COVID-19: АҚШ-та індет жұқтырғандар саны 2 миллионнан асып жығылды
COVID-19: АҚШ-та індет жұқтырғандар саны 2 миллионнан асып жығылды
Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 7 360 239-ға жетті. Джонс Хопкинс университетінің соңғы дерегі осындай.
Індет жұқтырғандар саны жөнінен АҚШ әлі де көш бастап тұр. Елде коронавирусқа шалдыққандар саны 2 миллионнан асып жығылды. Індеттен 113 мыңға жуық науқас көз жұмған.
Екінші орында – Бразилия. Мемлекетте 772 416 адамнан қатерлі вирус анықталды. 40 мыңға жуық науқас қайтыс болды.
493 мыңнан астам тұрғыны коронавирус жұқтырған Ресей әлемдік антирейтингте үшінші орында. Елде індеттен 6350 адам көз жұмды.
Төртінші орында – Ұлыбритания. Елде коронавирус жұқтырғандар саны 291 588-ге жетті. Індет құрбандарының саны 41 мыңнан асып жығылды.
276 мыңнан астам тұрғыны індетке шалдыққан Үндістан коронавирус статистикасы бойынша әлемде бесінші орынға шықты. Мемлекетте қатерлі вирус жұқтырғандардың 7,7 мыңы қайтыс болған. Індет жұқтыру деректерінің көбі, атап айтқанда, 50 мыңнан астамы, жергілікті қаржы орталығы саналатын Мумбайда тіркелген. Үндістан билігі шілденің соңына дейін науқастар саны жарты миллионға дейін жетуі мүмкін деп болжап отыр.
Айта кетейік, Қазақстанда өткен тәулікте 239 адамнан коронавирус анықталып, індетке шалдыққандардың жалпы саны 13558-ге жетті. Қатерлі вирустан 67 отандасымыз көз жұмды.