Жаңалықтар

"34 науқас ауыр халде": Көлгінов елорда тұрғындарына үндеу жасады

ашық дереккөзі

"34 науқас ауыр халде": Көлгінов елорда тұрғындарына үндеу жасады

Елорда әкімі Алтай Көлгінов астаналықтарға үндеу жасады.  «Құрметті елорда тұрғындары мен қонақтары! Біз тарихымызда алғашқы рет 3 айдан астам уақыттан бері карантин режимінде өмір сүріп келеміз. Төтенше жағдай кезеңін бастан кешірдік. Қатаң тәртіптің арқасында, өзін-өзі оқшаулаудың нәтижесінде біз қауіпті кезеңнен өттік. Қазіргі уақытта көптеген кәсіпорын жұмысын жандандырды. Азаматтар жұмысына қайта оралды. Қоғамдық көліктер қайта жүруді бастады. Саябақтар мен қоғамдық орындар есігін қайта ашты. Әрине осыған сәйкес азаматтардың да саны көшеде көбейді», - дейді қала басшысы үндеуінде. Дегенмен, азаматтардың көбеюіне байланысты қауіп арта түсуде. Қала әкімі осыған байланысты бірнеше мәселеге көңіл аударуды сұрады. «Бірінші, қазір біз байқағанымыздай ауру жұқтыру ошақтары отбасыларында пайда болуда. Мысалы, балалары, ата-анасы, ата-әжесі де вирусты жұқтырды. Салдарынан бүкіл отбасы мүшелерін ауруханаға жатқызуға тура келді. Екінші, көңіл аударуды талап ететін мәселе бұл ұжымдарда ошақтар пайда бола бастады. Соңғы аптадағы вирус анықталған азаматтардың тең жартысынан көбі ол ұжымдардағы азаматтар. Отбасында да және жұмыс орынында да санитарлық нормалардың, карантиннің талаптарының дұрыс сақталмауының есебінен деп мамандар айтады», - дейді ол. Осы себепті қала басшысы үш мәселеге көңіл аудару керектігін сұрады. «Біріншіден, қоғамдық орындарда, азаматтар көп шоғырланатын жерде міндетті түрде медициналық масканы тағу қажет. Екіншіден, қарапайым гигиеналық нормаларды сақтауды ұмытпауымыз қажет. Әсіресе балаларға айтып, отбасымыз бен жұмысымызда да осы тәртіпті бұзбауымыз керек. Үшіншіден, азаматтар көп шоғырланатын жерге барудың қажеті жоқ және де аралықты сақтауға міндеттіміз. Тек сонда ғана біз вирустан құтыламыз», - деп ескертеді Алтай Көлгінов. Қала әкімі тәжірибе көрсеткендей вирус жасқа қарамайтынын еске салды. Дені сау азаматтар да вирусты жұқтырып, өз-өзін емдеймін деп денсаулығын қиындата түсуде. Жас, тепсе темір үзетін азаматтар ауруханаға түсіп жатыр. Ауыр хәлде жатқан азаматтарымыз да бар. «Егер 600-ден астам ауруханада карантинде болса, соның тең жартысынан көбінде пневмония диагнозы анықталған. Демек, нағыз қауіпті топқа жататындар. Соның ішінде 34 денсаулығы ауыр хәлде деп бағалануда. Олардың 12-сі өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Карантин басталғалы бері, Төтенше жағдай жарияланған кезде біз көптеген мекемелерді жабуға мәжбүр болдық. Азаматтарымыз уақытша жұмыссыз қалды. Соған қарамай мемлекетіміз қыруар ақша жұмсады. Аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетілді. Орта және шағын бизнесқа үлкен қолдау көрсетілді. Енді қазір жұмысты жандандырғаннан кейін кәсіпорын басшылары соны ұмытпау керек. Барлығымыз айтылған талаптарды орындауға тиістіміз. Біз күнделікті қарап, бақылап жүрміз. Бірақ, азаматтық, әлеуметтік жауапкершілік болу керек. Ендігі ортақ міндетіміз — вирустың таралуына жол бермеу. Қатаң тәртіпті сақтасақ, карантин режимінен ертерек өтеміз», - деп түйді Алтай Көлгінов.