«Апорт» алмасы бағының көлемі – 2 000 гектар

«Апорт» алмасы бағының көлемі – 2 000 гектар

«Апорт» алмасы бағының көлемі – 2 000 гектар
ашық дереккөзі
Алматы облысында бақ отырғызу жұмыстары биыл да өз жалғасын тапты. Облыста 2 222 гектар алқапқа интенсивті алма бағы егілген, 2022 жылы оның көлемін 2 600 гектарға жеткізу көзделіп отыр. 2020 жылы қарқынды алма бақтарынан 18,9 мың тонна, ал 2022 жылы 31,5 мың тонна алма жинау жоспарланып отыр. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, бүгінгі күні облыс бойынша барлығы 996,1 гектар жерге жеміс егілген, оның ішінде 402,8 гектарына – шекілдеуік, 203 гектарға – интенсивті бақ, 0,4 гектарға – апорт ағашы және 431,2 гектарға – сүйекті жеміс, 161 гектарына – жидек, 1 гектарға  – жаңғақ, 0,08 гектар жерге жүзім ағашы отырғызылған. 2012-2018 жылдар аралығында 728,8 гектар жерге апорт сортын отырғызған 214 шаруашылық субъектісіне көпжылдық көшеттерді отырғызу және өсіру шығындарының құнын ішінара субсидиялау мақсатында жергілікті бюджет қаражаты есебінен 670,4 млн теңге субсидия берілді. Қабылданған шаралардың арқасында «Апорт» алмасы бағының көлемі 2 000 гектарға жетті, ал көшет саны – 416 мың дана. Жалпы алма өнімділігі көлемін арттыру үшін қарапайым ескі бақтардың орнына заманауи жаңа технология бойынша жыл сайын қарқынды бақтар егілуде. Интенсивті бақтың басты ерекшелігі сол, аласа бойлы алма ағаштары екінші жылдың өзінде-ақ 30%, ал үшінші жылы 80-85% өнім береді. Әрі мұндай жеміс ағаштарынан өнім жинау жеңіл, қол күшін көп қажет етпейді. Қарқынды алма бақтарында фуджи, голден делишес, гала, гренни смит, старкримсон, айдаред, золотой превосходный және т.б. алма сорттары өсіріледі. Сол сияқты өңірде алма бақтарын өсіруде Италия, Германия, Сербия, Польша, Голландия, Түркия елдерінің алма өсіру технологиясын қолдану, отырғызу материалдары бойынша ықпалдастық жұмыстары мен тәжірибе алмасу жүргізіліп жатыр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының хабарлауынша, 2019 жылдың қорытындысы бойынша Алматы облысында жеміс-жидек, жүзім және жаңғақ ағаштары егілетін жер көлемі 23,7 мың гектарға, оның ішінде жеміс беретіндері 18,7 мың гектарға жеткізіліп, одан алынған жалпы өнім көлемі 129,6 мың тоннаға жеткен, оның ішінде 86,8 мың тонна алма жиналды. Ал биылғы жылы алма бақтарынан 91,8 мың тонна жеміс жинау жоспарланып отыр. Бұл Алматы облысының алма өнімдеріне деген сұранысын 100%, Алматы қаласының қажеттілігін 72,4%, ал еліміздің қажеттілігін 19,6% қамтамасыз етеді. Жиналған алма өнімі Алматы облысы және Алматы қаласының сауда орындарына өткізіледі, ал 7 мыңға жуық тоннасы алма шырынын жасауға, яғни өңдеуге жіберіледі. Ал 2022 жылға дейін алманың өнімділігін 170 мың тоннаға дейін немесе 1,4 есеге арттыру жоспарланған.