Астанаға кіретін көліктер ақы төлеуі мүмкін

Астанаға кіретін көліктер ақы төлеуі мүмкін

Астанаға кіретін көліктер ақы төлеуі мүмкін
ашық дереккөзі

         Елордаға кіру ақылы болуы мүмкін. Бас қала аумағындағы көшелердің белгілі бір бөлігін ақылы ету мәселесі кеше Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің отырысында қаралды. Бұл туралы  қала  әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

    «Бүгінгі таңда қалада тәулігіне 400 мыңға жуық көлік тіркеледі, сондай-ақ, елордаға алты бағыттан тәулігіне 74 мыңға жуық көлік келеді, бұл кептеліс тудырып, көліктерді тұраққа қою мәселесін қиындатады. Трафикті шектеудің ең тиімді жолдарының бірі – қалаға кіруді ақылы ету. Біз қала аумағында көшелердің белгілі бір учаскелерін ақылы қылуды ұсынамыз», - деді Е.Сүлейменов.

Нақты қай учаскелердің ақылы болатыны әзірге белгісіз. Қоғамдық кеңес мүшелері осы мәселеге қатысты көп ескерту жасап, сөгіс айтты. Осыған байланысты ақылы тұрақтар жобасы бойынша Қосымша құжаттар, түсіндірмелер, сызбалар сұратып, мәселені Қоғамдық кеңестің келесі отырысында қарау туралы шешім қабылданды. Қалаға кіруді ақылы етуге қатысты ешқандай қорытынды шығарылған жоқ.

Е.Сүлейменов, сондай-ақ, Астанадағы жолаушылар көлігінің жұмысы туралы ақпаратпен таныстырды.«Қазіргі кезде 86 қалалық маршруттың 64-і шығынды болып келеді, себебі 90 теңгелік тариф 2014 жылы енгізілген, сәйкесінше, екі жылда экономикалық жағдай өзгерді. Сондықтан тарифті көтермеу үшін субсидиялау керек», - деді ол. Қоғамдық кеңес мүшелері субсидиялауды қолдады. Алдағы екі жылда қоғамдық көлікпен жүру тарифін бұрынғы деңгейде – 90 теңге мөлшерінде қалдыру көзделіп отыр.