Мың домбыра, мың күйші

Мың домбыра, мың күйші

Мың домбыра, мың күйші
ашық дереккөзі
Соңғы жылдарда ұлттық музыканы дамытуда түрлі бағыттар пайда болып, қазақ халқы өз өнерін ұрпақтан ұрпаққа саф күйінде жеткізуге ұмтылуда. Соның бірі – ұлттық саз аспабымыз домбыраның кең түрде насихатталуы болса керек. Бүкіл Қазақстанды шарлаған флеш-моб форматындағы «Домбыра party» қозғалысы кезінде сәнге айналып, жалпыхалықтық саз құралы домбыраны бұрынғыдан бетер танымал еткен-ді. Тіпті бұл қозғалыс Моңғолиядағы қазақ диаспорасы көп шоғырланған Баян-Өлгей аймағында, Стамбұл, Лондон сияқты ірі әлемдік орталықтарда да өткізіліп, қазақтың қасиетті аспабының қасиетін арттыра түсті. Қазір де музыканттардың өте үлкен тобының басын құрап, мыңдаған адамдық оркестрмен күй орындау да дәстүрге айналып келе жатыр. Осы аптада Қытайдың Шыңжаң өлкесі,Тарбағатай аймағы, Толы ауданында «Тарбағатай тау гүлі шешек атты» домбыра мәдениеті мерекесі басталып, осымен үшінші рет өткізіліп отырған шарада бір мезгілде мың адам домбырамен күй орындап, шығыстағы алып елде қазақ әуенін шалқытты. Бұл туралы Қытай елінің Kazak.ts.cn сайты хабарлап отыр. Мамырда Толыда тау гүлдері шешек атып, қыраттар қырмызы түске еніп, дала ерекше сәнденеді. Осындай табиғаттың ерекше түрленген шағында ұлттың төл өнерін де көркейте түссек деген ізгі ниеттен туған бұл шара – көрші елдегі қандастарымыздың отаншылдығының жарқын көрінісі болса керек. Домбыраның әлем қазақтарының біртұтастығын танытатын символға айналуы – ұлттық сананың өскендігінің, рухани жан-дүниеміздің серпілісінің дәлелі. Айта кету керек, 2010 жылы Қытайда 10 мың домбырашы қазақ халық күйі «Кеңесті» бір уақытта орындап, 2013 жылы күй атасы Құрманғазының 190 жылдығына арналған концерт Гиннестің рекордтар кітабына еніп, Атырауда бір мезетте 1008 музыкант Құрманғазының күйлерін синхронды орындап, рекорд орнатқан-ды.

Ахмет ӨМІРЗАҚ

20160523183930 20160523184017