ЕҰУ әлемдік рейтингте тағы да ілгеріледі
ЕҰУ әлемдік рейтингте тағы да ілгеріледі
2020 жылғы 10 маусымында бүкіл әлем университеттерінің халықаралық беделді рейтингісінің жыл сайынғы нәтижелері жарияланды.
Еуразия ұлттық университеті 61-орынға көтеріліп, 1 002 үздік шетелдік университеттің ішінен 357-орынға ие болды. Сонымен қатар ЕҰУ алғаш рет әлемдегі жоғары оқу орындарының үздік 30 пайызына кірді.
Рейтинг 6 критерий бойынша сараланған. Оған академиялық беделі, жұмыс берушілер арасындағы беделі, дәйексөздер, білім алушылардың профессор-оқытушылармен қарым-қатынасы, шетелдік оқытушылардың саны және шетелдік білім алушылардың саны сияқты талаптар енген.
Танымалдығын арттыру және халықаралық имиджін нығайту үшін Еуразия ұлттық университеті академиялық беделді дамыту саласында ең жоғары нәтиже көрсетті.
Еуразия ұлттық университетінің ғалымы, Top Springer Author сыйлығының иегері, профессор Рәтбай Мырзақұлов Қазақстан бойынша бір автордың бір жылда импакт-факторы бар журналдарда жарияланған мақалалар саны бойынша абсолюттік рекорд иесі екенін айтып өткен жөн.
Университеттік екі ғылыми басылым Scopus халықаралық деректер базасына кіреді. Бұл елдегі және одан тыс жерлердегі жоғары оқу орнының ғылыми тартымдылығының тікелей көрсеткіші болып табылады.
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жас ғылыми өскіні де отандық академиялық қоғамдастық ішінде аса танымал. Өйткені білім ордасының Жас ғалымдар кеңесі республикалық байқаудың қорытындысы бойынша «Ең үздік жас ғалымдар кеңесі» атанды.
Б.Балықбай