Қазақстанда дәрігерлердің қызметіне араласуға тыйым салатын заң қабылданады
Қазақстанда дәрігерлердің қызметіне араласуға тыйым салатын заң қабылданады
Елімізде медицина және фармацевтика қызметкерлерінің кәсіптік қызметіне араласуға тыйым салынатын болады.
Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс пен «Кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау мәселелері бойынша түзетулер енгізу жөнінде» ілеспе заң жобасын таныстыру барысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді.
«Медицина персоналының біліктілігін арттыру мақсатында кадрлардың үздіксіз кәсіби дамуы, оның ішінде жұмыс берушінің есебінен біліктілігін арттыру; денсаулық сақтау қызметкерлерін клиникалық, фармацевтикалық практикаға және санитариялық-эпидемиологиялық қызметке жіберу үшін сертификаттау көзделген. Мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдауды қамтамасыз ету үшін медицина және фармацевтика қызметкерлерін жергілікті бюджет есебінен біліктілік деңгейіне сәйкес қаржылай ынталандыру мен әлеуметтік қолдауға басым құқықтары қарастырылған», - деді ведомство басшысы.
Министрдің айтуынша, Кодекске «медициналық оқыс оқиға» ұғымы және оны айқындау механизмі енгізіледі. Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің кәсіптік қызметіне араласуға тыйым салу және араласқаны үшін әкімшілік жауапкершілікті енгізу ұсынылады. Медициналық қызметтерді ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында цифрлық денсаулық сақтау мәселелерін құқықтық реттеу көзделген.
Сонымен бірге, Кодекс жобасы мен басқа заңдарда жеке медициналық деректердің сапасы, сенімділігі мен құпиялығы үшін медицина және басқа қызметкерлердің жауапкершіліктері нақты көрсетілген.