Коронавирусты симптомсыз өткеретін науқастарды емдеу тәсілі өзгереді – министр
Коронавирусты симптомсыз өткеретін науқастарды емдеу тәсілі өзгереді – министр
Бұдан былай коронавирусты симптомсыз өткеретін науқастар үйден емделеді. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді.
«Бүгінгі күні елімізде коронавирус инфекциясымен 12 124 адам ауырып, тіркеуге алынды. Қазіргі уақытта осы азаматтарға қатысты ақпараттарды толық зерттедік. Олардың 77 пайызы симптомсыз науқастар деп анықталды. Соған қарамастан тіркеуге алынған азаматтарға мемлекет тарапынан толықтай медициналық-диагностикалық көмек тегін көрсетіледі. Бұл медициналық көмек тек қана халықаралық әріптестермен ақылдасқан, ғылыми-зерттеу жұмыстарына негізделген клиникалық хаттама арқылы өткізіледі. Бұл хаттаманы еліміздің ең белгілі медицина мамандары әзірлеп бекіткен», - деді министр.
Е.Біртановтың айтуынша, аталған нұсқаулық эпидемия басталғаннан бері 8 редакциялаудан өткен. Хаттаманы қолданудың арқасында науқастардың 58 пайызы, яғни 6 288 адам дертінен айықты. Қазіргі күні 5 836 науқас дәрігерлердің бақылауымен ем қабылдауда.
«Жақында біз осы ғылыми-зерттеу жұмысымыздың негізінде еліміздегі коронавирусқа қарсы шараларды өзгертіп, жаңа тәсіл енгіздік. Ол халықаралық стандартқа да сай келеді. Біз симптомсыз науқастарды ауруханаға жатқызбай жергілікті емханаларда, үйлерінде, яғни стационарлық карантинге жатқызбай үй карантинінде бақылауға аламыз. Мұндай науқастарды бақылау жауапкершілігі жергілікті емханаларға жүктеледі. Учаскелік дәрігерлер арнайы дайындықтан өткен. Бүгінде ауруы жеңіл деңгейдегі науқастардың көпшілігі инфекциялық ауруханаларда жатыр. Бірақ, осы аптадан бастап жаңа хаттаманы енгіземіз», - деді министр.
Айта кетейік, өткен тәулікте елімізде коронавирус жұқтырудың 271 жаңа дерегі тіркеліп, өсім 2,3 пайызды құрады.
Бүгінге дейін республика бойынша індеттен 6469 науқас емделіп шықты. Дерті асқынған 48 науқас көз жұмды.