Сапалы білім қайда бар?
Сапалы білім қайда бар?
Алдағы бес жылда Қазақстанда білім саласына бөлінетін қаражат 6 есе, ғылымға бөлінетін қаржы 7 есе өседі. Қаржыландыру ғана емес, білім ошақтарына, әсіресе, жоғары оқу орындарына қойылатын талап та күшеймек. Өткен аптада Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы Үкіметке жалған диплом беретін мекемелерді жабу ісін созбаққа салмай жедел аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ 2025 жылға дейін еліміздегі 5 ЖОО әлемнің үздік 500 университетінің қатарына қосылуы тиіс екенін баса айтты. Отандық оқу орындары бұл межені бағындыруға дайын ба? Қазақстандық ЖОО-лардың бүгінгі рейтингі қандай?
«Тазарту жұмысы» қай оқу орындарынан басталады?
2025 жылға дейін елімізде білім беру жүйесі түбегейлі реформаланады. Үздіксіз ізденіске, өсу мен дамуға үндейтін жаңа заманның талабы бұл. Президент айтқандай, бұл саланың маңызы артып, тіпті экономиканың өзі ілім-білімге тәуелді болмақ. Сондықтан отандық білімнің сапасын арттыру, университеттердің материалдық базасын нығайту, қазақстандық білім беру жүйесінің беделіне нұқсан келтіретін оқу орындарын жабу мәселесіне баса көңіл бөлінбек. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге үшінші мәрте оралып отыр. 2019 жылғы желтоқсанда Жастар жылының жабылу және Еріктілер жылының ашылу салтанатында «Тағы бір маңызды міндет білім сапасын және қолжетімділігін арттыру болып отыр. «Атамекен» ҰКП деректеріне сәйкес, бүгінде ЖОО түлектерінің шамамен 60 пайызы мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмайды. Бұл біздің білімнің сапасын білдіреді. Жастар оқып жүріп, әсіресе өзінің бейініне тән емес салада жұмыс істейтінін білеміз. Ақша табу – бұл жақсы. Бірақ мүмкіндігінше өзінің мамандығы бойынша ақша тапқан жөн. Соған сай олардың оқуы мен еңбек қызметі параллель әлемде дамиды», – деген болатын. Биыл қаңтар айында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы жоғары білімнің сапасын арттыру мәселесін қайта көтеріп: «Қазіргі таңда елімізде білікті ұстаздардың тапшылығы айқын сезіліп отыр. Мамандардың жасы ұлғайған сайын олардың орнын басатын лайықты мұғалімдер жетіспей жатыр. 330 мың мұғалімнің 27 пайызы – зейнет жасы жақындаған немесе жеткен азаматтар. Сондықтан қалыптасқан жағдайды түбегейлі өзгертуіміз керек. Бізге жаңа талаптарға сай мұғалімдерді даярлайтын жоғары оқу орындары қажет. Диплом сатып, жоғары білімнің беделін түсіретін жекеменшік оқу орындарынан біржолата құтылу керек, – деді. Білім және ғылым министрлігінің дерегінше, Қазақстанда барлығы 132 жоғары оқу орны бар. Оның 65-і жекенің иелігінде. Сарапшылардың айтуынша, оқу орындарының санын қысқартып, сапасын арттыру жұмысы алдымен жекеменшік ЖОО-лардан басталуы мүмкін. Мұндай үрдіс әлемдік тәжірибеде бар. Мәселен, 2018 жылы «Коммерсанть» газеті Ресейдегі ЖОО-лардың жартысы жұмысын тоқтатқанын, яғни жойылғанын жазды. Басылымда жарияланған мақалаға сүйенсек, елдегі жоғары оқу орындары мен олардың филиалдар саны үш жыл ішінде шамамен 1 097 ұйымға қысқарған. Ресейдің Жоғары білім және ғылым министрлігі «тазарту жұмысы» сонымен аяқталғанын мәлімдеді. Елімізде мемлекеттік және жекеменшік оқу орындарының қайсының бәсі басым деген сұрақ туындағанда, ең әуелі, талапкерлердің таңдауына сүйенеміз. Жыл сайын ҰБТ тапсырған соң мектеп түлектері құжаттарын арқалап, мемлекеттік, оның ішінде ұлттық университеттерге жүгіретіні құпия емес. Мемлекеттік грант иегерлерінің арасында жекеменшік оқу орындарын таңдайтындар ілуде біреу. Десе де, 10 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Білім сапасын қамтамасыз ету бойынша тәуелсіз агенттігi (IQAA-Ranking) жүргізген зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, кейбір жекеменшік ЖОО-лардың рейтингі мемлекеттік университеттерден әлдеқайда жоғары. 2019 жылғы қорытындыда «Қазақстанның үздік көпсалалы ЖОО-сы» бойынша Павлодардағы Инновациялық Еуразия университеті, Алматыдағы Халықаралық білім беру корпорациясы кейбір мемлекеттік университеттерден алда тұр. Ал «Қазақстанның үздік гуманитарлық-экономикалық ЖОО ұлттық рейтингі – 2019» аталымында жоғары көрсеткіштерді иеленген Алматы менеджмент университеті, «Болашақ» Қарағанды академиясы, «Тұран-Астана» университеті – үшеуі де жекеменшік ЖОО-лар. Демек, меншік түріне қарай қысқарту оң нәтиже бермеуі мүмкін.Ұлттық рейтинг үздіктері
Тарихқа көз жіберсек, оқу орындарының салыстырмалы көрсеткішін әзірлеу тарихы АҚШ-та басталыпты. 1983 жылы Құрама штаттардағы U.S. News & World Report апталық журналы «Американың үздік колледждері» рейтингін жариялады. Ал Томск университетінің ректоры Эдуард Галажинскийдің зерттеуінде келтірілген дерекке сүйенсек, ең бірінші халықаралық рейтинг (The Academic Ranking of World Universities – ARWU) 2003 жылы пайда болды. Содан бері әлем елдері халықаралық рейтингке қатысуды, сондай-ақ өз ішінде ұлттық есеп жүргізуді әдетке айналдырған. Біздің елімізде де білім ошақтарының салыстырмалы көрсеткішін дайындау жыл сайынғы үрдіске айналған. Бұл іспен бір емес, бірнеше ұйым айналысады. Мәселен, өткен аптада Білім сапасын қамтамасыз ету бойынша тәуелсіз агенттігi (IQAA-Ranking) Қазақстанның үздік университеттері ұлттық рейтингінің 2020 жылғы қорытындысын жариялады. Рейтингке көпсалалы, техникалық, гуманитарлық-экономикалық, медициналық және педагогикалық бағыттағы 44 оқу орны енген. Ұлттық рейтинг қорытындысы бойынша көпсалалы ЖОО-лар арасынан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, техникалық университеттер арасынан Satbayev University, педагогикалық университеттер арасынан Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, медициналық оқу орындары арасынан Семей медицина университеті үздік деп танылды. Ал өнер саласындағы ең үздік оқу орны – Қазақ ұлттық өнер университеті. IQAA-Ranking агенттігі өкілдерінің айтуынша, рейтинг жасау барысында оқу орнының академиялық қызметі, студенттердің оқу үлгерімі көрсеткіштері, профессорлық-оқытушылық құрамның жұмысы, ғылыми-инновациялық жұмыстар, халықаралық ынтымақтастық, түлектердің жұмысқа орналасуы, жұмыс берушілердің және тәуелсіз сарапшылардың пікірі секілді бірнеше өлшемшарт есепке алынады. Сондай-ақ биыл студенттер мен ЖОО түлектерінің пікірі де ескеріліпті. Электронды пошта арқылы сауалнама жүргізіліп, 500-ден астам жұмыс беруші, 150 сарапшы, 3 000 студент және 2 000 түлектің жауабы талданған. Тәуелсіз аккредиттеу және рейтинг агенттігі (IAAR) де жуырда Қазақстан сұранысқа ие жоғары оқу орындары ұлттық рейтингінің биылғы нәтижелерін жариялады. Рейтингке қатысуға республика бойынша 89 ЖОО өтініш беріп, 1 939 білім беру бағдарламасы тіркелген. 2020 жылғы рейтингтің ерекшелігі – БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауда топтар бойынша білім беру бағдарламалары сараланған. Ұлттық есеп қорытындысы бойынша, еліміздегі үздік университеттер көшін Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (152 943 ұпай) бастады. Екінші орында – С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті (70 085 ұпай), ал үшінші орында – Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті (50 051 ұпай). Педагогикалық мамандықтар бойынша Абай атындағы Қазақ педагогикалық университеті алда тұрса, өнер және гуманитарлық ғылымдар жөнінен Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы өзгелерден оқ бойы озық. Медициналық мамандықтар бойынша М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті ең жоғары сұранысқа ие оқу орны деп танылды.Халықаралық рейтинг: қазақстандық университеттер қай орында?
Отандық жоғары оқу орындары бірнеше жылдан бері халықаралық рейтингтерге де қатысып жүр. Солардың бірі – 2004 жылдан бері ұлыбританиялық Quacquarelli Symonds (QS) компаниясы жасап келе жатқан рейтинг. Компания сарапшылары жаһан университеттерін 6 негізгі өлшемшарт бойынша бағалайды: зерттеу қызметі, оқытушылық қызмет, жұмыс берушілер пікірі, мансаптық мүмкіндік, шетелдік студенттер мен оқытушылар саны. Рейтингке қатысу үшін оқу орындары бакалавриат және кем дегенде екі сала бойынша дипломнан кейінгі бағдарлама ұсынуы шарт. Көп жылдан бері QS World University Rankings рейтингінде АҚШ пен Ұлыбритания университеттері көш бастап келеді. Ал өткен жылы аталған тізімде Қазақстанның 8 жоғары оқу орнының аты аталды. Олардың ішінде үшеуі алғашқы 500 университет тізіміне енді. Атап айтар болсақ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (207-орын), Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (418-орын) және Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті (491-орын). Сондай-ақ бұл рейтингке Алматыдағы төрт жоғары оқу орны енді. Олар – Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті (561-570), Қазақ-Британ техникалық университеті (751-800) және Абылай хан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті (801-1 000). Бір айта кетерлігі, QS World University Rankings рейтингіне Қазақстаннан өзге Орталық Азиядағы ешбір университет енбеген. Десе де, Quacquarelli Symonds компаниясы өткен жылы «Дамушы Еуропа және Орталық Азия» атты жаңа рейтинг ұсынып, аталған аймақтардың жоғары оқу орындарына жеке бағалау жүргізді. Тізімге 350 университет енген, оның ішінде Қазақстанның 24 оқу орны да бар. Рейтинг қорытындысы бойынша, отандық университеттер арасында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ топ жарып, 18-орыннан көрінді. Сондай-ақ үздік жүздікке Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті (51-орын), Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті (73-орын), Қазақ-Британ техникалық университеті (94-орын), Қазақ ұлттық аграрлық университеті (97-орын) енді. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті 105-қатардан көрінді.Сессияны жабу – 22 мың теңге,
диплом қорғау – 105 мың теңге
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Президент диплом басып шығаратын ЖОО-ларды жабу мәселесін табанды түрде әрі барынша қысқа уақытта шешуді тапсырды. «Жалған дипломдар беретін кеңселерге біздің жүйемізде мүлдем орын болмауы тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Білім және ғылым министрлігі білім беру талаптарына сай келмейтін жоғары оқу орындарын анықтап, олардың жұмысын тоқтату ісін өткен жылдың соңында бастаған. Мәселен, 34 университетке тексеру жүргізіп, дені заңды өрескел бұзғаны белгілі болды. Министрлік мамандарының айтуынша, сынға іліккен оқу орындарының басты олқылықтары – штаттық бірлік пен оқытушылық-профессорлық құрамның дәрежесі төмен, ҰБТ тапсыру сертификаттары болмаған түлектерді де оқуға қабылдау, оқу алаңдары мен жатақханалардың жетіспеуі, жемқорлық. Тексеру қорытындысы бойынша ведомство 5 университетті лицензиясынан уақытша айырса, 12 жоғары оқу орнына айыппұл салды. Ал 1 университеттің ісі сотқа жіберілді. Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, Шымкенттегі Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университеті Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету жөніндегі комитеттің ұйғарымын орындамаған. Осыған байланысты Комитет университетті білім беру қызметін жүргізу құқығына лицензиядан айыру үшін сотқа жүгінген. 9 қаңтарда Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік соты комитеттің нұсқамасын қанағаттандырып, жоғары оқу орнын лицензиядан айыру туралы шешім қабылдады. Университет студенттері өзге оқу орындарына ауыстырылды. Елімізде жемқорлық жайлаған университеттерді анықтау бағытында «Таза сессия» акциясы да тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Жуырда Nur Otan партиясының Jas Otan Жастар қанаты акцияның екінші кезеңінің қорытындысын жариялады. Анонимді сауалнамаға еліміздегі 64 жекеменшік жоғары оқу орнында оқып жатқан 20 мыңнан астам студент қатысқан. Сауалнамалар негізінде студенттердің жемқорлық фактілерін көрсеткен 7 жоғары оқу орнының рейтингі жасалды. Олар: Нұр-Сұлтан қаласындағы медициналық университет, Жетісай қаласындағы «Сырдария» университеті, Алматыдағы Қазақ туризм және спорт академиясы, Шымкент қаласындағы Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университет, Алматыдағы Орталық Азия университеті, «Алматы» университеті, С.Баишев атындағы Ақтөбе университеті. Респонденттердің пікірінше, жемқорлық дерегі емтихан және есеп тапсыру кезінде (23,8 пайыз), диплом жұмысын қорғау кезінде (8,7 пайыз) көп орын алатыны анықталған. «ЖОО студенттер параны кімге көп береді?» деген сұрақ бойынша студенттердің 30 пайызы конвертті оқытушыларға беретіні, ал 4,4 пайызы ректорларды тікелей сатып алатыны анықталды. Ұсынылатын параның мөлшері де ерекше назар аударуды қажет етеді. Жасотандықтардың дерегіне сүйенсек, Қазақстан бойынша сессияны жабу бағасы – 22 мың теңге, бір пәнді тапсыру – 14 мың болса, курс жұмысын сәтті тапсыру құны – 32 мың теңге. Ал диплом жұмысын өте жақсы деңгейде қорғап шығу үшін 105 мың теңге төлеу қажет болса, ақылы бөлімнен мемлекеттік грантқа ауысу үшін студенттер 400 мың теңге дайындауы тиіс. Толғанай БАЙЫСБЕКОВА, «Болашақ» стипендиясының иегері, Оңтүстік Калифорния университетінің өнер магистрі:АҚШ-та диплом сатып алу деген түсінік жоқ
– Министрлік жоғары оқу орындарын жыл сайын тексереді. Бірақ одан әзірге нәтиже шығар емес. Мәселе талаптың, ереженің жүйесіздігінде емес, тексеру сапасында. Оқу орындарының есік-терезесін, орындықтарын түгендей бергенше, оқудың мазмұнын, оқытушыларының білім-білігін, студенттердің сауатын тексеру қажет. Кейбір мемлекеттік университеттер 40-50 мамандық бойынша маман даярлайды. Әсіресе, өңірлерде шамасы келе ме, келмей ме, қарамайды. Алайда оның жартысынан астамында 2-3 студенттен ғана оқиды. Тексеру барысында министрлік соны неге көрмейді, неге қысқартпайды? Санда бар, санатта жоқ 50 мамандықты оқытқанша, сапалы, қоғамға пайдасы бар 10 мамандықты оқытсын. Жоғары оқу орындарының рейтингін жасауда да шикілік көп. Еліміздің кейбір университеттері халықаралық рейтингтерде жылдан-жылға жоғарылап келеді. Өткен жылы 400-орында болса, биыл 200-орынға көтеріліп жатқандары бар. Бәрі ақшаға келіп тіреледі. Рейтинг жасайтын агенттікке ақша берсең, тізімге қосады. Бермесең, үздіктер қатарынан көріне алмайсың. ЖОО-лар рейтингі білім сапасының көрсеткіші емес. Бәлкім оқу орындарын ынталандыру үшін, жетістіктерін көрсету үшін оның болғаны дұрыс шығар. Алайда рейтинг оқу орындарының қайсысы озық, қайсысы қалыс екенін анықтаудың басты тетігі бола алмайды. Мәселен, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бюджеті 29 млрд теңге болса, аймақтардағы кейбір университеттердің бюджеті 1,5-2 млрд теңгенің айналасында. Айырмашылық жер мен көктей, оларды қалай салыстырасың? Тағы бір қынжылтатыны, қазір ата-аналар университетке бас сұқпайды. Баласын оқуға түсірерде бір келеді, содан кейін тек диплом алған сәтінде бір-ақ төбе көрсетеді. Оқу орнына келіп, жағдайды көзбен көрмеген соң, әлеуметтік желіден оқығаны, жұрттан естігені бойынша «тон пішеді». «Ойбай, ақшамызды жеп қойды», «баламызды дұрыс оқытпады» деп қара күйе жағуға дайын тұрады. Жағдайын айтып, жеңілдік сұрайтын, ақылы бөлімнен грантқа ауыстыруды сұрайтын ата-аналар да көп. Университет – зейнетақы немесе жәрдемақы тарататын мекеме емес, білім беретін, маман даярлайтын орын. Үкімет оқытсын, жатақханаға орналастырсын, шәкіртақы берсін деген масылдықтан арылу керек. Еңбектенсең, оқысаң грантқа да, шәкіртақыға да, жатақханаға да қол жеткізесің. Ақылы бөлімде оқыған күннің өзінде сабаққа да, жұмыс істеуге де үлгеруге болады. Болашақ – еңбектенгендікі, ізденгендікі.