Жарық диод шамдардың аңызы мен ақиқаты

Жарық диод шамдардың аңызы мен ақиқаты

Жарық диод шамдардың аңызы мен ақиқаты
ашық дереккөзі
  Электр қуатын үнемдеудің түрлі жолдары бар. Әлем астаналарының қатысуымен жарықты бірмезгіл сөндіріп, электр энергиясын үнемдеуге ат салысу акциясы жүргізіледі. Бірақ уақытша сөндіру – мәселені түбегейлі шешпейді. Оған қарағанда үнемді лампа орнату ұтымды шешім. Жарық шамдардың электр үнемдегіш қасиеті бұрыннан белгілі болса да, бертінде ғана жаппай зерттеле бастады. Әсіресе жарық диод шамның үнемдегіш қасиеті әлемде жағылатын электр энергиясының шығынын әжептәуір қысқартты.  Қазақстан экономикасы 2000-шы жылдары қарқынды дамып, электр энергиясына деген сұраныс арта түсті. «Самұрық-Энерго» АҚ болжамына назар салсақ, 2030 жылға қарай Қазақстан бойынша электр энергиясын тұтыну 100,9 млрд кВтсағатты артқа тастап, 144,7 млрд Квтс-қа жетіп жығылмақ.  Бүгінде электр энергиясын тұтыну өндірістен артық, сондықтан азын-аулақ импорттық өнімге жүгінуге мәжбүрміз. Астана қаласының түнгі жарықтарының көркі мен көлемі таңдай қақтырарлық. Астана қалалық әкімдігінің мәлімдеуінше, 2,3 миллиард кВтс-тың 70 пайызы жарыққа жұмсалады екен. Бір тәулікте Алматы тұрғындары шамамен 15-16000 кВт сағат электр энергиясын жағады. Бұл қалалық бюджеттің ай сайын миллиондап шығындануына әкеп соқтырады. Мұндай жағдайда не істеу керек? Жарықты сөндіруге болмайды, көше жарықшамдарын қысқартуға және болмайды. Дүниежүзі бойынша электр энергиясын үнемдеу мақсатында бірнеше сағатқа жарық өшіріледі. Бірақ жоғарыда жазғанымыздай, бұл бастама ақтық шешім емес. Ең дұрысы балама энергия көздерін қолданысқа енгізу керек. Күн мен желдің қуатын қосымша пайдалануға болады, әрине. Алайда біз Жапония сияқты мұхит желінің өтінде орналасқан ел емеспіз. Әсілі желден қуат алу технологиясын орнату мен іске асыру біз үшін әлі де қымбатқа түспек. Ендеше бар дүниені үнемдеуге көшкен абзал. Мәселен, жарықтан бас тартпай-ақ электр энергиясын аз тұтынатын лампаларды кеңінен қолдануға болады. Жарық көздерінің барлығын жарық диодты шамдарға алмастыру қажет. Жалпы жарық диод шам басқа жарық көздеріне ұқсамайды. Мұндай лампада газ бен қыздыру желісі болмайды, шыны сауыты және қауіпті жылжымалы бөлшектері де жоқ. Ең қызығы осындай «электр үнемдегіш лампа барын» жұртшылық біледі. Алайда ауыстыруға асықпайды. «Неліктен» деген сауалға «жұмыс мерзімінің тым қысқалығы» себеп екенін білеміз. Көп ұзамай жарығы бәсеңдеп, кейбірі тіпті өшіп қалатын көрінеді. Қайтадан қымбат лампаға шығындануды кім қаласын?Бағасын білмек үшін бірнеше жергілікті компанияларға хабарласып көрдік, орнату компания есебінен немесе ақылы түрде жүргізіледі. Бағасы  әдепкі лампадан қымбат, шығарған фирмасына қарай бір данасы 500-3000 теңге аралығында. Бұдан өзге базарларда төмендетілген бағамен барлық фирманың лампалары мен диод қойылған аспашамдар толып тұр. Диодты аспашамды (люстра) өз үйімізге де орнатқан едік. Бағасы әдепкі аспашамнан қымбат емес. Жарық беріп тұрғанына екі жылдан асты. Диод жарықтарының ешқайсысы сөнген жоқ, сәулесі де күңгірттенген жоқ. Бірақ базардағы энергия үнемдейтін шамдардың барлығы бірдей сапалы емес. Себебі базар сөрелеріне сапасыз, сертификатсыз және кепілдіксіз өнімдер араласып кеткен. Сондықтан бағадан тыс факторларға: өндіру сапасы, жұмыс істеу мерзімі, кепілдігіне де көңіл аударған жөн. Өйткені  бір жылдың ішінде жарығы сөніп, өткен ғасырдың 70 жылдары тартылған электр жүйесінің мезгілсіз ауытқуларына төтеп бере алмауы мүмкін. Жалпы еліміздегі электр жүйесінің 75 пайызы өткен ғасырда тартылып, жаңа жүйеге көшіп үлгерген жоқ.   Сонымен мұндай лампаның құрылымы туралы аз айтылып жүрген жоқ. Десе де диодты лампаның электр энергиясын тұтынуы 10 есе аз, қыздыру күші 3 есе аз екенін айта кету артық болмас. Жарық беру мерзімі 100000 сағат немесе 11 жыл. Алайда кепілдік 3-5 жылға ғана беріледі. Сондықтан он бір жыл бойы жарық бермейтіні анық. Десе де осынау лампалардың жарығы тұрақты, көзге кері әсері жоқ. Сонымен қатар лампаға сынап салынбайды, оның сыртында өндірушілер жасырып қалатын зиянды металлдар да жоқ. Олай болса қуат көзін үнемдеумен қатар, денсаулыққа да зияны жоқ. Халықаралық Энергетика агенттігінің мәліметінше, әлемде қолданылатын  электр энергиясының 19 %-ы жарықтандыру жұмыстарына жұмсалады. Жарық диодты технологияның арқасында электр қуатын 40 пайызға дейін үнемдеуге болады, сонда жалпы әлемдік қазынадан шамамен 100 миллиардтан астам еуроны үнемдеуге болады екен. Бұл жүйені енгізу үшін жарық беру құралдары мен механизмдерін түбегейлі ауыстыру керек, сондықтан бірқатар мемлекеттер бұл мәселені мемлекет деңгейінде жүзеге асыруда. Австралия, Ресей, Жапония, Оңтүстік Корея, Бразилия, Аргентина және басқа да елдер жаңа жүйеге көшуді бастап кеткелі қашан... Қазақстан да бұл бағытта аз еңбектенген жоқ.  2012 жылдан бастап 100, 75, 25 ваттық лампаларды қолдануға тыйым салынып, орнына электр үнемдегіш немесе диодты шамдар қолданысқа енді. Жоғарыда аталған электр үнемдегіш лампалар көпшілікке спираль пішінімен таныс. Ал жарық диодты лампалардың мүмкіндігі мен үнемдеу қабілеті жалпақ жұртқа әлі де болса беймәлім күйде. 

Алматы – диод шамдар шаһары

Коммуналдық шаруашылық монополистердің қолында екені баршаға аян. Тарифтің күн санап артуына халық таңқалмайтын да болған. Мәселен,  2016 жылдың басында Алматы қаласы мен Алматы облысы бойынша электр энергиясының бағасы тағы қымбаттады. Ендеше не істемек керек? Өз бетіңмен үнемдеу қарекетіне көшіп, «ақылды» шамдарды орнату керек. Жалпы мұндай қымбатшылықтан кейін жергілікті тұрғындар жарық диодты шамдарды орнатуға назар аудара бастады.          Алматы қаласы әкімдігі қалалық жарықтандыру құзырындағы жарық көздерін 2017 жылға дейін тегіс ауыстырмақ. Нәтижесінде 70 мыңнан астам натрилік шамдар энергетикалық тиімділігі жоғары жарық диодты шамдарға алмастырылады. Себебі жарық диодты шамның жұмыс жасау мерзімі мен жарық сапасы бірнеше жылға кепілдік бере алады. Бұл қалалық бюджеттің шығысын 30 пайызға қысқартпақ. Мәселен, «Архитектурное освещение» онлайн журналының мәліметіне сүйенсек, Нью-Йорк қаласына 2013-2017 жылдар арылығында көше шамдарын жарық диодты шамға ауыстыру үшін 76 миллион доллар бөлінген. Осылайша Нью-Йорк басшылығы жылына электр энергиясын 6 миллион долларға, ал техникалық қызмет көрсетуді 8 миллион долларға қысқартып отыр. Журнал басшылығының есептеуінше, жаңа жобаға салынған қаражат 6 жылдың ішінде өзін ақтап алады. Бұл бір ғана мысал. Әлем мемлекеттерінің көпшілігі түнгі жарыққа жұмсалатын электр энергиясын үнемдеу үшін толық модернизация жүргізуде. Бүгінде Алматы қаласындағы Медеу ауданының мыңнан астам диодты жарықшамдары 2012 жылдан бері пилоттық жоба есебінде жарығын түсіріп келеді. Еуропа Қайта құру және Даму банкі мен «Алатау жарық комапаниясы» АҚ 2015 жылы диодты шамдарды жеткізу мен орнатуға байқау жариялаған еді. Есесіне жеңімпаз компания 2017 жылға дейін Алматы қаласын толық диодты шаммен қамтамасыз етпек. Осылайша жергілікті бюджеттің қолданатын энергиясын 5 жылға белгіленген кепілдік мерзімінде үнемдеп отырмақ. Алматы қаласын таза қалаға айналдыру мақсатында түрлі жұмыстар жүргізілуде. Күнделікті қоқысты көшеге лақтырмау, аулада тазалық жұмыстарын жүргізу, улы газ бөлетін құрылғылар көмегінен бас тарту сияқты баршаға аян қарекеттен тыс, үнемдеу жүйесін пайдалану жұмыстары жүзеге асырылып келеді. Атап айтсақ, Ян Гейл жобасы бойынша Алматыдағы Б. Момышұлы және Тимириязев көшелерінің жаяу жүргінші жолдары кеңейтіліп, велосипед жолақтары қосылды. Осы аймақта көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, балалар ойнайтын алаңқай мен отырғыштар да орналасты. Бұл жоба қалада жанармай жағатын көліктерден бас тартып, велосипедке жаппай көшуге арналған алғышарттар. Бүгінде әлемнің ең таза мегаполистері қатарына енген Нью-Йорк, Мәскеу, Лондон және басқа да батыс астаналары бұл жобаны баяғыда қабылдап, бүгінде жемісін көруде. Қазба байлығы мол Қазақстан жасыл экономикаға көшу, балама энергия көздерін пайдалану, үнемдеу және қоршаған ортаға қауіпсіз жүйе қалыптастыруды кейінге шегеріп келгені белгілі. Дүниежүзі бойынша ең лас қала Пекин болса, жасыл желек жамылған Алматымыз осы тізімнен 8 орынды иемденген.  Еліміздің энергия тұтыну мөлшері ауыр индустриясы дамыған елдермен салыстырғанда үш есеге көп. Қуат көздерінің аяусыз шығындалатыны металлургия және электр энергиясы екен. Бұл энергияның жарықтандыруға жұмсалатынын ескерсек, дәп осы бағытта үнемдеу жұмыстарын жүргізу кезек күттірмес шара екеніне көз жеткіземіз. P.S. Энергия көздерін үнемді пайдалану бүкіләлемдік проблемаға айналды, ал оны жүзеге асырудың жолдары көптеген мемлекеттерде жаппай қолға алынды. Әлемдік дағдарыс, қуат көздерінің күн санап қымбаттау салдарынан еліміздің осы жүйені стратегиялық жоспар етіп алғаны түсінікті де. Өндіріс орындары мен электр энергиясын алуда қазба байлықтың, оның ішінде мұнайдың қолданылатыны баршаға мәлім. Алайда 50 жылдан кейін мұнай қорының таусылатынын ескерсек, энергияның балама көздерін орнату мен үнемдеуді бүгіннен бастаған абзал.