Әлем көз тіккен Астана форумы
Әлем көз тіккен Астана форумы
Кеше елордадағы Тәуелсіздік сарайында жаһанның белді саясаткерлері мен беделді сарапшыларының басын қосқан Астана Экономикалық форумы «Жаңа экономикалық шынайылық: әртараптандыру, инновациялар және білім экономикасы» тақырыбын арқау етті.
Биылғы жылы форумды ҚР Ұлттық экономика министрлігі, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ және «Қазақстан экономикалық бастамалар қоры» ұжымдық қорлары ұйымдастырып отыр. Екі күнге жоспарланған форумда 20-дан астам іс-шара өткізілмекші. Бұлар негізгі төрт бағытта, яғни, әлемдік экономика, экономиканы әртараптандыру, инновациялар мен технологиялар, білім экономикасы сынды тақырыптарға топтастырылған. Биылға жиынға 3000-нан астам делегаттар тіркелді. Олардың арасында интернет-коммерция саласындағы AliBaba Group Қытай компаниясының негізін қалаушы Джек Ма, ЕҚҚДБ президенті Сума Чакрабарти, Колумбия университеті Жер институтының директоры және «The Economist» британдық журналының нұсқасы бойынша үш ең беделді әлем экономистерінің бірі Джеффри Сакс, Массачусетс технологиялық институтының экономика профессоры, «Why Nations Fail: Origins of Power, Poverty and Prosperity» әлемдік бестселлердің авторы Дарон Аджемоглу және ДСҰ бас директоры Роберту Азеведу бар. Сақа сарапшылардың басын қосқан салиқалы диалог алаңы биыл да жаһандық мәселелерді талқылап, маңызды ұсыныстар айтылатын орынға айналмақ. Осы уақытқа дейін форум өткізу нәтижесінде Қазақстанға 150 елден 43 мыңға жуық делегат келген. Жай келмей жалпы соммасы 17.8 млрд доллардан астам қаражат болатын 280 келісімшартқа қол қойған. Сондықтан екі күнде де жиын жұмысы мемлекетіміз үшін табысты болады деген сенім бар.
АЭФ барысында жоспар бойынша 2050 жылға дейінгі энергетика дамуының әлемдік сценарийлері талқыланды. Оның ішінде «Болашақ энергиясы: жаһандық трендтер және технологиялар», Жаңартылған Бреттон-Вудс комитетімен бірге ұйымдастыратын «Гипер жаһандану дәуірінің соңы», сондай-ақ «The Economist» халықаралық беделді басылыммен бірге ұйымдастырылған «Қазақстандық инвестициялық саммит» сессиялары форумдағы басты тақырыптарға айналмақ. Бұған қоса, биылғы форум БҰҰ Даму бағдарламасы ірі халықаралық ұйымының 50 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Осыған орай АЭФ шеңберінде «БҰҰДБ 50 жылдығы: Орнықты даму мақсаттарына жетуді жеделдету үшін жаңа мүмкіндіктерді зерттеу» жеке сессиясын өткізу де жоспарда бар. Жиынның келесі күнінде мамырға «The Financial Times» халықаралық басылыммен бірге ұйымдастырылған Қазақстандық жекешелендіру форумы өтпек.
Бір айта кетерлігі, форум биыл ақылы негізде өткізіледі. Пленарлық отырыстардан бөлек, басқосуларға қатысу үшін – 35 мың теңге, ал барлық талқылауларға қатысқысы келетіндер 100 мың теңге төлеуі тиіс. Сондай-ақ, келген қонақтар инновациялық технологиялар көрмесін аралай алады. Ал форумдағы алғашқы сессияның ашылу рәсімі барысында еліміздің Премьер-министрі Кәрім Мәсімов қатысып, Үкімет жоспары мен әртараптандыру бағытында іске асырылатын түйінді саяси бастамалар жайын сөз етті. Баяндамасында «Бір белдеу – бір жол» жобасын тілге тиек еткен Үкімет басшысы аталған бастама ХХІ ғасырдағы ең ірі жобалардың біріне айналатындығын айтты: «Жібек жолы тек сауда-саттықты ғана дамытып қойған жоқ. Ол сол кезеңдегі алдыңғы қатарлы тәжірибенің, жетістіктер мен білімнің алмасуын ынталандырып, ғасырлар бойы үлкен Еуразиядағы бейбітшілік пен сұхбаттастықтың нығаюына септігін тигізді. Соңғы онжылдық бойы Азияның дамуы азиялық өңір ішіндегі, сонымен бірге Азияның Еуропамен және Америкамен барынша тығыз өзара іс-қимылының қажеттігін көрсетті».
Бұдан бөлек, Қазақстан атынан сөз алғандардың қатарында Бақытжан Сағынтаев, Әсет Исекешев, Қайрат Келімбетов бар. Өз кезегінде ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов АЭФ қатысушыларын Астана Халықаралық қаржы орталығын дамытуға шақырды. «Қуатты қаржы орталығын құру – еліміз экономикасының ары қарай өсімін қамтамасыз етудің негізгі жағдайларының бірі болып табылады. Сонымен қатар, Орталық Азия өңірінде және Еуразиялық экономикалық одақ аясында экономикалық қатысуды арттыруға жол ашады», – форум аясындағы «Астана Халықаралық қаржы орталығын дамыту үшін тетіктер және құралдар» атты сессия жұмысында. Осы орайда, ол Қазақстан қажетті ішкі және сыртқы бәсекелестік басымдықтарға ие екенін, яғни географиялық орналасуы, экономикалық-саяси тұрақтылық, қолайлы салықтық климат, мемлекеттік қорлардың ауқымды көлемі және басқа да қолайлы жағдайлар тиісті мүмкіндіктер беретінін атап өтті. «Бұның барлығы Астанадағы Халықаралық қаржы орталығын дамыту шараларын сәтті жүзеге асыруға жол ашады. Атап айтқанда, ЭКСПО-2017 көрмесін өткізгеннен кейін, орталық контентін жаңа идеялармен, алдыңғы қатарлы инновациялық шешімдермен толықтыру ескеріліп отыр. Оның ішінде қаржылық қызметтер саласында тың қадамдар қамтылады. Осы орайда Астана Халықаралық қаржы орталығын дамыту үшін озық қаржылық тетіктерді жеткізу мақсатында форум қатысушыларын ЭКСПО жұмысына және аталған көрмеден кейін де белсенді қатысуға шақырамын», – деп түйді сөзін Б. Сұлтанов.
Бір айта кетерлігі, Астана экономикалық форумы аясында «Самұрық-Қазына» қорының «Samruk-Kazyna 2020» кітабы таныстырылды. Басылымда қор мен оның портфельдік компанияларындағы трансформация бағдарламасы жайлы өзекті ақпараттар мен бағдарламаның нәтижесінде түсетін пайда туралы болжамдық мәліметтер берілген. Аталған кітапта «Самұрық-Қазына» АҚ трансформациясы туралы өзекті деректер жинақталған және жұртшылықтың, БАҚ пен сарапшылардың негізгі сұрақтарына жауап берілген. Бұған қоса, Қазақстан экономикасының күре тамырына айналған қордың еншілес компанияларын да трансформациялау жоспарлары әзірленген. Кітап қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде шығарылып отыр.
Астана қаласы