Дандай Ысқақұлы, профессор: Қазақы тәрбиеленген жан қазаққа қызмет етеді

Дандай Ысқақұлы, профессор: Қазақы тәрбиеленген жан қазаққа қызмет етеді

Дандай Ысқақұлы, профессор: Қазақы тәрбиеленген  жан қазаққа қызмет етеді
ашық дереккөзі
Филология ғылымдарының докторы, профессор, Сүлейман Демирел атындағы университет ректорының кеңесшісі Дандай Ысқақұлы білім, ғылым және тіл мәселесі жайлы талай жазған. Қоғамды оятуға күшін аяған емес. Оның ой-толғамдары көзіқарақты оқырманды бейжай қалдырған емес. Таяуда ғалымның қоғамдағы толғақты мәселелер туралы пікірімен танысудың сәті түскен еді. – Ғылым жас шағынан бір салаға машықтануды талап етеді. Сіз жалпы ғылым саласында қанша жыл қызмет еттіңіз? – Ғылымдағы жолымды 1977 жылы сол кездегі М.С. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің «Журналистика» факультетінен бастадым. Содан бері қырық жылдай табан аудармай, осы салада тер төгіп келе жатқан жайым бар. – Қазір қоғамда екі түрлі пікір бар. Оның бірі, «сол кездегі білім мен ғылымның сапасы да, деңгейі де жақсы еді. Ғылымға деген көзқарас өте ерекше болды. Талабы да күшті болатын, алып-жұлып бара жатқан реформасы да жоқ еді. Қазіргі білім мен ғылым бетімен кетті» дегенге сайса, екіншісі, «жоқ, қазіргі реформалар жақсы жолға бастап жатыр, бұрын тым жалпылама еді», – дейді. Осы екі жүйеде де қызмет еткен адам ретінде түйген пікіріңіз бар шығар? – Кеңестік кезеңде білім беру жүйесінің деңгейі қазіргімен салыстырғанда, анағұрлым артық болатын. Бір ғана мысал айтайын, «Әдеби сынның тарихы» деген пәннен дәріс оқыдым. Сол пәнге бір тоқсанда 123 сағат бөлінетін. Ал қазір небәрі 30 сағат (2 кредит) бөлінеді. Кеңестік кезеңнің бір айырмашылығы, студентке айтарлықтай фундаментальды білім беретін. Негізгі білімді жоғары оқу орнының аудиториясынан алатын. Ал қазір білім береміз деп айта алмаймыз. Қазір тек проблемалардың басын қамтып, шолып, тек бағыт-бағдар ғана береміз. Яғни, қазіргі бағыт басқаша. Студент білімді қажетсінсе, өз бетімен ізденуі керек, ұстаз – тек бағыттаушы ғана. Демек, білім берудің принципі өзгеріп отыр. Бірақ біз бұндай өзгерістерге дайын емес едік. Білім-ғылымның беделі өсіп, ғылыми орта қалыптасып, саналы түрде білім мен ғылымды қажет ететін жағдайға жеткенде ғана, осы принципті ұсынсақ дұрыс болар ма еді. Қазір бізде білім-ғылымның беделі түсіп кетті. Кеңес дәуірінде ұстаздардың беделі аса жоғары еді. Білім мен ғылыммен айналысып жүргендердің орны ерекше болатын. Оларды ұлттың байлығы деп есептейтін. Бес жыл оқытып шығарған педагогқа мемлекет әжептәуір қаржы жұмсады ғой. Сондықтан да ол – капитал. Ал ғылым жолындағы адамдардың табысы, айлығы аса жоғары болды. Профессорлардың айлығы облыстың бірінші хатшысының деңгейінде-тұғын. Бұл өз кезегінде ғалымдардың өз ісіне мұқият ден қоюына, балаларға сапалы білім беруге құштар болуына мүмкіндік тудырды. Нарықтық экономиканың бізге бергені – білім мен ғылымның беделі төмендеп кетті. Керісінше, ақшасы бардың мәртебесі жоғары заман болды. Тіпті, «сонша ақылды болсаң, неге ақшаң жоқ» деген принцип алға шықты. Соңғы кездерде ғылым-білімге деген көзқарастың, мәдениетіміздің неге құлдырап бара жатқанын білгім келіп біраз әрекеттендім. Осы жолда Батыс философтарының, идеологтарының еңбектерін оқи бастадым. Жаһанданудың не екенін білгім келді. Қазір сұрағыма жауап тапқан секілдімін. Жаһандану дегеніміз – бүкіл әлемге батыстық азғантай топтың билігін орнату. Оны «золотой миллиард» деп атайды. Оның басты мақсаты – халықтың ұлттық, тілдік ерекшеліктерін, діни наным-сенімдерін жою. Жаһанданудың теориясын жасаған азаматтардың бірі Даллестің: «Халықты өзінің игі дәстүрлерінен, түп-тамырынан ажырату үшін, күн ұзаққа эротика, соғыс, төбелес, ыржақай музыка секілді арзанқол дүниемен алдандыру керек» дегені бар. – Сіздіңше, біздің ұлттық және ақпараттық саясатымыз бұған қарсы тұра алмай ма? – Ең өкініштісі, қазіргі ақпараттық жүйедегі бей-берекетсіздік – жаһанданудың өзіндік ерекшеліктерін жеткілікті түрде түсінбеуден болып жатқан сияқты. Жеңіл-желпі ақпараттарды беру арқылы халқымыздың көңілін өмірдің шындығынан, шынайы проблемалардан бұрмалап әкету саясаты бар секілді. Бұның аяғы тілдің, ұлттың экономикалық, рухани негіздерінен айыруға апарып соғады. Яғни, тобырлық мәдениетке көшудің алғашқы сатысы. Билік сатыларында отырған көптеген шенеуніктің көрген-баққаны батыстық үлгі болып отыр. Өзіміздің ұлттық тамырымызды, ата дәстүріміз бен мәдениетімізді білмейді. Білсе, ақпараттық саясаттағы бұндай жүйесіздікке жол бермес еді. Сол себепті де, ұлттық мектептегі тәрбиені қолға алу керек. Ұлттық педагогиканы саналарына сіңіру керек. Бірақ, өкінішке қарай, бізде осы жағы құлдырап барады. Бізде үш тұғырлы тіл саясатын дәріптеп, бастауыш сыныптан бастап шетел тілін үйрету секілді саясаттардың алға шығуы – ұлттың болашағына аса қауіпті. Қазір мектептің жаңа үлгісін ұсынып жатыр. Онда сабақтың елу пайызы ағылшынша, гуманитарлық пәндердің кейбірі орысша, бір-екі пән ғана қазақша болады дейді. Бұл ұлттық білімнің тамырына балта шабатын әдіс. – Неден қауіптенесіз? – Ұлттың өркендеуі үшін, ұлт мықты болуы үшін оның тілі мықты болуы керек. Тіл мықты болуы үшін оның атқаратын белгілі қызметтері бар. Ол жалпы халықтық тіл болуы керек, ол мектептің, қызмет көрсетудің, ғылымның, білімнің және халықаралық қарым-қатынас тілі болуы керек. Егер жаратылыстану пәндерін ағылшынша үйрететін болсақ, қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде ғылым тілі, дипломатиялық қарым-қатынас тілі, экономика тілі бола алмайды. Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдық тәжірибесі бізге оны қолмен ұстатқандай дәлелдеп берген жоқ па? Осы уақыт аралығында қазақ тілінің өз деңгейіне көтеріле алмауының себебі неде? Өйткені ғылым мен экономикадағы терминдерді әлі дұрыс қалыптастыра алмай отырғандығымыздан. Үш тұғырлы тіл саясатының жүзеге асуы дегеніміз түптің түбінде қазақ тілінің жаназасын шығару деген сөз. Бұның аяғы қазақты мәңгүрттікке, ұлттың жойылуына апарып соғады. Егер қазақтың ұлттық санасы қалыптасқан, ел ретінде, ұлт ретінде иммунитеті жоғары болса, қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде қоғамдық өмірдің барлық саласына өз деңгейінде енгізілген болса, үш тұғырлы тіл саясатын қолдауға болар еді. Ал қазіргі жағдайда бұл қазақ ұлтының болашағына аса қауіпті. – Қазақстан тәуелсіздігін алғалы 25 жыл болды. Ширек ғасыр аз уақыт емес. Осы уақытта қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қол жеткізген жетістігі неде деп ойлайсыз? – Осы жағына келгенде күмілжіп қалатынымыз рас. Тәуелсіз елдің тәуелсіз тілі бар. Мемлекеттік дәрежеге қол жеткізді дейміз. Кеңестік дәуірде орыс мектептері көп, қазақ мектептері аз болды. Қазір, Құдайға шүкір, қазақ мектептерінің саны артты. Қазақтардың еңсесі көтеріліп, рухы асқақтады, ел болды. Бұл процесс – өткен ғасырдың 90-шы жылдарының аяғы, 2000 жылдардың басына дейін созылды. Қазір орыстануға бет бұру процесі қайта жандана бастаған секілді. – Оның себебі неде деп ойлайсыз? – Оның бірден бір себебі саясаттың әсері. Билік басында негізінен ұлттық рухы әлсіз, орыстілді азаматтардың отырғандығынан. Көрген-баққаны орыстың тілі, көбіне орыстың мәдениеті, орыс әлемі. Демек, қай тілде ауыздансаң, сол рухта тәрбиеленесің. Ахмет Байтұрсыновтың: «Ұлттың болашағы – мектеп. Мектепте қандай тәрбие алсаң, сол тәрбие оның болашағын айқындайды» деген сөзі бар ғой. Яғни, қазақша тәрбиеленген адам қазаққа қызмет етеді, орысша тәрбиеленген адам орысқа қызмет етеді. Сондықтан да, бала мектепте қазақша білім алуы керек. – Меніңше, қоғамның қазақтануы мен Үкіметтің қазақтануы арасында жер мен көктей айырма бар сияқты. Былтыр ҰБТ тапсырған мектеп түлектерінің 85 пайызы қазақ тілінде бітірген. Сол себепті де, мемлекеттік білім грантының 75 пайызын қазақ мектебінің түлектеріне беруге мәжбүр болды. Жағдай оңалып келе жатқан жоқ па? – Бізде мәліметтер әртүрлі. Мысалы, мен өткен жолы Астана мен Алматы қалаларында мектеп оқушыларының 40 пайыздан астамы орыс мектептеріне баратынын оқыдым. Осыдан бір ай бұрын Астана қаласындағы №1 мектеп-гимназияда оқитын бір баламен әңгімелестім. Орысша оқиды. Бір сыныпта 25 шәкірт екен. Оның жетеуі ғана өзге ұлттан, қалғаны қазақ балалары көрінеді. Ол мектепті қазіргі Премьер-министр К.Қ. Мәсімов оқыған мектеп деп мақтан тұтады екен. Демек, жоғарыда айтып өткенімдей, 2010 жылдан кейін орыс мектебіне бару тенденциясы қайта жаңғыра бастады. Баспасөз беттерінде қазақ мектептері сыннан көз ашпайды. Жақында бір газеттен оқыдым, Астанадағы бір аралас мектептің директоры қазақ мектептерінде білім сапасы төмен, орыс мектептерінде білім сапасы жоғары деген ойда көрінеді. Сөйтіп, ол білім сапасын арттыру мақсатында қазақ сыныптарын жауып, орыс сыныптарының санын көбейтіп жатыр екен. Бізге осындайлар қауіпті. – Өзіңіз қазақ мектептерінде білім сапасы төмен деген пікірмен келісесіз бе? – Бұл пікірге ешқашан сенген емеспін. Бұның барлығы белгілі бір саясатпен жасалып жатқан секілді. Бұрыннан бізде орысша айтылған дүниелердің, жасалған істердің барлығы мықты сияқты көрінеді де, ал қазақшаның бәрін іске алғысыз етіп тастайды. Сосын тағы бір айта кететін мәселе, қаладағы мектептерге жағдай жақсы жасалынады да, ауыл мектептерінің жағдайы өте төмен. Ал ауылда қазақ балаларының басым бөлігі оқитынын ескеру керек. Басты арманымның бірі, қазақ балалары білім алатын оқу орындарын жақсылап жөндеу керек еді. Екіншіден, қазақша оқулықтар жасау да қазір стихиялы түрде, түйткіл көп, тіпті сын көтермейді. Өйткені оқулық жасаудың өзі тамыр-таныстықпен, жең ұшынан жалғасатын тендерлермен жүзеге асады. Оның сапасын елеп-ескеріп жатқан ешкім жоқ. Оқулық мәселесіне ұлттық бағдарлама ретінде қарау керек болатын. Ал орыс мектептерінің үлгісі Ресейден алынып отыр. Онда білім беру ежелден дұрыс жолға қойылған. Орыстар өздерінің ішкі мектептерін былай қойғанда, шетелдегі мектептерінің өзіне көмектеседі. Ресейде «Русский мир» деген ұйым бар. Ол шетелдегі орыстілді қауымның рухани сұранысына мейлінше көмектеседі. Егер, Ресейден тыс жерлерде мектеп ашылса, оның методикасы, оқулықтары бәрі осы ұйымның мойнында. Жақында ғана бүкіл әлемде тұратын орыстілділерге арналған «тотальный диктант» деген шара ұйымдастырылды. Оған тек қарапайым халық қана қатысқан жоқ. Билік басындағы шенеуніктердің бәрі қатысты. Кім қатесіз жазып, сыннан мүдірмей өтсе, соны марапаттап, қызметін жоғарылатып жатыр. Сол «тотальный диктант» Астана мен Алматы қалаларында да өте бастапты. Ал қазақ тілінде өтіп жатқан ондай шаралар жайында естімедім. Яғни, Қазақстанда орыстың тілі мен білімі, ғылымы әлі күнге дейін аттан түскен жоқ. Қазақ мектептері әлі күнге дейін жетім баланың күйін кешіп келеді. Ал санамызға қазақ мектептерінде білім төмен дегенді құйып тастаған. Бұның объективті және субъективті себебі осында. – Қазақстан тәуелсіздігін алғалы ширек ғасыр уақыт өтті. 1991 жылы дүние есігін ашқан бала 25 жасқа келді. Негізінен осы балалар қазақша сайрап тұруы керек еді. Өкінішке қарай, олардың қазақшасынан гөрі ағылшыншасы жақсы. Жақында ғана ҚР Білім және ғылым министрі болған Ерлан Сағадиев мырза ағылшын тілін төрт жыл үйренген баланың сайрап шығатыны мен жиырма жыл бойы қазақша сөйлете алмай отырғанымызды тілге тиек ете отырып, қазақ тілін үйретудің әдістемесін сынға алды. Сіздің ойыңызша, мәселе неде? Әдістемеде ме, жоқ оны үйренуге деген құлықтың жоқтығынан ба? – Бұның бірнеше себебі бар. Министр мырзаның атйып отырғаны сырт қараған адамға дұрыс секілді. Алайда бұның объективті және субъективті себептері бар. Біріншіден, жоғарыда айтып өткенімдей қазақ тілінде білім беру мәселесі әлі жеткілікті түрде қолға алынбай келеді. Екінші, қазақша тәрбие мен орысша тәрбиенің арасы жер мен көктей. Білім беру жүйесінде ескерілмеген. Тәрбие қазақша, білім беру әдістемесі – орысша. Тағы бір мәселе, қазақ тілін үйретуде біз оның ғылыми жағына тереңдеп кетеміз де, тәжірибелік жағы назардан тыс қалып қояды. Бұл да Кеңес өкіметі кезінен қалыптасқан стереотип. Басқа ұлт өкілдерінің қазақ тілін үйренуіне қажеттілік болмады, тілдің айналасында жүрген ғалымдар мен жазушылар үшін, қазақтың өзі үшін ішкі мәселеге тереңдей ену әдістемесі санамызға сіңіп қалды. Қазір қазақ тілі білімінің ғалымдары осыдан шыға алмай келеді. Ал әлемдік тәжірибеге келетін болсақ, оның тәжірибелік, әдістемелік жүйесі жақсы дамыған. Бір тілді үйренген адам оның ішкі заңдылықтарын меңгере қоймауы мүмкін, алайда сол тілде сөйлеп шыға алады. – Сонда ширек ғасырда тілді үйретудің дені дұрыс әдістемесі жасалынбады ма? Осы жолға, осы салаға талай ақша бөлінді ғой... – Иә, тілді үйретуші адамдар осы жағына көбірек көңіл бөлуі тиіс еді. Қазір қазақ тілі феодализмнің тілі, оны үйретудің қажеті жоқ, оған реформа керек деген монографиялар шығып жатыр. Мысалы, Қ. Жүкешев деген ғалым қазақ тіліндегі синонимдік қатарлардың бәрін алып тастайық та, сөйлеу тілінде көп қолданатын бір нұсқасын қалдырайық дейді. Мысалы, «жасы жеткен үлкен адамға айтылатын, «ақсақал, қария, қарт, шал» дегендердің тек «шалын» қалдырайық, қалғанының бізге қажеті жоқ. Бұл тілді үйренуді жеңілдетеді» дейді. Яғни, қазақ тілін орыс тілінің шалажансар аударма тілі ретінде жасайық дейді. Қазіргі тілдің өзі аударманың аудармасы болып барады. Бұл жердегі басты мәселе, қазақ тілінің нашарлығында емес, ниеттің аздығында. Қазақ тілі сөз байлығы жағынан әлемде үшінші тіл болып есептелінеді. Бірінші тіл – араб тілі. Онда 1,2 миллион сөз бар дейді. Ағылшын тілінде – 750 мың, қазақ тілінде – 500 мың сөз бар деп есептелінеді екен. Бұның өзі күмәнді. Қазақ тілі ағылшын тілінен бай болмаса, кедей емес. Ең басты мәселе, қазақ тілі Қазақстанда бірінші қажетті тілге айналуы керек. Бүкіл әлемдік тәжірибе осындай. Бірақ біздің қолымыз соған жетпей келеді. – Тәуелсіз Қазақстан тарихында ғылым мен білім саласында 14 министр ауысқан екен. Жаңа министрге айтар тілегіңіз бар ма? – Жоғарыда да айтып өттім, жалпы бізде ұлттық идеология мәселесі ақсап келеді. Ұлттық идеологияны – мемлекеттік идеологияға айналдыра алмай келе жатқанымыздың салдарынан біз бүгінгідей тығырыққа тіреліп отырмыз. Англияның Премьер-министрі Черчильдің «Англияның мәңгілік досы жоқ, Англияның мәңгілік мүддесі бар» дегені қазір қанатты сөзге айналды. Ал қазақтың мәңгілік мүддесі не? Оны ешкім дөп басып айта алмайды. Ахмет Байтұрсынов «қазақтың болашағы – қазақтың мектебінде» дейді. Сол үшін мектептегі білімді қазақ тілінде жүргізу керек. Жалпы, мектепте баланы үш тілде оқыту тәжірибесі бізден басқа ешбір мемлекетте жоқ. Оңтүстік Кореяда осы жүйені қолға алған екен. Корей тілімен қоса қытай, ағылшын тілдерінде білім бере бастаған. Бұл эксперимент он жыл ғана жүзеге асқан. Он жылдан кейін бұл экспериментті тоқтатқан. Өйткені балалардың оқу үлгерімі күрт төмендеп кетіпті. Түркияда алтыншы сыныпқа дейін, Жапонияда он екі жасқа дейін бала өзінің тілінде білім алу керек деген қағида бар. – Рахмет!  

Әңгімелескен Есенгүл Кәпқызы