Жаңалықтар

Түркияда білім алған Әбдіқадір Әпенді

ашық дереккөзі

Түркияда білім алған Әбдіқадір Әпенді

20-ғасырдың басы Шығыс Түркістандағы қазақ руханияты тың кезеңдерге аяқ басты. Халқының рухани деңгейін жаңа сапаға көтергісі келетін шын мәніндегі ұлт зиялылары тарих сахнасына шықты. Көшпенді қазақ халқын дамыған өркениетті  ұрпаққа айналдыру үшін ағарту жолында аянбай тер төккен ат төбеліндей саналы азаматтар болды. Дәл сол азаматтардың бірі һәм бірегейі ретінде Әбдіқадір Әпендіні атауға болады. Ол Шығыс Түркістан қазақтары арасынан алыс шетелде заманауи білім алған тұңғыш қазақтың бірі. 20-ғасырдың алғашқы жартысында Түркиядан аз ғана қазақ жастары білім алды. (Мәнкей Мәмиұлы бірінші жаһан соғысының салдарынан Ыстанбұлға барып оқу мүмкіндігін айрылыпты). Өкінішке орай олардың нақты кім екені туралы ақпарат толыққанды зерттелмей келеді. Бұл оқу үрдісі Осман сұлтаны Екінші Әбдүлхамиттің қазақтарды арнайы қабылдауынан кейін басталғаны анық. Алғашқы лек қатарында Қасымқажы ақсақалдың екінші ұлы Әбдіқадірді айрықша атауға болады. Сұлтан Екінші Әбдүлхамит қазақтарды хан сарайында қашан, қалай және не үшін қабылдағаны туралы, қабылдаудан кейінгі екіжақты келісім Шығыс Түркістан қазақтарының саяси һәм рухани өміріне қалай ықпал жасағаны туралы зерттеуімізді кейінге қалдыра отырып, ең алдымен қолдағы деректер негізінде Әбдіқадір Әпенді туралы аз да болса қалам тербеуді жөн көрдік.