Жаңалықтар

Кәрі құрлық қақпаларын ашты

ашық дереккөзі

Кәрі құрлық қақпаларын ашты

Пандемияның зардабын өзгелерден көбірек тартып, әбден есеңгіреген кәрі құрлық ес жия бастады. Індеттің қауіпті кезеңін еңсерген Еуропа елдері шекараларын ашып, турис­терді қабылдауға қамдануда. Грекия – Еуропадағы коронавирустан аса қат­ты зардап шекпеген мемлекеттердің бірі. Пандемия бас­талғалы онда 3 мыңнан аса адам індет жұқ­тырған. Өткен аптаның соңында грек үкіметі карантин талаптарын жеңілдетті. 15 маусымнан бастап мемлекетке 25 елдің туристері келіп, демала алады. Әзірге тізімде Орталық Азия мемлекеттері жоқ. Бірақ Грекия Қытай туристерін қабыл­дауға дайын. Ел билігі 1 шілдеде мемлекетке келуге рұқсат беріл­ген елдер тізімін толық­тыруды көздеп отыр. Өткен аптадан бастап Италия да еуропалық ту­рис­тер үшін шекараларын аш­ты. Ел аймақ­тары ара­сын­дағы қоз­­ғалыс қайта жанданды.  Жер­­гілікті The Local басы­лы­­мы­ның ха­бар­лауын­­ша, ел үкі­ме­ті Еуроодақ ел­де­рі және Шенген аймағына ене­тін төрт мемлекет – Исландия, Нор­вегия, Лихтенштейн, Швейцария, сондай-ақ Ұлыбритания, Андорра, Сан-Марино  мен Ватикан азаматтары үшін екі апта карантинде оқ­шаулану талабын алып тастады. Басылым аталған елдерден келген туристер Италия шекарасынан өтер­де және ел ішінде саяхаттап жүргенде ешқандай кедергілерге тап болмайтынын атап өтті. Десе де, бұған дейін ел үкіметінің басшысы Джузеппе Конте халықаралық туризмді жандандыру арқылы Италия індеттің жаңа толқынымен бетпе-бет келуі мүмкін екенін мәлімдеген. «Біз үлкен тәуекелге бел буғаны­мызды түсініп отырмыз. Індет қайта ушығуы мүмкін. Бізге бұл фактіні қабылдауға тура келеді, әйтпесе, ешқашан жаңаша өмір бастай алмаймыз», – деді Италияның премьер-министрі. Соңғы апталарда елде індеттің таралу қарқыны бәсеңдей бастады. Коронавирустан көз жұму деректері­нің саны да азайып келеді. Десе де, Италия әлем бойынша індеттен ең көп зардап шеккен мемлекеттердің бірі. Пандемия басталғалы бұл елде қатерлі вирусты 233 мыңнан астам адам жұқтырған. Індеттен 34 мыңға жуық науқас көз жұмды. Испания шетелдік туристерге өз шекараларын 22 маусымнан бастап ашуды жоспарлап отыр. Ел үкіметі барлық елдің азаматтарын емес, тек індетті жеңген мемлекеттердің тұрғындарын кіргізуге ниетті. Пандемия салдарынан 27 мыңнан астам адамын жоғалтқан Испания төтен­ше жағдай режимін 21 маусымға дейін сақтамақ. 22 маусымнан бастап ел аймақтары арасындағы қозғалыс жанданады. Мемлекеттің туризм министрлігінің хабарлауынша, елге шетелдіктердің кіруіне де сол күннен бастап рұқсат етіледі. Бастапқыда сыртқы шекара тек еуропалықтар үшін ашылса, кейінірек эпидемиологиялық ахуалы тұрақталған өзге мемлекеттермен де барыс-келісті қалпына келтіру көз­делген. Шілдеде шетелдік туристерді екі апталық карантинге жатқызу талабын алып тастау мәселесі қарастырылуда. Германиялықтар да жазда шет­ел­дік саяхаттан қағылмайтын бол­ды. 15 маусымнан бастап Германия­ның сыртқы істер министрлігі ел азаматтарына Еуропа елдеріне баруға рұқсат бермек. Министрлік түзген тізімге 31 мемлекет енген: Еуроодақтың 26 елі, Ұлыбритания және Шенген аймағына кіретін төрт мемлекет (Исландия, Норвегия, Швей­цария және Лихтенштейн). Ведомство германиялықтар үшін әр елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты нұсқаулық әзірлемек. Алайда нұсқаулық – мемлекеттер тарапынан берілген шақырту емес. Яғни, Германия өз тұрғындарына шет­елге саяхаттауға рұқсат бергенімен, өзге мемлекеттер германия­лық­тарды қабылдауға дайын болмауы мүмкін. Мәселен, Ұлыбритания шетелдік туристерден 2 апта карантинде оқшаулануды талап етуде. Ал Норвегия әлі шекарасын ашатынын хабарлаған жоқ.  Оның үстіне, Германия үкіметі кез келген елде COVID-19 індетінің жаңа толқыны бас­талуы мүмкін екенін, эпидемио­логиялық ахуал қиындаған жағдай­да бұрынғыдай туристерді шетелден қайтаруға күш салынбайтынын ескертті. Пандемияға байланысты ел үкіметі көктемнің басында әлем­нің әр бұрышынан 250 мыңға жуық германиялықты елге қайтарған болатын. Әзірге Еуроодаққа мүше емес мемлекеттерге қатысты шектеулер сақталмақ. Германияның сыртқы істер министрі Хайко Мастың ай­туын­­ша, билік әр елдегі эпидемиоло­гиялық ахуалды ескере отырып шешім қабылдайтын болады. Пандемия салдарынан жұмысы тоқтап, қаржылық жағдайы қиында­ған неміс әуе компаниялары да тұрақ­ты әуе қатынастарын жан­дан­дыруға күш салуда. Германияның Әуе көлігі федералды бірлестігінің дерегінше, маусымда еуропалық әуетасымалдаушылар 63 мемлекетке және 159 әуежайға тұрақты рейстерді қалпына келтірмек. Соның өзі үлкен олжа. Халықаралық туризм­нің және әуе тасымалдарының то­лық көлемде жандануын әуе ком­паниялары әзірге армандамайды да.  Мәселен, Lufthansa-ның өткен аптада жарияланған болжамына сүйен­сек, компанияның барлық 763 ұша­ғы 2024 жылы ғана ұша бастауы мүм­кін.