлы бояу тамшысы шоғырланған палитрасы мен қылқаламын қолы­нан тастамаған Виллевальде қуана қарсы алды. Султан Чингисхан көр­кемөнер профессорының шеберханасына орыс-француз соғысының ардагерін ертіп әкелген еді. Орынбордан Санкт-Петербургке қыды­рыстай келген, қазақы саптама етік, шапан мен түлкі тымақ киген, кезінде атын Сенада суарып қайтқан байырғы сарбаз. Таныстырды. Әңгі­мелестірді. Профессор шексіз ри­зашылық сезімін жасырмады. Со­ғыстан кейін де әлденеше ондаған жыл өткенмен, қарт майдангердің жас шағындағы Наполеонмен майдандасуда бастан кешкен ұрыс эпизодтарын тап қазіргідей көз алдына елестете отырып еске алуы бір ғала­мат еді. Бұл қарт сарбаз аты аңызға ай­налғалы талай заман өткен Қобы­лан­ды батырдың ұрпағы болатын. Ол орыс туы астында сонау батыр ба­басының аруағына арқа сүйеп шай­қасқанын, батыс өлкеге жасаған қаһармандық жорық жайын ықы­ластана еске түсірген. Қазақтардың атты жасағының әскери қимыл­дарын, ұрыс шақтарындағы жүрек жұтқан өр де ер әрекеттерін, шайқасу сәт­терін, франктерді еліне қарай түре қуғандағы лепірген көңілдерін қол­мен қойғандай айқын әңгіме­леген. Оның Ресейді азат етіп, бас­қын­шыларды алыс Парижге шейін тықсырған жорықтары жайынан сондағы айтқандары суретшіге қатты әсер етті. Виллевальде орыс-француз со­ғысы аяқталғаннан соң ғана дү­ние­ге келген-тін. Сол соғысқа қа­тысу­шы қарт қазақтың сөзі оның та­нымын кеңейтті. Танымын кеңей­тіп қана қойған жоқ, даңқты шай­қастарды тек оқыған естеліктері ар­қылы ғана елестетіп, солардың бір кө­рінісін картинасында жаңғыртып бей­нелемек болған қылқалам ше­берінің кәдесіне асты. Және қандай дәрежеде асты десеңізші!.. Сонау алыс заманда, көпші­лік­ке императордың суретті зал­дарын аралап тамашалауға 1852 жы­лы тұңғыш пұрсат берілгенде, өрімдей Ғұбаш сұлтан паж ретінде, бір­ге оқитын құрбыларымен бірге, 1764 жылы ІІ Екатерина патшайым жинаған туындылар негізінде пайда болып, әлемдегі ең ірі көркемсурет және мәдени-тарихи музейлердің біріне айналған Эрмитаж табал­дыры­ғын жүрегі қобалжи аттаған болатын. Көрме залдарын Жәңгір­ханұлы – Бөкейханнемересі одан бері сан аралады, небір ғажайып өнер туындыларын көрді. Дегенмен оның назарын әрдайым ұрыс, шай­қас, майдан ұғымын беретін көнер­ген сөзбен «баталия» деп аталған жанрда орындалған картиналар тартып тұратын. Олардың ішінде Виллевальде жұмыстары ылғи әскери өнердің қыр-сырын дәл де әсерлі бейнелейтіндігімен оны тәнті ететін. Ал солардан көп бертінде жұрт назарына ұсынылған әлгі картина, әйгілі баталист Виллевальденің француздар лагерін шабуылдаған қазақ сарбаздарын бейнелеген туын­ды­сы алғаш көрген беттен-ақ генерал Ғұбайдолла Сұлтан Шыңғысханның са­насын мәңгіге жаулап алды. Көр­кем­сурет 1812 жылғы Отан соғы­сын­да қол жеткен тамаша жеңісті еске алудың бір айтулы мүшелді датасына орай император музейіне қойылып, ел назарына ұсынылған болатын.