Жаңалықтар

«Астана Операның» жетекші солисі өмірден өтті

ашық дереккөзі

«Астана Операның» жетекші солисі өмірден өтті

Бүгін, 10 маусымда «Астана Опера» балет труппасының жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тайыр Ғатауов қайтыс болды. Жақында белгілі әртіс жол апатына ұшыраған еді. Тайыр Ғатауовтың есімі қазақстандық балет жылнамасына мәңгілікке жазылды, оның еңбегі баға жетпес: ол елордадағы хореографиялық өнердің негізін қалаушылардың бірі болды. Оның гастрольдік кестесі ауқымды еді, солист Қазақстанның мәртебесін шетелде асқақтатып, Франция, Венгрия, Италия және т.б. елдерде өнер көрсеткен. Көптеген халықаралық байқаулардың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дебюттер достастығы» ТМД жастар сыйлығының лауреаты – оның марапаттар тізімін ұзақ жалғастыра беруге болады. Тайыр Ғатауов би ұстазының отбасында дүниеге келген, әкесі оған бала күнінен бастап заманауи және халық билеріне деген махаббатты бойына сіңдіріп, А.Селезнев атындағы хореографиялық училищесіне оқуға берген. 2003 жылы училищені үздік тамамдаған соң, Тайыр Күляш Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрының солисі атанды, сол жерде 10 жыл еңбек етті. Ал 2013 жылы «Астана Операның» жетекші солисі болды. 2007 жылы аты аңызға айналған миландық Ла Скала театрында (Италия) тағылымдамадан өтті. 2018 жылы Қазақ ұлттық хореография академиясын тамамдап, «Өнертану ғылымдарының магистрі» біліктілігін алды. Тайыр Ғатауов жарқын да ұмытылмас бейнелер галереясын жасады. «Астана Опера» өнерсүйер қауымының жадында ол П.Чайковскийдің «Аққу көліндегі» Зигфрид, П.Чайковскийдің «Щелкунчик» балетіндегі ханзада Щелкунчик, Л.Минкустың «Баядеркасындағы» Солор, Л.Минкустың «Дон Кихот» балетіндегі Базиль ретінде және өзге де көптеген тамаша партиялармен қала бермек. «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының ұжымы балеттің жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тайыр Талғатұлы Ғатауовтың қайғылы қазасына қайғырып, туыстары мен жақындарына көңіл айтады.