Мәдениет көктемеген жерде экономика да өркендемейді
Мәдениет көктемеген жерде экономика да өркендемейді
Адамзаттың көп ғасырлы тарихы сын сағаттарда рухани байлықтың шешуші рөл атқаратынын талай мәрте дәлелдеген. Мәдениеті, имандылығы, интеллектуалдық потенциалы бай адам мен қоғам ғана қандай қиыншылықты да жеңуге қабілетті. Экономикалық дағдарысқа мәдени күйреу мен имансыздық қосылса – ақырзаманға апаратын тура жол сол.
Статистикалық мәлімет дейтін бір ғажайып бар. Ол самсаған сансыз цифрлардың көмегімен бір аймақ, бір ұлттың ғана емес, тұтас бір тұлғалы мемлекеттердің де кірісі мен шығысын таразыға дәл тартып, ұлттың да, қоғамның да, елдің де, тіпті қажет болса, бүкіл әлемнің де бет-бейнесін айнадағыдай анық көрсетіп тұрады. Әйтсе де, сол статистикалық мәлімет дейтін ғажайыптың ғаламат айнасы да мәдениетке көңіл бөлу не бөлмеу арқылы жеке адамдардан бастап бүкіл қоғамның да жоғалтқаны мен тапқанын анық айта алмайды. Айта алмайтыны, мәдениет – ешқашан ештеңемен өлшеуге болмайтын баға жетпес байлық. Мәдениеттің жеке адамнан бастап бүкіл адамзатқа жасар ықпалы мен тигізер шапағаты ешқандай өлшеумен салмақтауға сыймайды.
Имандылық пен мәдениет егізден егіз. Мәдениетті адам имансыз, иманды адам мәдениетсіз бола алмайды. Өкінішке қарай соңғы жылдары біз мәдениетке деген мешеу көзқарастың тар шеңберінен шыға алмай қалдық. Оған қоса мәдениеттің ұлттық түп-тамырына балта шабуға дейін бардық. Ұлттық санамызды әлсірету арқылы мәдениеттің ұлттық нәрі мен әрін де жоғалтып ала жаздадық. Мәдениетті идеологиялық құрсаулармен қысып, оның еркін ұшар қуатты қанатын еркіндігінен айыруға дейін бардық. Қашан, қай мәдениет болмасын жүйелі түрде тоқтаусыз дамыса ғана өлшеусіз өспек. Өкінішке қарай, Қазан төңкерісінен кейін қазақ даласына, өміршіл, әкімшіл орталық арқылы жеткен Батыс мәдениетінің көлеңкелі жақтарына көзсіз еліктеу ұлттың ұлттық болмысын көрсететін, жан дүние байлығын жайып салатын ұлттық ерекшеліктерден айыра бастады. ХІХ ғасырда гүлдену дәуірін басынан кешкен, адамзат тарихына Абай, Шоқан, Ыбырай, Ақан сері, Біржан сал сынды алыптарды берген қазақ мәдениеті идеологияның тар қапасына қамалып, бірізділіктің шеңберінен шыға алмай қалды. Аты белгісіз арғы замандардағы тасқа жазылған жазулар мен ойып салынған ойлы суреттер, Алматы іргесінде табылған Алтын киімді адам, қазақ қолөнерінің шыңы – киіз үй мен сәулет өнерінің үздік үлгісі Қожа Ахмет Ясауи, Айша Бибі кесенелері – қазақтың ұлттық мәдениетінің менменсінген Еуропа мен асқақтаған Азияның, тәкаппар Таяу Шығыстың қай елімен болса да терезесінің тең тұрғанының дәлелі болса керек.
Өзекті өртер бір өкініш – бүгінгі ұрпақ әрісі шетел, берісі туысқан республикалар мәдениеті тарихынан хабардар да, өзінің ұлттық мәдениетінің қайнар көздері мен тарихын жете біле бермейді. Біздің ғалымдарымыз орыстың «Игорь полкы туралы жыры» мен қырғыздың «Манасы» жайлы ойлы, мазмұнды зерттеулер жазды. Белгілі зерттеушілердің құнарлы қаламынан туған құнды еңбектер ұлттық рухани қазынамызды байытуға өзіндік үлес қосты. Дей тұрсақ та, халықтың тарихы мен мәдениетін сарыла зерттеп, сапалы еңбек беріп жүргендер қатарының әлі де селдір екендігін ашық айтуымыз керек. Соның салдарынан қазақтың бай тарихы мен мәдениетін өзге жұртқа танытпақ тұрмақ, өзіміз де әлі толық тани алмай отырмыз. Білімсіздіктің үлкені тарихың мен тегіңді, ұлттық мәдениетің мен қайнар бастауларыңды білмеу.
Мәдениет көктемеген жерде, экономика да көгермейді. Ондай ортада қуатты қоғам болуы да мүмкін емес. Тарих тағылымы көптеген қуатты мемлекеттердің күйреуінің басты себебі әскери қуатының немесе экономикасының әлсіздігінен емес, қоғамның имансыздығы мен мәдениетсіздігінен деп талай рет дәлелдеген. Осы ойларға ортақтасар болсақ, біздің қазақ халқының алдында ұлттық сана мен ұлттық мәдениетті көтеру бағытында істелер істің ұшан-теңіз көптігіне көз жетеді.
Кең байтақ қазақ даласында тарихи, мәдени ескерткіштер аз емес. Бірақ өкінішке қарай сондай мәдени байлықтарымыз жайлы көп томдық энциклопедияны былай қойғанда, күні бүгінге дейін шет жұртқа көрсетіп, сыйға тартар сәнді анықтама – альбомдарымыздың өзі жоқтың қасы. Қазақстандағы жалпы саны 25 мың болатын тарихи және мәдени ескерткіштер кең даламыздың әр қиырында тарыдай шашылып жатыр. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі Оңтүстік өлкесінде болса, Жошы хан кесенесі Орталық Қазақстанда. Міне, осы қымбат қазыналар жайлы киноленталар жасап шығарсақ, қаншама ұлттық қазынамыз барын әлемге паш етер едік. Басқасын былай қойып, қазақтың бір ғана киіз үйі жайлы ғажайып ғылыми-көпшілік таспа жасауға болмас па еді?! Патшалық Ресейдің қазақ даласын отарлау саясатын жүзеге асыруға атсалысып, халқымызды қынадай қырған қанішер Ермакка Кеңес өкіметі кезінде қаланың атын да беріп, оған зәулім ескерткіш қойдық. Ұлтымыздың мақтанышы Махамбет, Жұмай Тәшенов, Ақан сері, Құрманғазы сынды алыптарға күні бүгінге дейін астана төрінен орын таба алмаймыз. Осы да әділеттілік пе? Жидебайдағы Абайдың, Сырымбеттегі Ақан серінің әдеби музей-қорығын жасау да көп кешіктірмей жүзеге асырар келелі міндеттің бірі болса керек.
Қазақ мәдениетінің көп томдық тарихын жасауды бұдан әрі кешеуілдете берудің жөні жоқ. Біздің тарихымызға байланысты материалдар Қытай, Сирия, Түркия, Иран, Үндістан тәрізді шет мемлекеттер мен Мәскеу, Ленинград, Ташкент, Орынбор, Уфа, Баку, Қазан, Улан-Удэ архивтерінде сарғайып жатыр. Соны іздеу, табу, жариялау қажет. Ол үшін араб алфавитін, шет тілі білетін білікті жастарды көптеп оқыту керек. Біз өз мәдени тарихымыздан гөрі шетел мәдениетінің тарихын жақсырақ білеміз, соған көбірек көңіл бөлеміз. Ұлттық шеңбермен шеттеліп қалғанымыз жақсы, әрине, алайда, өзімізді өзіміз танымауымыз жақсылық емес. Адам алдымен өзін білмей тұрып, өзгені біле алар ма, өзін құрметтемеген адам өзгені құрметтей алар ма?
Жеке адамның да, қоғамның да даму деңгейі ең алдымен мәдениетпен өлшенеді. Мәдениет, имандылық, интеллектуалдық потенциал қоғамның қазіргі хал-ахуалы ғана емес, оның болашағын да анықтайды. Болашақ – жастардікі, көкөрім балалардікі! Олай болса бүгінгі жас ұрпақ бұл қағиданы әркез жадында ұстауы ләзім. Ал мемлекеттің міндеті – мәдениеті, оның қайнар бұлағы – әдебиетті көздің қарашығындай сақтау! Әлемді құтқаратын – мәдениет.
Сәбит ДОСАНОВ,
Мелекеттік сыйлықтың лауреаты
Алматы қаласы