Праймериз: үміткер болуға әркімнің құқы бар
Праймериз: үміткер болуға әркімнің құқы бар
«Nur Otan» партиясының Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қаулысы бойынша, биылғы 17 тамыздан 3 қазанға дейінгі аралықта партияішілік таңдау – праймериз өтеді. Бұл – Елбасы жариялаған «Nur Otan» партиясын «қайта жандандырудың» маңызды бөлігі болып табылатын партияішілік демократияның заманауи тетіктерінің бірі.
Праймериздің негізгі мақсаты – алдағы Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат сайлауларына партиялық тізімдерді қалыптастыру үшін бәсекелес күрес негізінде жаңа көшбасшыларды айқындау.
Екіншіден, партиялық тізімдегі әйелдердің үлесі 30 пайызға жеткізілмек. Ел тұрғындарының 50 пайыздан астамы – әйелдер. Сондықтан олар партиялық тізімнен лайықты орын алуы қажет. Мәслихаттар құрамында әйелдер қатарының артуы білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру секілді салалардағы түйткілдердің дер кезінде шешілуіне мүмкіндік береді.
Үшіншіден, партиялық тізімдегі жастардың үлесін 20 пайызға жеткізу көзделген. Праймериз жастарға ашық партияішілік жарыста өз потенциалын көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл квотаны жастарды ынталандыру деп қабылдауға болады, праймеризге қатыса отырып олар шын мәнінде партиялық тізімге ену мүмкіндігі бар екенін білетін болады.
Төртіншіден, мәслихаттарға арналған партиялық тізімнің 70 пайызы праймеризден өткен үміткерлерден құралатын болады. Тізімге партиялық іріктеуден өткен азаматтардың енуі Қазақстанның саяси тарихында бұрын-соңды болмаған жағдай. Сондай-ақ тізімде Қазақстанның заң шығару органында мол тәжірибесі бар және елдің қалыптасуына өз үлесін қосқан азаматтардың міндетті түрде болуына баса мән берілмек.
«Nur Otan» партиясының праймериз өткізу ережесі бойынша партияның құндылықтарын ұстанатын және сайлау құқығы бар кез келген қазақстандық үміткер бола алады. Егер кандидат партия мүшесі болмаса, ол праймеризге қатысушыларды тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін партия қатарына қосыла алады.
Кандидаттар бастауыш партия ұйымынан және бір облыс, қала немесе ауданнан өзін-өзі ұсыну жолымен де қатысуы мүмкін. Парламент Мәжілісінің қазіргі депутаттары да праймеризге кандидат ретінде партиялардың облыстық филиалдарының, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының конференцияларында жарыссөздерге қатыса алады.