«Нұр Отан» партиясы: Жалпыұлттық диалогтың баламасы жоқ

«Осы кезеңде бізге сырттан сынай қарап отырғандар көп. Біз әлем алдында ұятқа қалмай, күрделі мәселені сындарлы сұхбатпен шеше алатынымызды көрсетуіміз қажет». Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы сөзінен кейін жер реформасына қатысты заң жобасы мейлінше ашық басқосулар мен сабырлы да салиқалы отырыстарда талқыланар тақырыпқа айналғаны қазақтың бірлік пен береке дейтін киелі ұғымдарды қаншалықты биік қоятынын тағы бір мәрте дәлелдеді. Сейсенбі күні Астанада «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің төрағалығымен өткен Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының отырысында айтылған толымды ойлар мен тұшымды пікірлер күрделі мәселені оңтайлы шешімге бір табан жақындата түскендей.Кеңеске облыстардағы ауыл шаруашылығымен айналысып жүрген қожалықтың төрағалары арнайы шақырылып, оларға көкейкесті ойларын жеткізуге алғаш рет мүмкіндік берілгені бұл жиынның мән-маңызын арттыра түсті.

Еліміздегі беделді 5 саяси партияның, ең ірі 17 қоғамдық бірлестіктің, өңірлердегі 500-ден аса үкіметтік емес ұйымдардың басын біріктіріп отырған коалицияның Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада өткен бұл жолғы басқосуына республиканың барлық аймағынан жер тағдырына бейжай қарамайтын азаматтар жиналды.

Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының отырысын ашқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед, ең әуелі, аталған коалицияның қоғамдағы ықпалына тоқталды.

– Өткен Президент сайлауында жетекші саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер және үкіметтік ұйымдар еліміздегі саяси тұрақтылықты сақтау және ұлттық экономикамыздың одан әрі өсіп-өркендеуі үшін жалпыұлттық коалицияға біріккен болатын. Бүгін біз, осы бір керемет дәстүрді қайта жаңғыртып, тағы да жалпыұлттық коалицияға топтасып отырмыз. Біз жер тағдырына, Жер кодексін түзетуге арналған талқылауларға белсене қатысу үшін барша қазақстандықтарды өз қатарымызға шақырамыз. Жер реформасының тағдыры митингтерде емес, дәл осындай ашық сұхбаттасу алаңдарында шешіледі. Өйткені бұл жерде Жер кодексі байсалды, салмақты, іскерлік тұрғыда және жан-жақты талқыланатын болады. Сондықтан пікір білдіргісі келген барша азаматтарды өз ойларын ашық айтуға шақырамыз, – деді М. Құл-Мұхаммед.

Спикер жер реформасы бойынша комиссияның екі отырысы өткенін еске салып, ашық талқылаулар арқылы көптеген мәселелер халыққа тікелей жетіп жатқанын, облыстарда қоғамдық кеңестер құрылғанын, оған барлық мүдделі тараптар, қызығушылық танытушылар, пікір айтамын деушілер қатыса алатынын жеткізді: «Мемлекет басшысы миллиондаған адамдардың тағдырына әсер ететін заңнамаларды бұқаралық ашық алаңдарда, барлық өңірлерде талқылау туралы тапсырма бергені баршаңызға мәлім. Кез келген азамат осында келіп, пікірін айта алады. Біз де осы дәстүрді жалғастырып, аталған мәселені ашық талқылауға жиналып отырмыз».

Жиында сөз алған «Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев талқыға түскен мәселе төңірегінде бірқатар ұсынысын ортаға салды. «Жер тағдыры тәуелсіздікпен тікелей байланысты. Сондықтан да Елбасының оған аса қатты мән беріп, мораторий жариялағанын «Ақ жол» партиясы барынша қолдайды. Енді елдің алдында екі мәселе тұр. Жекеменшiк – нарықтық экономиканың негiзi. Дегенмен, бұл жерде агроөнеркәсіп кешенін тиімді басқару үлгісі туралы да ескеруге тиіспіз. Мемлекет агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін қомақты қаражат аударып келеді. Алайда оның тиісті жеріне жетіп, тиісті нәтиже беруі ойландырады. Осы саладағы квазимемлекеттік секторлардың ұдайы сынның астында қалуы да соның айғағы емес пе? Мұны бақылап отыру үшін жер прокуратурасының құрылғанын қалаймын. Өйткені жалға берілсе немесе отандастарға сатылса ондағы заңдылықтың сақталуын тұрақты түрде қадағалайтын орган керек», – деді депутат. Сонымен қатар, Азат Перуашев, жер шетелдік компанияларға жалға берілген жағдайда аумақтың құнары сақталып, инвестиция салу арқылы жаңа технологияларды4 игерілуіне баса мән берілуі керектігін айтты:

«Шетелдік компаниялардың қызметін, агротехникалық, экологиялық және басқа да нормаларды сақтауын бақылау ұлттық жоғары деңгейде ұйымдастырылуы керек. Осы ретте Қазақстанмен тікелей шекараласатын елдердің компанияларына жерді жалға беру құқығын алып тастауды ұсынамын. Бұл Қазақстанның интеграциялық міндеттемелерін ескере отырып, сепаратизм мен қоғамдық қатынастардағы қауіптердің алдын алу, болғызбау мақсатында жасалуы шарт».

Қазақстан Коммунистiк халық партиясының хатшысы, Мәжiлiс депутаты Жамбыл Ахметбековтің ұсыныстары да көкейге қонымды. Ол ауылшаруашылық жерлерiн тиісті мақсатта пайдаланбаған азаматтарға үлкен мөлшерде айыппұл салынғаны жөн деп есептейді. «Бiз, коммунистер, Елбасының Жер кодексіне байланысты жариялаған мораторийін толық қолдап, қуаттаймыз. Бұған қоса, біздің партия ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердi дұрыс пайдаланбағаны үшiн жергiлiктi атқарушы органдарға жауапкершiлiктi күшейту керек деп санайды. Сондай-ақ, ауылшаруашылық жерлерiнiң құнар­лылығын төмендеткенi, мақсатына сай пайдаланбағаны үшiн үлкен мөлшерде айыппұл салу қажет. Ал алынатын айыппұлды аудандық бюджеттерде қалдырып, оларды сол ауданның ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында пайдаланған жөн», – дедi Ж.Ахметбеков.

«Ауыл» партиясының төрағасы, Сенат депутаты Әли Бектаевтың пікірінше, жер жекеменшікке берілсе де, жалға берілсе де қатаң бақылау орнатылуы қажет. «Біздің партия жер және ауыл шаруашылығы мамандарымен ақылдаса келе, жерге қатысты реформаларды толық қолдайтынын мәлімдейді. Ең бастысы, жер қай кезде де өз иесін табуы қажет. Сонымен бірге, жерді жалға берсек те, жекеменшікке берсек те оған қадағалау қатаң болуы тиіс. Ол бір ғана министрлік арқылы қадағаланбай, халық та, қоғам да, әкімдіктер де бұған мүдделі болуы шарт», – деді Ә.Бектаев. Бұған қоса, сенатор жерді шетелдіктерге жалға берудің ел экономикасын ілгерілетуге қосар үлесі мол екеніне назар аударды.

Жиын барысында өз ойлары мен ұсыныс-пікірлерін ортаға салған Халық Қаһарманы, «ҚР Қарулы Күштері ардагерлері» ҚБ үйлестіру кеңесінің төрағасы, Мәжіліс депутаты Бақытжан Ертаев, Мәжіліс депутаты Юрий Тимощенко, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев, Қазақстанның Еңбек ері, «Агрофирма «Родина» ЖШС директоры Иван Сауэр, Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов та жерді экономика игілігі үшін тиімді пайдаланудың маңызын сөз етті. Әсіресе, «Родина» агрофирмасының басшысы Иван Сауэрдің: «Заңда «шетелдік азаматқа жер сату әрекеті Отанға опасыздық жасау» деп жазу керек», – деген мәлімдемесін жиылғандар тегіс қолдады.

Салиқалы сұхбат, тұшымды талқылаудан кейін жиынды қорытындылаған Мұхтар Құл-Мұхаммед:

– Бүгін біз алдымызда тұрған жер реформасына қатысты мәселені мейлінше ашық талқыладық. Әртүрлі пікірлер айтылды. Тіпті бір сұраққа қатысты мүлдем қарама-қайшы пікірлерді де естідік. Оның басым көпшілігінде жердің қамқор иесі болу керектігіне және ауылшаруашылық мақсатындағы жерлер осы салада айтарлықтай тәжірибесі бар нағыз аграрлы сала мамандарына, яғни өз ісінің шеберлеріне берілуі керектігіне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар, ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді толығымен түгендеуді тыңғылықты жүргізу керектігі жөнінде де пікірлер айтылды. Жерді жалға алған шетелдіктердің оны түрлі қитұрқылар арқылы жекеменшікке алуын мүлде болдырмайтын механизмдер енгізілуі керек. Жер тек қазақстандықтарға берілуге тиіс және олардың өз үлесін шетелдіктерге сатуына жол бермейтін заң нормалары болғаны дұрыс деген ұсыныстар ортаға салынды. Жердің нақты құнын анықтау тәсілін жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныс енгізілді. Заңда қоғамның кең көлемде қатысуымен және тек бәсекелестік негізінде жүргізілетін аукциондар мен конкурстарды ашық өткізудің тәртібі нақты белгіленуі керек, – деді. Бұдан әрі «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары осы жиында айтылған салмақты ұсыныстар Елбасы тапсырмасымен құрылған жер реформасына қатысты республикалық комиссия талқысына ұсынылатынын жеткізді: «Сіздердің барлық ұсыныстарыңыз мұқият зерттеліп, жүйеленгеннен кейін Мемле­кет басшысының тапсырмасымен құрылған жер реформасына қатысты республикалық комиссияға жолданады. Біздің коалициямыздың отырысы барлық қоғамдық күштердің арасындағы келелі келіссөздердің маңыздылығын тағы бір дәлелдеп берді. Жалпыұлттық диалогтың ешқандай баламасы жоқ. Тек келіссөзге келу арқылы ғана біз көптің көңілінен шығатын заң жобасын жасауға қол жеткізе аламыз. Осылай ғана қоғамдағы тұрақтылықты сақтап, мемлекет дамуының болашағына жол ашамыз».

Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының бұл жолғы отырысы маңызды мәселені ұжымдасып шешу қоғамның бірлігін арттыра түсетінін көрсетті. Кеңес қорытындысы бойынша Демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясының бірлескен үндеуі қабылданды.

 

Анар ЛЕПЕСОВА

Back to top button