Жаңалықтар

Брексит: Ортақ өгізден оңаша бұзау?..

ашық дереккөзі

Брексит: Ортақ өгізден оңаша бұзау?..

  Ұлыбританияның Еуропа одағынан шығу-шықпау мәселесі шешілетін референдумға айдан аз уақыт қалды. Біріккен Корольдіктегі барлық мәселенің түйіні қазір осы бір ғана сұраққа тірелген: «Еуроодақта қаламыз ба, жоқ па?». Осыдан 43 жыл бұрын кәрі құрлықтағы әріптестерімен одақтас болудың мәселесі де осылай қызу талқыға түскен деседі. Қызды-қыздымен, экономика, инвестиция, миграция, демография, әлеуметтік салаларды былай қойғанда, халықаралық саясат түйткілдерінің өзі осы референдум тағдырына байланысты талқыланатын болды. Алақандай аралда отырып, жарты әлемді басқарған астам пейілдің сарқыны, бәлкім. Брексит – ағылшынның «Britain» және «exit» сөздерінің қосындысы, яғни Британияның Еуроодақ құрамынан шығу мүмкіндігіне қатысты туындаған мәселе. 2012 жылы Грекиядағы қаржылық және экономикалық дағдарыс ушығып, Еуроодақтан шығу мәселесін көтергенде, осы тақырыпты қамтитын Grexit атты термин пайда болып еді. Германия канцлері Ангела Меркель бастаған еуропалық саясаткерлердің қажыр-қайратымен Грекия Одақ құрамында қалды. Бірақ Ұлыбритания Еуроодақтан шығу мәселесін көтергенде, оның көздегені басқа еді. Сондықтан да «Грекситке» қарағанда, «Брекситтің» дауы да көп, салмағы да ауырырақ. Ұлыбритания Еуропалық одаққа 1973 жылы мүше болған. Ал 1975 жылы «Осы Одақтың мүшелігінде қаламыз ба, жоқ па?» деген мәселеге орай алғашқы референдум өткізілді. Оның нәтижесіне сай, тұрғындардың 67 пайызы Еуроодақта қалуды қолдап дауыс берген. Шындығында, Альбион тұрғында­ры­ның арасында «Осы біз бекер қосылған жоқпыз ба?» деп күмәнданушылар әлі де аз емес. Соңғы қырық жылда қайта-қайта қаузалып, енді міне, бүкілхалықтық референдумда тағдыры шешілуі тиіс мәселе ең өткір тақырыпқа айналды. Бәлкім, бұл референдумнан кейін де таңдаудың дұрыс не бұрыстығына шүбәланатындар көп болар. Британдықтардың қанына сіңген әдет – оңаша аралда отырса да, кездесулерде жарты әлемді билеп отырғандай астамдықты сезінетін жайы бар. Жарты әлемді билеген Британ империясы ыдыраса да, өздерінің үстемдігі мен даралығына деген сенімі күшті. Обалы нешік, британдық сана өзін – зор, өзгені – қор санайтын санаттан емес. Керісінше, алақандай аралда отырып, әлемнің тағдырына өзін жауапты сезінудің әдеті қалмаған. Шындығында, ағылшындар барша адамзатты екіге ғана бөліп қарайды: ағылшындар және басқалар. Кеше ғана тұтас халықтарды колония ретінде боданында ұстаған Британия бүгінде өзін ешкімнің алдында кінәлі деп те, ешкімнің алдында қарызбын деп те сезінбейді. Есесіне, өзгелерде есем кетті дейтін алакүде көңілден бойы мен ойын аулақ ұстайды. Кешегі империялық күйдің енді қайта келмесін жақсы түсінеді де, оған қабырғасы қайыспайды. Ендігі алаңы – Біріккен Корольдік бүгінгі бақуаттылығы мен тыныштығын сақтап тұру үшін қандай саясат жүргізгені жөн – мүддесі сол ғана. Өткен жүзжылдықта айтылған сөз әрқашан өзекті: «Англияның мәңгі досы не мәңгі жауы жоқ, тек мүддесі ғана мәңгі». Еуроодақ құрамынан шығу не құрамында қалу мәселесі де осы тұрғыдан – Ұлыбритания үшін қайсысы тиімді, қайсысы пайдалы деген бағытта қарастырылады. Өзгелерге жағыну, халықаралық қауымдастық алдында бетперде ұстану, елдің имиджін сақтау, саяси ойын ойнау – британдықтардың ғадетінде жоқ. Оларды бір-ақ нәрсе толғандырады: ортақ өгізден оңаша бұзау артық па? Әлде бүгінгі жағдай әлдеқайда тиімді ме? Осы мәселенің ұшығына жетсе, олар үшін халықаралық имидж де – сол, саяси ойын да – сол. Ендеше, Брекситтің пайдасы мен зиянын біз де сарапқа салып көрелік. Экономика. Брекситті қолдаушылар жыл сайын британдық үкіметтің Еуроодақ қазынасына қомақты қаражат бөліп отырғанын алға тартады. Биылғы жылдың өзінде Ұлыбританияның Брюссельге берешегі 17,8 миллиард фунт стерлингке жеткен, дегенмен оның 4,9 миллиарды кешірілетін не қайтарылатын қаражат. Сонымен қатар, биылдың өзінде 4,4 миллиард фунт стерлинг Еуропа одағының ауылшаруашылығына субсидия беру және басқа да бағдарламалар аясында жұмсау үшін Британ үкіметіне қайтарылған. Анығы, Ұлыбритания Еуроодақ үшін донор-мемлекет. Бұған қоса, Брекситті жақтаушылар апта сайын Одақ мүшелігі үшін британдықтардың қалтасынан 350 миллион фунт стерлинг төленіп жатыр деп байбалам салуда. Сонымен олар Брюссель мен Одаққа мүше кедей елдерді асырағанша, өз ақшамызды өзіміз жұмсауға ерікті боламыз деген мазмұндағы пікірді жалаулатуда. Ал Еуроодақ құрамында қалуды жөн көретін топ мүшелік жарна үшін төленетін ақшадан Британияның Одақ мүшесі ретінде табатын экономикалық пайдасы әлдеқайда басым деген уәж айтады. Олардың пікіріне жүгінсек, Брексит жүзеге асқан жағдайдың өзінде Британия Еуроодақтың ортақ нарығына есік ашу үшін мүшелік жарна төлеуді жалғастыра бермек. Оның үстіне, қазіргі таңда Еуроодаққа төлейтін ақшасы жан басына шаққанда Ұлыбританияның шығынынан әлдеқайда асатын мемлекеттер бар. Мысалы, Германия мен Франция Брюссель қазынасына айтарлықтай көбірек қаржы құяды. Бұл топтың айтуынша, Брекситтің кесірінен әрбір британдық отбасы 4300 фунт стерлинг шығынға ұшырауы әбден мүмкін. Бірақ өткен аптада Британ парламен­ті­нің қазыналық комитеті екі тараптың да дәйектерін жоққа шығарды. Брекситті қолдаушылар да, оған қарсы шығушылар да экономикалық деректерді өз мүдделеріне орай бұрмалауда деп айыптады. Осыдан соң британдықтар есеп-қисаптан жаңылып, олардың Брексит мәселесінде таңдау жасауы одан сайын қиындай түсті. Халықаралық саясат және қауіпсіздік. Брекситті қолдаушылар мен қарсылық білдірушілерді Британияның халықаралық саясаттағы болашақ рөлі қандай болатыны қатты алаңдатады. Сондықтан да бұл мәселе қаржы-қаражаттан кейінгі орында тұр. Брекситті қолдаушылар қауіпсіздік тұрғысынан алғанда, НАТО мен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі мүше болудың салмағы Еуроодақ мүшелігінен әлдеқайда артық деп санайды. Олардың айтуынша, Ұлыбритания тәуелсіз мемлекет ретінде халықаралық саясаттағы ықпалы қазіргіге қарағанда әлдеқайда артық болмақ. Қарсы тарап ең әуелі соңғы жылдары Еуропалық одақтың халықаралық саясат­тағы ролі артқанын тілге тиек етеді. Олар Ұлыбритания Еуропа одағына келелі мәселелерде кесек шешімдер қабылдауға көмектесуі керек деседі. Оның үстіне, еуропалық әріптестерінен оқшаулануы Ұлыбританияның әлемдік аренадағы беделін түсіруі мүмкін деп сескенеді. Осы орайда, терроризм мен экстремизммен күресте жұмыла әрекет етудің маңыздылығы да баса айтылып жүр. Британдықтар бұл референдумда тек өз елінің тағдырын емес, әлемдік геосаясаттың келешегін шешетіндей сыңай танытады. Мысалы, Түркия Еуропалық одаққа мүше бола ма, жоқ па деген мәселені қазір Лондонда Брексит тұрғысынан талдап жатыр. Брекситті қолдаушылар «Түркия Еуропалық одаққа мүше болса, мигранттар мәселесі одан әрі ушығады» деп қазірден басты алып қашуды ұсынса, оларға қарсы пікір айтқысы келген Дэвид Кэмерон «Түркия қазіргі қарқынмен 3000 жылы ғана Еуропалық одағының мүшесі болады» деп салды. Премьер-министрдің елді шулатқан мәлімдемесі бір бұл ғана емес. Брекситті жоққа шығарамын деген бір сөзінде ол «егер Ұлыбритания Еуропа одағының құрамынан шығатын болса, оған қуанатын жалғыз әлемдік көшбасшы Ресей президенті ғана болатын шығар» деп қалды. Осыдан соң Ресей президентінің баспасөз хатшысы Д.Песков бұл мәселеге орай арнайы түсініктеме беруге мәжбүр болған. Миграция. Брексит мәселесінің төтесінен қойылуына көші-қон мәселесінің түрткі болғаны даусыз. Еуропада миграциялық дағдарыс басталмай тұрып-ақ, Ұлыбритания Еуропа одағының өз ішіндегі миграция қарқыны мен бағытына наразы еді. Себебі Шығыс Еуропа елдерінен ағылған арзан жұмыс күші Ұлыбританияның экономикасына салмақ салды, оның үстіне, Лондон одақтас елдерінің азаматтарына өз тұрғындарымен бірдей жағдай жасап, оларды баспанамен, жұмыспен, тегін медициналық қызметпен қамтамасыз етіп, балаларына білім беруге жағдай жасауға тиісті болды. Статистикалық мәліметтерге қарағанда, жыл сайын Ұлыбритания аумағына 300 000 мигрант келеді екен. Қазіргі үкімет көші-қон көлемін 100 000 адамнан асырмауға уәде еткенімен, бұл сөзінде тұра алмай келеді. Соңғы кездегі ресми деректерге қарасақ, бір жылда Британияға Еуропа одағының елдерінен 184 000 мигрант, ал басқа мемлекеттерден 188 000 мигрант келген. Осы сандарды ескеріп, Брекситті жақтаушы топ Еуроодақ құрамында қала беру деген сөз – миграция мәселесін қадағалауда қауқарсыз болу деп санайды. Олардың айтуынша, денсаулық сақтау, білім беру сияқты әлеуметтік салалар тоқтаусыз ағылып келіп жатқан келімсектердің кесірінен ауыр жағдайда қалған. Егер Одақ құрамынан шыққан жағдайда, онда Британ азаматтары үшін ұзын-сонар кезектерден құтылып, сапалы қызмет көрсететін жағдай туындайды деп дәмелендіреді. Оның үстіне, ел ішіндегі жұмыссыздық деңгейінің өсіп, жалақы көлемінің азаюының себебін де мигранттардан көреді. Ең бастысы, Брекситті жақтаушылар елге келіп жатқан мигранттардың саны ресми көрсеткіштен әлдеқайда көп деп санайды. Одақ құрамында қалуды қолдаушы­лар­дың бұл мәселеде өз айтары бар. Олар Еуропа одағына мүше мемлекеттерден кел­ген азаматтар Британ бюджетіне салық төлейтінін алға тартады, тіпті олардың табысынан төлейтін салығы көбірек деген пікір бар. Бұған қоса, қазіргі премьер-министр Дэвид Кэмерон еуропалық әріптестерімен саудаласып, алдағы төрт жылда жаңадан келетін мигрант­тарға берілетін жеңілдіктерді азайтуға келісім жасаған. Бұған дейін Еуропа одағына мүше мемлекеттердің азаматтары одақ құрамындағы кез келген елде сол елдің тұрғындарымен бірдей құқықтар мен жеңілдіктерге ие болатын. Яғни, жұмысқа тұру, әлеуметтік баспанаға ие болу, медициналық көмек алу, білім алу, жұмыссыздығына байланысты жәрдемақы алу т.с.с. көптеген жеңілдіктер жергілікті үкіметтің есебінен төленетін. Британ үкіметі алдағы төрт жыл бойы осы міндеттемелердің ауыртпашылығынан құтылуды көздеп отыр. Сыртқы сауда. Ұлыбританияның сырт­қы экономикасындағы сауда-саттықтың кем дегенде жартысы Еуроодақ елдерімен жүргізіледі. Еуроодақ аясында тауарлар мен қызметтердің, ақша айналымының еркін жүргізілуіне және жұмыскерлердің еркін жүріп-тұруына барынша жағдай жасалған. Ең бастысы, Ұлыбритания одақ аумағынан тыс жерлерде Еуроодақ мүшесі ретінде келісімге отырған. Брекситті қолдаушылардың бұл мәселе­де үні бәсеңдеу шығады. Себебі егер Еуроодақ құрамынан кететін болса, онда басқа мемлекеттермен Ұлыбритания жеке ел ретінде қайтадан сауда-саттық және экономикалық әріптестік туралы келісім шарттарды қайта жасауға мәжбүр болады. Ал бұның Британ экономикасы үшін қаншалықты ауыр болары белгісіз. Бірақ мұның өз артықшылықтары болуы ғажап емес. Мысалы, жергілікті кәсіпкерлер Еуроодақтың қысымы мен талаптарынан босайды. Оның үстіне, Ұлыбритания Еуроодаққа экспортынан гөрі импорт көлемі әлдеқайда артық, сондықтан екіжақты сауда-саттық онсыз да жалғасуы тиіс. Бірақ қарсы тарап Еуроодақ құрамынан шыққан күнде де еуропалық талаптарды орындауға тура келеді деп санайды, басқаша жағдайда ортақ нарыққа жол жабылады. Оның үстіне, экспортқа деген тәуелділік Ұлыбританияны Еуроодақпен тығыз қатынаста болуға мәжбүр етеді. Ал Брексит жергілікті экономиканы дағдарысқа ұшыратып, экономикалық өсімді күрт баяулатуы мүмкін деген қауіп зор. Сонымен, 23 маусымда Ұлыбритания азаматтары бүкілхалықтық референдумда дауыс береді. Премьер-министр Дэвид Кэмерон «Еуроодақта қалу не оның құрамынан шығу» мәселесінде тұрғындардың таңдауы қайсысына түссе де, референдум шешімі қайта қаралмайды деп мәлімдеді. Егер британдықтардың басым көпшілігі Брекситке қатысты «Иә» деп жауап берсе, Еуропалық одақтан шығу алдағы екі жылдың ішінде жүзеге асуы тиіс. Британдықтар Еуроодақсыз өмір сүру мүмкін бе, әлде жоқ па деп бас қатырып жатқанда, кәрі құрлықтағы әріптестердің мұңы бөлек. Егер Брексит шынымен жүзеге асатын болса, Еуропалық одақ үшін бұл – ыдыраудың басы болады деген қауіп бар.  

Гүлбиғаш ОМАР

Ұлыбритания