Түркияда білім алған Әбдіқадір Әпенді

Түркияда білім алған Әбдіқадір Әпенді

Түркияда білім алған Әбдіқадір Әпенді
ашық дереккөзі
20-ғасырдың басы Шығыс Түркістандағы қазақ руханияты тың кезеңдерге аяқ басты. Халқының рухани деңгейін жаңа сапаға көтергісі келетін шын мәніндегі ұлт зиялылары тарих сахнасына шықты. Көшпенді қазақ халқын дамыған өркениетті  ұрпаққа айналдыру үшін ағарту жолында аянбай тер төккен ат төбеліндей саналы азаматтар болды. Дәл сол азаматтардың бірі һәм бірегейі ретінде Әбдіқадір Әпендіні атауға болады. Ол Шығыс Түркістан қазақтары арасынан алыс шетелде заманауи білім алған тұңғыш қазақтың бірі. 20-ғасырдың алғашқы жартысында Түркиядан аз ғана қазақ жастары білім алды. (Мәнкей Мәмиұлы бірінші жаһан соғысының салдарынан Ыстанбұлға барып оқу мүмкіндігін айрылыпты). Өкінішке орай олардың нақты кім екені туралы ақпарат толыққанды зерттелмей келеді. Бұл оқу үрдісі Осман сұлтаны Екінші Әбдүлхамиттің қазақтарды арнайы қабылдауынан кейін басталғаны анық. Алғашқы лек қатарында Қасымқажы ақсақалдың екінші ұлы Әбдіқадірді айрықша атауға болады. Сұлтан Екінші Әбдүлхамит қазақтарды хан сарайында қашан, қалай және не үшін қабылдағаны туралы, қабылдаудан кейінгі екіжақты келісім Шығыс Түркістан қазақтарының саяси һәм рухани өміріне қалай ықпал жасағаны туралы зерттеуімізді кейінге қалдыра отырып, ең алдымен қолдағы деректер негізінде Әбдіқадір Әпенді туралы аз да болса қалам тербеуді жөн көрдік.  width= Әбдіқадір Әпенді Әбдіқадір Әпендінің толық аты-жөні Әбдіқадір Қасымұлы. 1887 жылы Қорғаста туған. Әкесі Қасым Құлыншақұлы Іле өңіріне танымал, ел ішінде беделді кісі болған. Іледегі атақты бай Мұсабаевтар әулетімен тығыз қарым-қатынас жасаған. Кейін Үсейінбай Мұсабаевпен бірге 1890-1901 жылдары бірнеше рет қажылық сапар шегіп, еліне келген соң өз атында мешіт-медресе салады. Алғаш ашылған медресе Қорғастың Ластай елдімекеніне орналасып, кейін бұл жер қазақтар жиы қоныстанған ірі отырықшы мекенге айналады. Медресенің түлектері Жықай Ибақұлы мен Әбдібап Қасымұлы Құлжадағы Байтолда медресесіне оқуын жалғастырға аттанса, Жанқара Тоқсанбайұлы Күредегі моңғол-қазақ мектебіне оқуға түседі. Қасым қажы өмірінде қанша рет қажылыққа барғаны белгісіз, бірақ 1901 жылы қажыға бару үшін Ыстанбұл қаласында 10 күндей ерулеп, қаладағы тарихи жерлерді аралағаны анық. (Шаймарданұлы, Қ. Қорғас тарихи материялдары. - Сүйдің, 2015ж. 301-б). Қасым ақсақал осы сапарында 13 жастағы екінші ұлы Әбдіқадірді де ерте барғаны айтылады. Әбдіқадір Үсейінбай Мұсабаевтің ұлы Сауыт Байбатшамен бірге Ыстанбұлда оқуға қабылданған. Әбдіқадір Қасымұлы түскен мектептің аты- «Даршапха». Шәймарданұлының дерегінше Әбдіқадір осы оқу орнында жеті жыл білім алған. Дейтұрғанымен Әбдіқадір Қасымұлының Ыстанбұлға қашан барғаны туралы әртүрлі дерек кездеседі. Манжыбаев келтірген деректе, Әбдіқадір 1901 жылы Тұғылық Темір мазары маңындағы Әмір имам ашқан медреседе ғұламадан тәлім алған. Құлжадағы Үсейінбай Мұсабаев 1908 жылы ұйғыр-қазақ аралас бір топ оқушыны Ыстанбұлға оқуға жіберген кезде Әбдіқадір де бірге аттанған. (Манжыбаев, Қ. Қазақ оқу-ағарту тарихынан қысқаша деректер. Үрімжі, 2009ж. 299-б). Тарихшы Жақып Жүнісұлы да «Әбдіқадір Әпенді 1908-1915 жылдар арасы Ыстанбұлда білім алды» деп бұл деректі растайды (Жүнісұлы, Ж. Іленің тарихи шежіресі.  Күйтің, 2012ж. 277-б). Даршапха оқу орнының ірге тасы 1863 жылы қаланған. Ол Осман еліндегі тұңғыш үкіметтік емес ұйым ретінде құрылған ресми оқу орны. Мектеп тоғыз жылдық оқу бағдарламасы бойынша жүргізілген. Оқу ордасының атауы «мейрімділік ұясы» деген мағына беретін «дарушшафака» сөзінен шыққан. Аталмыш оқу ордасын қазақтар жалпақ тілмен Даршапха деп атап кеткен. Оқу орны Түркия және алыс, жақын шетелдегі оқушылар үшін арнайы шәкіртақы дайындап отырды. Оқу орнының әлеуметтік шығынын  үкіметтік емес қоғамдық ұйымдар көтерген. Әбдіқадір осы оқу орнына түскен соң түрік тілімен бірге, француз және араб-парсы тілінен сауатын ашады. Ыстанбұлда жүргенде мектеп ұжымы ұйымдастырған дәрістен сыртқы іс-қимылдарға қатысып, 1910 жылы Грекияға саяхаттап барады. Манжыбаевтың дерегінше, Әбдіқадір мектептің футбол құрамасында мықты ойыншы болған және құрама қатарында Англиядағы футбол мачқа қатысқан. Әпендінің шәкірті Садай Сіләмбайұлының дерегінше, Әбдіқадір 1915 жылы Франциядағы «Мұсылмандар педагогикалық мектебіне» қабылданған. Бірақ, әкесі тұтқиылдан шақыртып алғандықтан бұл оқу орнына бармай, елге оралады. Әбдіқадір Әпенді елге оралған соң Қасым ақсақал ашқан медреседе оқытушылықпен айналысады. Осы медреседе ол Әпенді деген лақап атпен тұтас Іле өңіріне таныла бастайды. Медресеге келушілердің қарасы көбейген сайын оқу орны тарлық ете түседі, сонымен Әбдіқадір Әпенді әкесі Қасым ақсақалмен және ағасы Әбдібаппен ақылдаса келе медресені кеңейтіп салу жұмысын қолға алады. Әпендінің ұлы Шейіт Әбдіқадірдің берген дерегінше, бұл медреседен бөлек Әбдіқадір Әпендінің аудан орталығы Сүйдің қаласында да төрт ауызды медресесі болған. Медресеге жан-жақтан қазақ оқушылары келе бастаған. Медресенің оқу бағдарламасы жәдиттік үлгі бойынша жүргізілген. Бұны баласы Шейіт Әбдіқадірұлы да «Әпенді дін сабағын аз, ғылым сабағын көбірек оқытатын» деп растайды. Тіпті, дене-тәрбие (спорт) пәні кезінде оқушыларға ағаштан найза, мылтық жасап, әскери жаттығу жасатқандықтан Күредегі әскери губернияның құлағына жетіп оқу орнын жаптырып, өзін үш айға қамаққа алады. (Манжыбаев, Қ. Қазақ оқу-ағарту тарихынан қысқаша деректер. - Үрімжі, 2009ж. 300-б). Үш ай қамақтан соң, Әбдіқадір Әпенді екі жылдай қатаң бақылауда болған. Кейін әкесі Қасым ақсақал мен ағасы Әбдібаптың демеуінде ағарту жұмыстарын қайта жандандыра түседі. 1918 жылдан соң Ластайдағы медресе кеңейтіліп салынып, ірге тасы жерден бір жарым метр биік, асты-үсті тақтайлы, есік-терезесі кең, алты ауызды заманауи мектепке айналады. Шаймарданұлының дерегінше, заманауи мектептің сыртқы көрінісі қазақ ою-өрнектерімен нақышталып салынған. Мектеп айналасы бау-бақшамен қоршалып, көркемдікке ерекше мән берген. Бұл кезде өлке губернаторы Яң Зыңшин (Ян Цзэнсинь) мен Күредегі әскери губерния қайта-қайта маза бермей, заманауи мектепті жаптырмақ болғанда Әбдіқадір Әпенді Ыстанбұлдан арнайы «мешіт-медресе ашуына болады» деген анықтама алдырған. Бұндай рұқсатнама әдісін Баудын Үсейінбайұлы Мұсабаев, Әбділда Бопи, Уайдолла Пайзиди мен Мақпор Әпенді де қолданып Құлжада мешіт ашып, медресе салдырған екен (Манжыбаев, Қ. Қазақ оқу-ағарту тарихынан қысқаша деректер. - Үрімжі, 2009ж. 192-б). Ластай елді-мекеніндегі Қасым ақсақал ашқан медреседе Әпендіге дейін Айтмолда Құлыншақұлы мен Тұяқ Тұрғынбайұлы бала оқытып, ағарту ісімен айналысыпты. Бұл кісілер Семей мен Жетісудағы медреселерден оқыпты. Медресе шәкірттері бастапта қадимше үлгімен тәлім алған, Әбдіқадір Әпенді келген соң біртіндеп жәдиттік үлгіге ауыса бастайды. Мектепте Әбдіқадірмен бірге Саттар Мақсұтұлы, Алқанбек Есімбекұлы, Ырай Есдәулетұлы, Кәрім, Тасыбек, Имамұқанбет қатарлы мұғалімдер әр пәннен сабақ береді (Шаймарданұлы, Қ. Қорғас тарихи материялдары. - Сүйдің, 2015 ж. 302-б). Әбдіқадір Әпенді қыз балалардың да сауат ашуына ерекше мән бергендіктен, мектепке ұл балалармен бірге қыздар да оқиды. Қысқа уақыт ішінде мектептің аты Іленің барлық өңірін дүр сілкіндіреді. Мектеп пен Әбдіқадірдің атын естіп Іленің басы Күнес пен Нылқыдан тартып, Құлжа мен Текес, Өртекестен қазақ оқушылары оқу ордасына ағылады. 1930 жылдарға келгенде мектеп оқушылары жүзге жуықтайды. 1935 жылы оқушы саны күрт көбейіп, алты бөлмелі мектеп тағы тарлық етеді. Сол жылы Әбдіқадір Әпендінің ұйытқы болуымен Ахметқали Дәнекеұлы, Сақан Жетібайұлы, Ермей Қасымұлы, Демежан, Жүрекбай Тыныбайұлы қатарлы ел ағалары бірігіп «Ақсақалдар алқасын» құрады. (Шаймарданұлы, Қ. Қорғас тарихи материялдары. - Сүйдің, 2015ж. 303-б). Осы алқа игі-жақсыларды аттанысқа келтіріп 1936 жылы мектеп құрлысын үлкейтіп салып шығады. Сол жылы Ластайдың басқа елдімекендерінен де мектептің жаңа бөлімшелері ашылады. Сол жылдары бұл оқу орнына Нұри, Батталғазы және Мейірман Ермектасов қатарлы жаңа буын қазақ зиялылары келіп әр пәннен сабақ береді. Әбдіқадірдің шәкірті Садай Сіләмбайұлының дерегінше, мектеп аптасына екі рет орыс тілінен сабақ өткен, орыс тілін Нұрдәулет пен Қамза мұғалім оқытыпты. Мектептің оқу бағдарламасы артып дін, педагогика, жағрапия (география), тіл, емле, дене-тәрбие, муаалим аууал, муаалим сани, тарих, орысша, шығыр (ән) және математика пәндері оқытылыпты. Оқушы саны 200-ден асқан. Оқушы саны мен сынып саны көбейіп Ұлдақан, Қанбала, Қамза, Тасыбек, Алқанбек Мәмбетәліұлы, Мұстақан Баштыбайұлы, Сайдырақым Қабділдаұлы, Бәти (Таңжарық Жолдыұлының жары), Зинаш Нүкейқызы, Тәңірберген Әбіләкімұлы, Сіламбай Зейнелқанқызы қатарлы мұғалімдер оқытушы болған. 1937 жылы Өлкелік білім министрлігі мен Өлкелік қазақ-қырғыз мәдени, ағарту ұйымы бірлесіп біртұтас оқу құралдарын шығарады. Мектеп сол жылдан бастап өлкелік үкіметтің бірыңғай оқу жүйесімен білім береді. Манжыбаевтің дерегіне сүйенсек, мектепте шығыр (ән) сабағын Әбдіқадір Әпенді оқушыларға өзі оқытқан. Садай ақсақал сол кезде Әбдіқадір ұстазы оқытқан шығыр сабағының әнін былайша есіне алады (Манжыбаев, Қ. Қазақ оқу-ағарту тарихынан қысқаша деректер. - Үрімжі, 2009ж. 190-б): Әлемнің он сегіз мың әуел бұрын, Жаратты Мұқанбеттің Тәңір нұрын. Сол нұрдың әрбір тамған тамшысынан, Жаратты әр әлемді ақ Тәңірім. Аспан-жер, аршы-күрсі лауһыл қалам, Сыдыратыл жәннат, тозақ бәрі тамам. Әуелі нұр, топ пиылдан пайда болған, Қадістен осылайша келді әлем. Қорғас өңіріндегі оқытушылар мәселесін оңды шешу мақсатында Әбдіқадір Әпенді Ақметбек, Мейірман Ермектасовтармен бірлесіп Көкқамырдың Турасу жайлауында үш айлық педагогикалық курыс ашады. Курыс ұдайы үш жыл тынбай жұмыс істеп 120 дан астам білікті оқытушылар қосынын қалыптастырады. Әбдіқадір Әпенді оларды тұтас Қорғас өңірінің Сарыбұлақ, Қосарық, Қарасу, Ақтүбек, Көгдала, Қараой, Ақмешіт, Жарсу, Кеген, Мүке, Ақсу қатарлы елді мекендеріне бөліп 20 ға жуық қазақ бастауыш мектебін құрады. Куыстан соң өлкелік қазақ-қырғыз мәдени, ағарту ұйымы Әбдіқадір Әпендіге «аға ағартушы» атағын береді. Сонымен қатар Әбдіқадір Әпендінің шәкірті Жұмабек Есімбекұлының айтуынша, Әпенді ересек оқушыларға ағаштан найза, қылыш, мылтық жасап беріп, таң бозынан тұрғызып, қазіргі Ластай елді-мекенінің Ақсу ауылы тұрған жерге дейін жүгіртіп шынықтырады екен. Ең қызығы мектеп ордасы Әбдіқадір Әпендінің ұйымдастыруымен мектеп ойын-сауық үйірмесін құрыпты. Үйірме мектеп залында «қозы көрпеш - баян сұлу», «қыз жібек», «шық бермес шығайбай», «күндестің күні», «наданның ақша санауы», «кітаптың көмегі», «соқыр аю» т.б шығармаларды сахналаған екен (Шаймарданұлы, Қ. Қорғас тарихи материялдары. - Сүйдің, 2015ж. 305-б). Іле уәлаятындағы ұлт-азаттық төңкерістің алды-артында аудан орталығы Сүйдің қаласынан қазақ-қырғыз мектебі ашылады да, Әбдіқадір Әпенді мектеп директоры болып қалаға келеді. Ластай елді-мекеніндегі мектеп жарым-жартылай аудан орталығына көшіріледі. Арада ұлт-азаттық соғысы бұрқ ете түсіп Сүйдің мен Ластай мектебіндегі хат танитын жастардың бәрі қолына қару алып майданға аттанады. Әбдіқадір де Қорғастағы майданға қатысады. Сүйдің қаласы мен Ластайдағы ағарту ісі уақытша тоқтап, 1945 жылдың күзінен соң қайта жанданады. Аудан орталығы Сүйдің қаласындағы қазақ мектебі Әбдіқадірдің ұйытқы болуымен қалпына келіп, жалпы оқушы саны 400 ден асады. Ластайдағы мектеп түлектері Қалмұқаш Сауытбекұлы, Мәжит Нұрғазыұлы, Бегайдар Қасымұлы, Жанұзақ қатарлы үздік оқушылар Құлжадағы жоғары оқу орны Іле педегогикалық институтына оқуға түседі. Ластай мектебіне Қамза мен Әзімбай директор, Зейнелқан Сіләмбайқызы оқуға жауапты бөлім меңгерушісі болады (Шаймарданұлы, Қ. Қорғас тарихи материялдары. - Сүйдің, 2015ж. 305-б). Әбдіқадір Әпенді денсаулығына байланысты 1949 жылдың соңын ала Ластайға қайтып емделеді. 1950 жылдан бастап өзі бас болып құрған Ластай оқу орнына қайта директор болады, 1953 жылы зейнетке шығады. Санаулы өмірінде мыңнан астам шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз 1963 жылы өмірден өтеді. Сүйегі ардақты әкесінің қасына қойылады.

Елдес ОРДА,

Шығыстанушы /Түркия/