Nur Otan партиясы: «Birgemiz» қорынан тағы да кімдер көмек алады?
Nur Otan партиясы: «Birgemiz» қорынан тағы да кімдер көмек алады?
Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Instagram желісіндегі парақшасында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Birgemiz» қорынан 50 000 теңге көлеміндегі біржолғы төлемдерді тағы да кімдердің алатыны туралы айтты.
«Құрметті достар! Өздеріңізге мәлім, Елбасының бастамасымен Мемлекет басшысы қолға алған дағдарысқа қарсы шараларға қосымша «Birgemiz» қоры мұқтаж қазақстандықтарға қарқынды көмек көрсетуді жалғастырып жатыр.
Түркістан облысының су басқан ауылдарының тұрғындарына нұротандықтар азық-түлік, киім-кешек, құрылыс материалдары мен жеке гигиена құралдары түрінде 1000 тонна гуманитарлық көмек жөнелтті.
«Birgemiz» қорының қаражаты есебінен Достық ауылының тұрғындары жаңа тұрғын үйлермен қамтамасыз етілетін болады», - деді Бауыржан Байбек.
Сондай-ақ, ол күні кеше Елбасымен өткен кездесу барысында партия Төрағасының берген тапсырмаларына тоқталды.
«Nur Otan» партиясы мен Тұңғыш Президент Қорының ұйымдық қолдауымен «Birgemiz» қорының іске асырып жатқан тиімді де ашық жұмысы ірі меценаттардың көкейіне сенім ұялатып отыр. Осылайша таяу уақытта тағы да қосымша қаражат түседі деп күтілуде. Осыны ескерген Елбасы тікелей ауыл тұрғындарына басымдық бере отырып, мұқтаж қазақстандықтарға атаулы көмек көрсетудің төртінші кезеңін іске асыру мүмкіндігін пысықтауды тапсырды», - деп жазды ол.