«Дем жетпей жатыр»: Трампқа тықыр таянды ма?
«Дем жетпей жатыр»: Трампқа тықыр таянды ма?
«Дем жетпей жатыр». АҚШ-та полиция қызметкерінің қолынан қаза тапқан афроамерикалық Джордж Флойдтың өлімінен кейін басталған жаппай наразылық шерулерінің басты ұраны бұл. Құрама штаттардан басталып, әлемнің әр бұрышында жалғасқан акциялардың мақсаты біреу: нәсілшілдікті жою, аз ұлттарға қатысты әділетсіздікті тоқтату.
Жалған ақшадан басталған басыну
Әлем назарын аударған оқиға АҚШ-тың Миннеаполис қаласында (Миннесота штаты) болды. Жергілікті дүкен кассирі полицияға телефон шалып, клиенттердің бірі жалған банкнотпен есеп айырыспақ болғанын хабарлаған. Оқиға орнына көп ұзамай жеткен тәртіп сақшылары күдіктінің қолына кісен салғаннан кейін офицерлердің бірі оның желкесін аяғымен 9 минуттай басып тұрған. Тыныс ала алмай, даусы қарлыққан афроамерикалық «Дем жетпей жатыр» деп ыңырсыған. Тыныс алуға мұрсат беруін өтінген. Жалынған. Алайда полицей оның сөзін құлаққа ілмейді. Тіпті, Флойдтың мұрнынан қан кетіп, қимыл-қозғалысы күрт тоқтағанына қарамастан, тәртіп сақшысы оны қылқындыруды жалғастыра берген. Жедел жәрдем жеткен уақытта афроамерикалық өлімалды халде болыпты. Ақырында Джорд Флойд ауруханаға жетпей көз жұмды. Франциядағы нәсілшілдік пен полицияның зорлық-зомбылығына қарсы акцияларға 20 мыңнан астам демонстрант қатысты. Лилль қаласының полициясы сенбіде наразылық білдірушілерді тоқтату үшін көзден жас ағызатын газды қолданған. Германия астанасы Берлинде нәсілшілдікке қарсы шеруге 15 мыңға жуық адам қатысқан. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, Александерплацтың орталық алаңындағы «Үнсіз наразылық» акциясы бейбіт және полициямен еш қақтығыссыз өтті. Акцияға қатысушылардың көпшілігі қара түсті киініп, асфальтта 8 минут 46 секунд үнсіз отырды. Полиция қызметкері афроамерикалық Джордж Флойдты тізесімен дәл осынша уақыт тұншықтырған еді.9 минуттық қорлық – 40 жылдық қамау
Джордж Флойдты өлтірген полицей Дерек Шовинге бастапқыда үшінші дәрежелі кісі өлтіру дерегі бойынша айып тағылған. Кейіннен Миннесота штатының прокуратурасы сот ісін екінші дәрежелі кісі өлтіру дерегі бойынша өзгертті. Сонымен қатар ел бойынша жаппай митингке әкеліп соққан оқиға барысында қызметте болған өзге үш полицей де қамауға алынды. Оларға «арандатушылыққа барып, адам өлтіруге көмектесті» деген айып тағылды. АҚШ-та екінші дәрежедегі кісі өліміне қатысты айып бойынша оқиға қасақана жасалған әрекет деп саналмаса да, адам өміріне әдейі зиян келтіру немесе немқұрайлық салдарынан адам өлтіру фактісі деп есептеледі. Бұл айыптау бойынша бұрынғы полиция қызметкері Дерек Шовинге 40 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін. Прокуратура келтірген мәліметтерге сәйкес, Флойдты тұтқындау кезінде Шовиннің жанында болған өзге полиция қызметкерлерін де ұзақ мерзімге абақтыға қамау және қомақты айыппұл салу жазасы күтіп тұр. Оларды сотқа дейін тұтқыннан босатудың кепілдік сомасы – 1 миллион АҚШ доллары. Джордж Флойдтың өлімінен соң АҚШ-та тәртіп сақшыларына деген өшпенділік артты. Наразылық шерулері кезінде бірнеше қалада полицейлерге шабуыл жасалды, тас атылды. Тәртіп сақшыларына оқ атқандар да бар. Бұл туралы Нью-Йорк полициясында жұмыс істейтін отандасымыз Димаш Ниязов айтты. «Бұл бүлік полицейлерге қарсы өшпенділік тудырды. Сондықтан әріптестерімізге жасалған шабуылдар жиілеп кеткен. Ереуілшілер оларға тас, кірпіш, жандырғыш қоспасы бар шөлмек лақтырды. Таяуда 3 офицерге оқ атылды. Тағы біреуіне пышақпен шабуыл жасалды. Абырой болғанда, бәрі тірі қалған. Олар ауруханада ем қабылдап жатыр. Қазір тұрғындар бізге қоңырау шалып шақырғанда екі полиция көлігімен баратын болдық. Өйткені кейбіреулер бізді әдейі тосып, шабуыл жасауға дайындалып отырады», – дейді Димаш.Black Lives Matter: Қозғалыс неден басталды?
Афроамерикалықтар ондаған жылдар бойы құқыққорғау органдары тарапынан көрсетілетін қысастыққа шағымданып келеді. Тәртіп бұзушыны тұтқындау, жазалау кезінде нәсілшілдікке жол берілетіні, терісінің түсіне, ұлтына, дініне қарай бөле-жару, алалау жылдар бойы жалғасып келе жатқаны жиі айтылады. Бүгінде афроамерикалықтар АҚШ тұрғындарының небары 13 пайызын құрағанымен, олардың жазасын өтеушілер арасындағы үлесі 60 пайызға жетіп отыр. Washington Post басылымының дерегінше, полицейлер қолынан қаза тапқандардың 26 пайызы – қара нәсілділер. Ал тәртіп сақшылары өлтірген қарусыз адамдардың үштен бірін афроамерикалықтар құрайды екен. Алайда афроамерикалықтарға шамадан тыс қысым көрсеткен, өліміне себепші болған ақ нәсілді полицейлер көп жағдайда жазықсыз деп танылады. Тәртіп сақшыларының кінәсін дәлелдейтін дәйектің көптігіне қарамастан, жазадан жалтарып кеткендері көп. Бұл қара нәсілділер арасында америкалық құқық қорғау жүйесінің әділдігіне сенімді азайтты. «Мұндай оқиғалардың жиілеуі және айыптылардың жазасыз қалуы – афроамерикалықтарға берілген белгі: қара нәсілділердің өмірінің құны жоқ», – деді өкілдер палатасының Демократиялық партия атынан мүшесі Джерри Надлер АҚШ конгресіндегі полицейлер тәжірибесі жөніндегі ашық тыңдауда. Надлер 2013 жылы болған оқиғаны еске салды. Осыдан 7 жыл бұрын Флорида штатында қара нәсілді бозбаланы өлтірген 28 жастағы полицей Джордж Циммерман жазықсыз деп танылған-ды. 17 жастағы Трейвон Мартин қарусыз болған, алайда тәртіп сақшысы өзімді-өзім қорғадым деген желеумен күдіктіге оқ атқан. Соттың Циммерманды сүттен ақ, судан таза деп тануы АҚШ-та «Қара нәсілділердің өмірі маңызды» (Black Lives Matter) қозғалысының құрылуына түрткі болды. 2014-2016 жылдар аралығында қарусыз афроамерикалықтардың бірнеше мәрте полицейлер қолынан қаза табуы адамдардың жаппай көшеге шығып, наразылық білдіруін жиілетті. Наразылық акцияларының соңы көп жағдайда бұзақылыққа ұласып, тұрғындар мен полицейлер арасындағы қақтығыспен аяқталып жатты. Флойдтың өлімі секілді оқиғалардың көпшілігі видеожазба арқылы көптің назарына ілініп, қоғамда үлкен резонанс тудырды. Мәселен, 2014 жылдың шілдесінде Нью-Йоркте полиция темекі өнімдерін заңсыз саудалады деген күдікпен Эрик Гарнер есімді күдіктіні ұстаған. Қарусыз афроамерикалықты тұтқындау сәтін сол маңнан өтіп бара жатқандар видеоға түсіріп алған. Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбадан 43 жастағы күдіктіні полицейлердің бірі жерге құлатып, тұншықтыру әдісін қолданғанын көруге болады. Гарнер дем ала алмай жатқанын айтып, тыныс жолын босатуды өтінген. Күдіктінің өтінішін елемеген полицей ақыры оны өлтіріп тынды. Алайда жазықсыз деп танылып, жазадан жалтарып кетті. Гарнердің өлімінен кейін небары бір ай өткен соң Миссури штатындағы Фергюсон қаласының полициясы қара нәсілді жасөспірім Майкл Браунды атып өлтірді. Браун қарусыз болған, бірақ оған оқ атқан тәртіп сақшысы өзін-өзі қорғауға мәжбүр болғанын айтып ақталған. Сот оның сөзіне шүбә келтірген жоқ. Мұндай оқиғалардан кейін АҚШ-та үлкенді-кішілі ереуілдердің болуы өткен ғасырдың соңынан бері қалыпты құбылысқа айналғандай. Алайда Джордж Флойдтың өлімінен соң Құрама штаттардың шекарасынан асып, әлемнің бірнеше мемлекетін шарпыған әрі ұзаққа созылған шерулерден соң Американың ақ жағалылары әрекетке көшу керегін түсінгендей. Бірнеше штат пен қала басшылары мұндай қайғылы жағдайдың қайталануына жол бермейтін шаралар қабылдауға уәде берді. Нью-Йорк штатының губернаторы Эндрю Куомо тәртіп сақшыларына тұншықтыру әдісін қолдануға тыйым салмақ. Ал Калифорния губернаторы Гэвин Ньюсом полицейлерге мұндай әдісті үйретуді тоқтатуға пәрмен беретінін айтты. Портленд мэрі Тед Уилер құқық қорғау органдарына бейбіт шерулер кезінде көзден жас ағызатын газ қолдануға тыйым салды. Сиэтлдың мэрі Дженни Деркан да дәл осындай шешім қабылдапты.Трамп «ұпай» жинай алмады
Әр штат, қала басшылары тұрақтылықты қалпына келтірудің жолын іздеп, ашынған жұртты сабасына түсірудің қам-қарекетін жасап жатқанда Ақ үй басшысы, керісінше, отқа май құйып, толқуларды келіссөзбен емес, күшпен басып-жаншуға үндеді. Трамптың ереуілге шыққандарды тарқатуға ел әскерін жұмылдыру қажеттігі туралы мәлімдемесі ел саясаткерлерінің қарсылығын тудырды. АҚШ-тың бұрынғы қорғаныс министрі Джеймс Мэттис Дональд Трампты қоғамды қасақана жікке бөлгісі келеді деп айыптады. Экс-министрдің пікірінше, ереуілдерді күшпен басу – билікті асыра пайдалану. Мэттис америкалық құндылықтарды қорғау үшін көшеге шығып, өз талаптарын қойған наразы топты қолдайтынын жеткізді. Джеймс Мэттис 2018 жылы Трамптың АҚШ әскерін Сириядан шығару туралы шешімінен соң, өз еркімен отставкаға кеткен. Одан кейін елдегі жағдайға араласып, қандайда бір мәселе жөнінде пікір білдіріп көрген емес. Сондықтан оның өткен аптада The Atlantic журналында жарық көрген сыни пікірі көптің назарын аудармай қоймады.