Шетелдегі қандастарға білім грантын көбейтуді ұсынды

Шетелдегі қандастарға білім грантын көбейтуді ұсынды

Шетелдегі қандастарға білім грантын көбейтуді ұсынды
ашық дереккөзі
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Асылбек Қожахметов шетелдегі қандастарға көптеп грант бөлуді ұсынды. – Бізге қандастар үшін бөлінетін грант­тардың санын арттыру керек. Себебі шеттегі қазақтарды отандық жоғары оқу орын­дарына тарта білсек, оларды елде қалдыру мүмкіндік­те­рі де арта түседі, –  деді Асылбек Қожахметов Ұлт­тық қоғамдық сенім кеңесі­нің кезекті оты­рысында. Сонымен қатар «Білім және ғылым министр­лігінің ЖОО-ларды автономияландыру бағытындағы жұмысын қолдайтынын жеткізді. «ЖОО-ларға автономиялық мәрте­бе беру – олардың жауапкершілігін арттыра түседі. Оларға барлық құзырет берілуі керек», – деді кеңес мүшесі. Бұл мәселе туралы 30 сәуір күні газеті­міздің №17 санында «Қандастарға арналған білім гранты шетел қазағын атажұртқа тартудың ең негізгі тетігі» деген тақырыпта мақала жазылған болатын. Аталған мақа­лада шетелден келген қазақ жастары­ның грантпен оқуға түсуінің пайдасы – көші-қонды жандандырудың бірден-бір жолы екені және қандастардың білім алуына тиімді тетік екені баса айтылған еді. Президенті жанындағы Ұлттық қоғам­дық сенім кеңесінің мүшесі Ауыт Мұқибек әріптесі Асылбек Қожахметовтің шетелдегі қандастарға көптеп грант бөлу ұсынысына қолдау білдірді. Ол қандастар көшінің екінші толқыны басталуға жақын екенін айтады. – Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бүгін­гі үшінші отырысын қоғам өміріне тың бетбұрыс әкелетін тарихи оқиға деп айтуға болады. Пандемия бүкіл жер шарындағы мемлекеттердің бәрін басқаша стандарттармен өмір сүруге мәжбүр етті. Соның ішінде Қазақстан да бар. Осы пандемия барысында Президент денсаулық сақтау, білім, ғылым, ауыл шаруашылығы саласындағы кем­шіліктердің бәрін айтып өтті. Сондық­тан біз өзімізді-өзіміз асырау деген қағидат­ты бірінші орынға қоюға тиіспіз. Ол үшін ғылым мен білім, денсаулық сақтау саласын кемелдендіру керек. Осыған байланысты Ұлттық кеңестің мүшелері бүгін өз тарапынан өте құнды ұсыныстарды ортаға салды. Бірақ бұл квота да аздық етеді. Себебі Қазақ көшінің екінші үлкен толқыны басталайтын деп тұр. Қазақстанда оларды құжат­тан­дыратын заңдық негіз дайын деп айтуға болады. Әйтсе де, толықтырар тұстар да баршылық. Мәселен қандастарды баспанамен, жермен қамту жағы секілді мәселе­лерді нақтылай түсу керек. Қазақстандағы демографиялық тоқырау соған мәжбүрлеп отыр. Ол күн де алыс емес. Ертең бе, бүрсігүні ме ол көштің үлкен толқыны басталады. Соған дайын болуымыз, ең алдымен, келген жастарды оқытып, білім беруіміз керек. Сондықтан менің ойымша, 4 пайыз грант аздық етеді. Мен оны кемінде 10 пайызға көбейтуді ұсынар едім. Олар Қазақ­станға қазір қажетті ауыл шаруашылы­ғы саласына керек мамандық­тарды үйренуі тиіс, – деді Ауыт Мұқибек.