Жаңалықтар

Biz birgemiz: Еріктілерге Елбасының алғыс хаты тапсырылды (видео)

ашық дереккөзі

Biz birgemiz: Еріктілерге Елбасының алғыс хаты тапсырылды (видео)

«Nur Otan» партиясының Орталық аппаратында коронавируспен күрес жағдайында мұқтаж азаматтарға қолдау көрсету бойынша «Biz Birgemiz» республикалық акциясына қатысқан ең белсенді волонтерлар еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан алғыс хаттармен марапатталды. Таяуда билеуші партияның Лидері қазақстандық әрбір волонтерға өз ықыласын білдіріп, алғыс хаттарға қол қойған еді. «Төтенше жағдай кезінде «Jas Otan» бүкіл ел бойынша бес мыңнан астам еріктіні жұмылдырды. Олар демалыссыз жұмыс істеп, мұқтаж адамдарға көмек жеткізді. Нағыз патриоттардың, жауапкершілігі мол жас көшбасшылардың жаңа буыны қалыптасқаны қуантады. Олардың ең белсенділеріне арналған алғыс хаттарға қол қойдым», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Салтанатты шара барысында «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек «Jas Otan» жастар қанатының волонтерлары бүкіл ел бойынша 250 мыңнан астам отбасыға азық-түлік себеттерін, маскалар мен ең қажетті заттарды жеткізіп бергенін атап өтті. Жасотандықтар алғашқылардың қатарында Мақтаарал ауданына аттанып, қазіргі кезде 500-ден аса жас су басудан зардап шеккен ауыл тұрғындарына ақысыз көмек көрсетуді жалғастырып жатыр. «Өздеріңіз білетіндей, Елбасының бастамасымен «Nur Otan» партиясы Мемлекет басшысының қолға алған дағдарысқа қарсы шараларына қосымша мұқтаж қазақстандықтарға қарқынды көмек көрсетіп жатыр. Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Birgemiz» қорының желісі бойынша меценаттардың қолдауымен 470 мыңнан астам отбасы 50 мың теңгеден біржолғы төлемақы алды. Тұңғыш Президент Қорымен бірге аса мұқтаж отбасыларға атаулы қолдау көрсету ұйымдастырылды. Осынау жұмыстарды атқаруда волонтерларымыздың рөлі зор болды. Бұл ретте 2019 жылды Нұрсұлтан Әбішұлы «Жастар жылы» деп атаса, ал 2020 жылды ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Волонтер жылы» деп жариялауы символдық мәнге ие болды. Сіздер өз отаншылдықтарыңызды, азаматтық пен жанашырлықтарыңызды таныта отырып, бүкіл қазақстандық жастарға үлгі көрсеттіңіздер», - деді Бауыржан Байбек.