Дәурені ұзаққа бармаған Давутоғлұ

Түркиядағы саяси ахуал ушығып тұрған кезде билік басындағы Әділет және даму партиясының арасына жік түсті. 2014 жылы президент Ердоғанның қалауымен Үкімет басына келген премьер Ахмет Давутоғлұ өз еркімен отставкаға кетті. Конституцияға өзгерістер енгізуге тырысатын Ердоғанның елдегі саяси режимге қатысты өз көздегені бар.

Жаңа Конституцияға қарсылар неге көп?

Сәуірдің соңында біз Түркия топырағына аяқ басқанда түріктер еліндегі саяси сахнадағы пікірталас қызып жатқан. Оған себеп, Түркия Ұлттық Мәжілісінің спикері және билік басындағы Әділет және даму партиясының мүшесі Исмаил Кахраманның: «Жаңа Конституцияда зайырлы қоғамға қатысты ережелер болмауы керек. Әлемде тек үш мемлекетте – Франция, Ирландия, Түркияда ғана бекітілген бұл ұғым. Біздің Ата Заңымызда діннен қашудың қажеті жоқ. Мемлекет діни болуы тиіс», – деген мәлімдемесі. Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоған мен оның жақтастарының дінге басымдық берген режимді қайта орнатуға бекінген ұмтылысын құптайтындар аз. Сондықтан спикердің сөзіне оппозиция мен азаматтық қоғам қатты қарсылық көрсетті. Мәлімдемеге шамданған ӘДП фракциясының жетекшісі әрі премьер-министр Ахмет Давутоғлұ БАҚ арқылы Конституциядағы зайырлы қоғам шарттарына қол сұғылмайтынын ашық айтты. Ал Давутоғлұдан кейін көпшілікке түсініктеме берген Ердоғанның сөзінің астарында спикерді жазғырудан гөрі жақтау басым шықты: «Исмаил Кахраман саясатқа кеше келген жоқ. Конституцияға қатысты жай пікір білдірген. Оның аузына қақпақ бола алмаймыз ғой». Ердоғанның бұлай түлкібұлаңға салуы тегін емес. Өйткені ол басқаратын ӘДП Түркия Конституциясына өзгерістер енгізіп, саяси жүйені президенттік басқаруға ауыстыруды көздейді.

Қазір Түркиядағы саяси ахуал аса күрделі. Соңғы кездері Сириядан Түркияға заңды, заңсыз жолмен ағылған босқындар легі елдегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылыққа кері әсер етуде. Бұған дейін Күрд жұмысшылар партиясының кейбір мүшелері ел ішінде қайта-қайта жарылыс ұйымдастырып, билікке қауіп төндірсе, енді қазір оларға «Ислам халифатын құрамыз» деп құлшынған ДАИШ өкілдері қосылған. Жуырда АҚШ елшілігі азаматтарына Түркияның Хатай, Килис, Газинатеп, Шанлыурфа, Шырнак, Диярбакыр, Ван, Адана, Измир, Муғла т.б. жалпы саны 19 қалаға, әсіресе, Сирияға шекаралас жатқан аймақтарға бармауға кеңес берді. Негізі түріктердің кез келген қаласына қазір лаңкестер қатер төндіріп отыр. Биылғы наурызда Анкара мен Стамбұлда болған жарылыстар салдарынан 40-тан астам адам қаза тауып, 200-ге жуығы түрлі деңгейде жарақат алды. Түркиядағы сапар барысында біз Анкара мен Стамбұл тұрғындарын сөзге тартып, қазіргі ахуал туралы сұрағанбыз. Көпшілігінің көңілінде жеке бас қауіпсіздігіне алаңдаушылық бар. Бірақ аттанға басып, үрейге бой алдырғандарды байқамадық. Жарылыстар мен атыс-шабысқа халықтың бойлары үйреніп кеткендей. Біздің назарымызға іліккен тағы бір жайт, түріктер елінде қауіпсіздік шаралары күшейтілген: әуежайда, ойын-сауық орталықтарында, сауда орындары мен қонақүйлер, жоғары оқу орындары мен мектептерде адамдарды тексеруден өткізетін арнайы құрылғылар көптеп қойылған. Көшелерде тәртіп сақшыларының саны да едәуір артыпты. Әр жерден топ-тобымен үймелескен полицейлер көп. Көздеріне күмәнді көрінгендердің жанына барып, тексеруді жиілеткен. Өкінішке қарай, саяси ахуал әскер қатарында жүргендер мен полиция қызметкерлеріне де оңай соққан жоқ. Олардың арасында да Отан қорғау жолында шейіт болғандар саны артып келеді.

«Жығылған үстіне жұдырық» демекші, елдегі ахуал ушығып тұрған тұста Әділет және даму партиясының арасына жік түсті. 2014 жылы үкімет басына Ердоғанның қалауымен отырғызылған Ахмет Давутоғлұ өз еркімен биліктен бас тарттты. Негізі президент пен премьер арасындағы текетірес бірнеше ай бұрын басталған. Оның соңы Ердоғанның Әділет және даму партиясы жергілікті филиалдарының басшыларын тағайындау құқын ӘДП фра кциясы басшысының, яғни, Давутоғлұның құзырынан алып тастаумен аяқталды. Ақыры Давутоғлұ 5 мамыр күні өз еркімен отставкаға кететінін және 22 мамырға белгіленген партияның кезектен тыс құрылтайына ӘДП төрағалығына үміткер ретінде қатыспайтындығын мәлімдеді. Түркиядағы Парламенттік тілшілер қоғамдық қорының басшысы Гөксел Бозкұрт: «Қазір болып жатқан жағдайлардың бәрі біз үшін таңсық не тосын жайт емес. Үкіметті 21 ай басқарған Ахмет Давутоғлұ қысым жасағанды ұнатпайды. Ердоғанның үздіксіз үстемдік етуге тырысуына наразылық танытуы, сыртқы істер министрінің орынбасарын депутаттыққа ұсынғанда Ердоғанның қабылдамауы, 17-25 желтоқсанда Ердоғанның қарсылығына қарамастан, төрт министрдің Жоғарғы сот алдында жауап беруін талап етуі, 2015 жылдың 7 маусымындағы парламенттік сайлау соңында ӘДП-нің жеңіліске ұшырауын қыжыртуы, пікір мен сөз бостандығын құптауы, профессорлар мен саяси қайраткерлердің тұтқындалуына қарсы шығуы Давутоғлұның дәурені алысқа бармайтынын ұқтырған. Ердоған сияқты саясаткер билік тізгінінің екі адамда болуына аса төзімділік таныта алмас еді. Давутоғлұны жақсы танитын Ердоған бақылаудан шығарып алатынын түсінді», – дейді.

Түркиядағы тәуелсіз БАҚ Ахмет Давутоғлұның Ердоғанға мықты саяси қарсылас болатынын жарыса жазып жатыр. Алайда экс-премьер өзінің ешқашан Ердоған туралы жағымсыз пікір айтпайтынын, оның отбасы мүшелерін туғанындай көретінін айтты. Сонымен, ӘДП жаңа премьер-министрін тағайындауға қызу кірісіп кетті. Әлбетте, жаңа премьер мен партия төрағалығын кім атқаратынын президент шешеді. Үкімет басына келетін үміткерлер арасында Ердоғанға жақын шенеуніктерден әділет министрі Бекир Боздағ, денсаулық сақтау министрі Мехмет Мүззеноғлұ, премьердің көмекшісі Нуман Куртулмуш, транспорт министрі Бинали Йылыдырым мен энергетика министрі Берат Албайрак бар. Сарапшылар қауымы аталған үміткерлер арасында Бекир Боздағдың саяси салмағы басым екенін айтады. Бірақ 2004 жылы Ердоғанның қызына үйленген Берат Албайрактың да мүмкіндігі мол. Өйткені президент оны жас та болса, бірнеше рет жоғары лауазымдарға тағайындап, саяси сахнада үлкен қолдау білдіріп келеді. Егер премьерлікке күйеу баласы келсе, Ердоғанның билік аясы да барынша кеңейе түсері анық.

«Параллель әлем»

ӘДП мен биліктен бас тартқан Давутоғлұның алдағы тағдыры белгісіз. Ердоғанның жақтастары оған қатысты «Pelikan Dosyası» («Пеликанның құжаты») атты мақала жазды. Әлеуметтік желілерде жарияланған осы құжатта Давутоғлұға «партия көсемі Ердоған бекіткен талаптарға мойынсұнбады, президенттік құрылымды жақтамады, Ердоғанды тақтан тайдыруға әрекет етіп жатқан Батыспен ынтымақтастық орнатты, Сирия мен күрдтерге қатысты ахуалды ушықтырды, Фетуллах Гүленмен бірігіп, Ердоғанға қарсы тұзақ құрды» деген айып тағылды. Бір кездері Ердоғанның билік басына келуіне көмектескен, қазір оның басты саяси дұшпанына айналған Фетуллах Гүлен қазір АҚШ-тың Пенсильвания штатында тұрады. Түркия мен көптеген шет елдерден ашқан оқушы балалардың лицейлері, жоғары оқу орындары, қаржылық құрылымдар мен бұқаралық ақпарат құралдары бар. Оның сөзін сөйлейтін кәсіпкерлер, депутаттар, соттар мен прокурорлар т.б. көп болды. Кейбір деректерде ұлты армян деп көрсетілген Фетуллах Гүлен бір кездері Ердоғанның билікке жетуіне көмектескен. Қолда бар мүмкіндікті шебер пайдаланған Гүленнің жақтастары қоғамда үлкен ықпалға ие бола бастады. Бірақ көп ұзамай, оның ықпалынан күдіктенген Реджеп Тайип Гүленнің адамдарын жоғары лауазымдар мен құқық қорғау органдарынан аластай бастады. Кейбірін заңмен қудалап, түрмеге тоғытты. Пенсильванияда отырып, түрік билігіне қарсы ашық соғыс жариялаған Гүленді Ердоған бірнеше рет Түркияға шақырды. Бірақ ол еліне оралудан үзілді-кесілді бас тартты. Есесіне, қазір жоғары лауазымды тұлғалар арасында Гүленге бүйрегі бұратындар ішінара болса да кездеседі. Бірақ олар билікке ашық қарсы шығуға беттемейді. Өйткені Ердоған мен оның жақтастары өздеріне қарсы шыққанның барлығын «параллель әлем», яғни, «Гүленмен бірге Түркияда төңкеріс орнатуды көздейтін қылмыскерлер» деп айыптауға әуес. Ал күрдтерге қатысты айыптауға келсек, Давутоғлұ Түркиядағы күрдтермен бейбіт келісімге келуді жақтаса, Ердоған керісінше, қысым мен қаруды қолдануды қалайды. Дәл осы мәселе депутаттар арасына жік салды. Сәуір айында Түркия Мәжілісінде болған депутаттардың төбелесі соған куә. Күрдістанның жұмысшылар партиясының мүшелерін қылмыстық қудалауға ұшырату туралы ұсынысқа наразылық білдіргендердің пікірталасы қызды-қыздымен жұдырықтасуға ұласқан. Оппозиция өкілдерінің айтуынша, «Ердоған Мәжілістегі күрдтерден құралған Халықтық демократия партиясының өкілдерін Парламенттен аластап, қарсыластар санын азайтуды көздейді». Осыдан сәл уақыт бұрын Халықтық демократия партиясының 28 мүшесінің мандатын қайтарып алу туралы мәселе көтерілген еді.

Әлеуметтік желілерде жарияланған «Бірқазанның құжаты» қоғамдағы қызу пікірталасқа айналды. Партияластары алдында өзіне тағылған айыпқа қатысты жауап берген Ахмет Давутоғлұ: «Мен Алладан басқа ешкімнен қорықпаймын және мен туралы айтылған, жазылған жайттарға көңіл аудармаймын. Партияның бірлігі мен ынтымағы үшін өз лауазымымнан бас тартуға дайынмын», – деді де, көп кешікпей өз еркімен отставкаға кетті. Тәуелсіз сарапшылардың айтуынша, мамырдағы кезектен тыс құрылтайда ӘДП мүшелері онсыз да Давутоғлұны орнынан алып тастауды көздеген сияқты. Партиядағылардың басым бөлігі Ердоғанның жақтастары екенін ескерсек, экс-премьердің ықпалы әлсіз екені анық. Қазір түрік ақпарат құралдарында «Түркияның саяси сахнасында қанша жылдан бері маңызды рөл атқарған Ахмет Давутоғлұ экс-президент Абдулла Гүлмен бірге коалиция құрып, Ердоғанға саяси қарсылас болуы мүмкін», – деген болжам айтылуда. Саясатпен қош айтысқан кезде Абдулла Гүл саясатқа енді араласпайтынын, тек ғылыми шығармашылыққа көңіл бөлетінін айтқан. Сөзінде тұрған Гүл саяси сахнада ешқашан көрінген емес. Бірақ Ахмет Давутоғлұ Ердоғанмен кездесіп, отставкаға кететінін мәлімдегеннен кейін Гүл оған телефон арқылы хабарласып, «Қабылдаған шешіміңіз мемлекет пен ұлтымыз үшін қайырлы болсын. Сіздің алдағы өміріңізге жеміс тілеймін», – деді.

Кезектен тыс сайлау бола ма?

Бүгінде көпшіліктің көкейіндегі жалғыз сұрақ: «ӘДП мен Ердоғанның көздегені не?». Бұл орайда сарапшылардың басым бөлігі билік тізгінін толық өз қолына алуға жанталасқан ӘДП басшысының жаздың соңы не күздің басында қайтадан парламенттік сайлау өткізіп, ықпалын күшейтетінін айтады. Мәселен, Америкадағы Стратегиялық және халықаралық шаралар орталығы Түркия жобасының директоры Бүлент Әли Рызаның пікірінше, ӘДП құжаттарында партия көсемі Ахмет Давутоғлұ болса да, іс жүзінде Ердоғанның ықпалы басым. ӘДП арасында жік түсірген – «екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» деген қағида: «Реджеп Тайип Ердоған мерзімінен бұрын парламенттік сайлау өткізіп, Мәжілістегі ӘДП мүшелерінің санын 367-ге жеткізуді және жаңа Конституцияны жалпыхалықтық референдумға жеткізбей, депутаттардың көмегімен бекітіп алуды көздейді». Саяси сарапшы Мурат Аксойдың болжамына сүйенсек, кезектен тыс сайлау алдағы қазан айында болады: «Ердоғанның басты төрт мақсаты бар. Біріншісі, мамырдағы құрылтайда сенімді өкіл бола алатын адамды тағайындау. Ол қазіргі денсаулық сақтау министрі Бекир Боздағ болады. Екіншісі, МНР партиясында да құрылтай өткізуге ықпал ету. Бұл Мәжілістегі МНР мүшелерінің арасында өз жақтастарын көбейтуге сеп болады. Үшіншісі, Мемлекеттік халықтық партия (СНР) мен Халықтық демократия партиясына мүше депутаттардың мандаттарын тартып алып, оларды сот алдында жауап бергізу. Төртіншісі, қазан айында мерзімінен бұрын парламенттік сайлау өткізу. Мәжілістегі СНР мен HDP мүшелерінің санын оннан асырмай, СНР мен ӘДП екеуі Конститутцияға өзгерістерді ың-шыңсыз енгізеді». Алайда президенттің көмекшісі Чемил Эртем түрік телеарналарына берген сұхбатында 22 мамырда болатын құрылтайдан кейін Түркияда мерзімінен бұрын парламенттік сайлау өткізілмейтінін айтты: «Елдегі саяси және экономикалық ахуал Ердоғанмен тығыз байланыс орнататын премьер тағайындалғаннан кейін тұрақтала бастайды». Түркиядағы беделді саясаттанушылар қатарындағы Неби Миштің пікірінше де, сайлау қайта өткізілмейді: «Саяси науқанды өткізу үшін аса бір маңызды себеп не әлеуметтік заңдылық болуы тиіс. Осыған орай, мен кезектен тыс сайлау өткізіледі деп ойламаймын». Оның пікірін саяси сарапшы Левент Гүлтекин де қолдайды: «Ердоған егер мерзімінен бұрын парламенттік сайлау өткізуді қаласа, премьер-министрді ауыстырмас еді. Давутоғлұн биліктен шеттетуінің басты себебі, Мәжілістегі референдумға дауыс беру барысында өзіне қарсы шығуынан қорықты. Ердоған Давутоғлұға мүлде сенбейді». Ал Анкара университетінің профессоры, саясаттану ғылымдарының докторы Баскын Оранның пікірінше, жаңа сайлауда жеңіске жету үшін ел ішіндегі үрей мен дағдарысты ушықтырып, адамдар бойындағы қорқынышты күшейтуге тырысады: «Бірақ ескеретін жайт, мұндай тәсілдің қайта-қайта жеңіс сыйлауы күмәнді. Бұл стратегия оның күйреуіне әкеп соғуы да мүмкін». Оранның бұлай деуі тегін емес. 2015 жылы бір емес, екі рет парламенттік сайлау өткізген ӘДП түріктер жеріндегі сөз бостандығының әлсіреуі, тәуелсіз журналистер мен оппозициялық БАҚ өкілдерінің үстерінен қылмыстық іс қозғалып, түрмеге тоғытылуы, азат ойлы азаматтардың билік тарапынан қуғындалуы, зайырлы қоғамға тән шарттардың шектеле бастауы, діни бағытқа басымдық берілуі сияқты т.б. заң бұзушылықтарға жиі ұрынады.

Түркияда журналистерге де қиын

Түркияда сөз бостандығы шектелгелі бері бұқаралық ақарат құралдары өкілдерінің де халі мүшкіл. 2016 жылды алпыс тоғыз журналист түрмеде қарсы алды. Ал 29 сәуірде ӘДП-ге оппозициялық бағыттағы «Zaman» газеті мен «Cihan» ақпараттық агенттігінің 400-ден астам қызметкері жұмыстан қуылған. Оларға тағылған айып: «қызмет бабын асыра пайдаланды», «ұйымның беделіне нұқсан келтірді» т.б. Бұған дейін Koza-İpek медиахолдингіне қарасты «Kanaltürk», «Bugün TV» телеарналары, «Bugün Gazetesi», «Millet Gazetesi» газеттері, «Kanaltürk Radyo» радиоарнасы жабылып қалған болатын. Ресми Анкара аталған холдинг, «Zaman» газеті мен «Cihan» агенттігін АҚШ асқан Фетуллах Гүленмен байланыстырып, қудалауға ұшыратып отыр. Сонымен қатар биліктен зардап шеккен журналистер арасында «Hürriyet» газетінің қызметкерлері Жан Дүндар мен Эрдем Гүл бар. Түркияның арнаулы қызметтері тарапынан сириялық жихадшыларға қару тасымалданатыны туралы журналистік зерттеу жүргізген екі журналист Анкараның сириялық оппозицияны қарумен қамтамасыз еткенін дәлелдеді. Жергілікті билік пен Түркия барлау органдары арасындағы кикілжіңнің арқасында БАҚ өкілдері шындыққа көз жеткізді. Қоғамда үлкен резонанс тудырған мақала қару тиелген жүк көліктерінің суреттерімен бірге 2015 жылдың мамырында «Hürriyet» газетінің бірінші бетіне жарияланды. Ердоған бастапқыда: «Көліктерге қару емес, гуманитарлық көмек тиелген болатын. Арнаулы қызметтің көліктерін тергеп-тексеруге ешкімнің қақы жоқ!», – деп ашуланды. Кейін Ердоғанның жақтастары «көлікте қару болғаны рас, олар Сириядағы түркімендерге арналған еді», – деп ақталды. Ал 2015 жылдың 26 қарашасында журналистік зерттеу жүргізген Дүндар мен Гүл тұтқынға алынды. Тағылған айып: «Фетуллах Гүленмен ауыз жаласты», «Мемлекеттік құпияны әшкереледі». Бірақ Конституциялық сот сот шешімі шыққанша бостандыққа шығарды. Бұл шешімге наразы болған Ердоған: «Олар Отанға опасыздық жасады», – деп, журналистердің түрмеге қамалуын қалады. Жуырда Түркияның Жоғарғы соты журналистерді 5 жыл 10 айға бас бостандығынан айырды. Аталған сот процесі ұзаққа созылды әрі айқай-шумен өтті. Мәселен, сот процестерінің біріне Стамбұлдағы дипломаттар да қатысты. Бұл Ердоғанның ызасын келтірді: «Кімсіңдер сендер? Сот залында не істеп жүрсіңдер?! Бұл сендердің елдерің емес, Түркия! Сендер тек консулдық шеңберінде ғана еркін әрекет ете аласыңдар, қалған жерлерге рұқсат алуларың керек!». Ердоған батыстық құқық қорғау ұйымдарының «Түркияда ӘДП журналистерге қатты қысым көрсетіп жатыр» деген айыбын мойындамады. Оның айтуынша, «қазір өздерін журналист санайтын 52 адам түрмеде отыр. Бірақ олар лаңкестік әрекеттерге қатысы болған немесе экстремистік ұйымдармен ынтымақтастық орнатқандары үшін жазаланды». Тәуелсіз журналистер мен халықаралық сарапшылар Түркиядағы журналистердің қудалануы мен сөз бостандығының шектелуі әзір тоқтамауы мүмкін деп алаңдайды.

 

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Алматы – Стамбұл – Анкара – Стамбұл –Алматы

Back to top button