Өзгеріс Шерікбай: Қай қазақ болса да сүйіспеншілікпен қараймын (видео)
Өзгеріс Шерікбай: Қай қазақ болса да сүйіспеншілікпен қараймын (видео)
Әнші Өзгеріс Шерікбайұлы Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында дүниеге келген. Ол Өнер университетінің түлегі, бірнеше халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпазы. Атап айтсақ, Естай Беркімбайұлы атындағы республикалық ән байқауының бас жүлдегері, Тұрсынғазы Рахимов атындағы байқаудың бірінші орын иегері, халықаралық «Мен қазақпын» мега жобасының финалисі, Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы республикалық байқаудың бас жүлдегері. Тізе берсек, атажұртқа арман қуып, аманат арқалап келген қандасымыздың жетістігі аз емес. Өнерлі өрен Өзгерістің шағын сұхбатын оқырман назарына ұсынамыз.
– Өзгеріс! Сирек кездесетін ерекше есім екен...
– Рас, мен туған жылы Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында ел есінде қалар көп айтулы өзгерістер болған екен. Коммунистік жүйе тарап, нарық басталды. Баян-Өлгей қазақтарының бір жартысы атамекенге дүркірей көшті. Сол жылдарда келген өзгерістерімен бірге дүниеге келген менің есімімді ата-апам (ата-әже) «өзгеріс заманында туған, болашақта өзінше өзгеріс болсын» деп жақсы ырымға балап, атымды Өзгеріс қойыпты. Балалық шағым атам мен әжемнің қолында қырда өтті. Қозы жайып, мал төлдетіп, бес түлік малдың қыр-сырын біліп, көшпелі қазақ шаруашылығына бейімделіп өстім десем де болады. Қазір сол бір қазақы исі аңқыған тіршілікті, ата мен әженің құшағында еркелеп өскен бұла шақтарды, асыр салып өскен кең даланы жиі сағынамын.
– Әкең Шерікбай Ұнатұлы аты жұртқа мәлім әнші болды. Ал өзің әке бойынан үлгі тұтатын қандай қасиетін айтасың?
– Иә, әкеміз бала кезінен құймақұлақ қағылез болып өсіпті. Атамның және ұлы әжемнің (атамның анасы) әкем жайлы айтқан естеліктері өте көп. Әкем жалпы көп сөйлемейтін тұйық болыпты. Ал көк жорғасын мініп тауда жүрсе айғайлап тауды жаңғыртып ән салады да, үйге келсе мылқау болып қалатын деп қылығына таңғалып отырады екен үлкендер жағы. Тәрбиесі ерекше еді, хат танымайтын кезімде ертегі кітаптар көп оқып беретін. Кейін сабаққа барып өзім оқи алатын деңгейге жеткенде, маған кітаптар әкеліп «оқы» деп тапсыратын. Сосын арасында «ұлым айтып берші, не жайлы жазылыпты?» деп әңгімелесетін. Ешқашан ұрысып сөйлемейтін. Қатты ренжіп қалған кезде «оның не?» деп қас-қабағымен ғана ұялтып жіберетін. Әке мен бала арасындағы үлкен мәмілені асқан шеберлікпен аз уақытта ғана орнатып үлгерген еді. Мен әкемнің кеңдігін бағалаймын, шексіз жомарттығына таңғаламын. Әкем жайлы айта беру маған ауыр...
– Естуімізше, өнеріңе тәнті болған жанашыр азаматтар өзіңді Баян-Өлгейден арнайы шақыртып, оқуға түсудің уақыты өтіп кетсе, жоғары оқу орнына қабылдатыпты. Осы жайында таратып айтып берсең.
– 2010 жылы мектеп бітірген жыл еді. Сол жылы Баян-Өлгей аймағының құрылғанына 70 жыл толған той болды. Оған Қазақстаннан көптеген ақын-жазушы, басқа да өнерпаздар келді. Мен ән салып жүрген бозбаламын. Той біткен соң мені Өскеменге шақыртып жатыр деді. Өскеменге ұшақпен келдім. Айтыскер ақын Өскемендегі Ұлан ауданының депутаты Нұртай Тілеужан ағаның үйіне түстім. Ертеңінде тағы бір бейтаныс кісімен жолықтық. «Сені шақыртып, алдыртқан осы кісі» деп таныстырды Нұртай аға. Сөйтсем ол кісі Шығыс Қазақстан облысы Мәдениет басқармасының бастығы Махмұт Тойкенов деген ағамыз екен. Танысып, мән-жайды білдік. Менің ән айтқанымды Баян-Өлгейде тыңдапты да, кездесуге уақыты болмапты. Артынан сұрастырып алдыртып отырғаны екен. «Қандай жоспарың бар? Кім болғың келеді?» деді. «Әнші болам. Алматыға барам, Рамазан Стамғазиев ағам шақырған, сонда барып оқимын» дедім. Сөйтсем, бәрінен кеш қалып қойыппын, Алматыдағы оқудан да. Сосын мені ШҚМУ-дың ректоры Бейбіт Мамырбаев пен қала әкімінің орынбасары Түсіпхан Түсіпбековке алып барды. Мен жайлы айтты. Ол кісілер де «бәрі кеш, емтихан аяқталып кеткен» деді. Сосын қоштасып кеткелі жатыр едік, Махмұт аға «Өзгерістің бір әнін тыңдап қалсаңыздар, қалай?» деді. Олар да келісе кетті. Сосын мен бір ән айтып бердім. Түсіпхан аға «арқамнан тоқ жүргізіп жібердің ғой» деп разы болды. Бейбіт аға да жылыды. Қатты разы болғанын, өнерді жақсы бағалайтынын түсіндім. Бейбіт аға мен үшін Баян-Өлгейге 25 грант ашамын деді. Жыл сайын ол жақтан 25 бала грантпен Өскеменге оқуға келетін шешім қабылдайтынын айтты. Мен солай Өскеменге филология мамандығы бойынша оқуға қабылдандым. Жыл сайын Баян-Өлейден 25 бала арнайы грантпен білім алып жатты. Өкінішке қарай, сол 25 грант былтыр жабылып қалды деп естідім.
– Әнші бойындағы талантын қалай шыңдайды? Өз ізденісің жайлы айта кетсең.
– Тарыдай таланты болмаса қанша еңбектенсе де ештеңе шықпайды деп ойлаймын. Таланты болып және оны ұштау үшін еңбектене білсе, нәтиже шығады деп білемін. Бағытынан, өзінің табиғи жүрісінен жаңылмау керек шығар. Өнерде бейсана болу керек деп ойлаймын. Саналы түрде өнерге жабысып алып, еңбектеніп жүргендерді де көріп жүрмін. Бірақ олар тумысынан кем талант болғандықтан, қисынсыз жерге пышақ ұрғандай болып тұрды. Асқар Сүлейменовтің сөзі бар еді ғой, «Өнерде кемталант болғаннан бейталант болған жақсы. Бейталант – бейтарап. Ал кемталанттың басын сұқпайтын жері жоқ. Өнерден бастап ділге дейін. Өзінің асүйде капуста қыртылдатып турайтын пышақ қана екенін білмейді».
https://www.youtube.com/watch?v=5APwixMx14w&feature=youtu.be