Жаңалықтар

Орныңды босат, адамзат!

ашық дереккөзі

Орныңды босат, адамзат!

Бір кездері ғылым мен технологияға қатысы барлардың ғана құлағы шалатын «жасанды интеллект» деген тіркес бүгінде еңбектеген балаға да, еңкейген қарияға да таңсық болудан қалып барады. Жасанды зердені індете зерттеп жүргендерді бірі оны дамудың жаңа даңғылы деп дәріптесе, екіншісі XXI ғасырдың басты қатері деп қауіптеніп жүр. Фантаст-жазушылар мен футурологтар сипаттағандай жасанды интеллект расында да құдіретті күш пе? Ол адамзаттың келешегін қалай өзгертпек? «Темір мидың» тарихына тереңдеп, бүгінгі биігін өлшеп, болашағына қатысты болжамдарды бағамдап көрдік.

 Тьюринг бастаған төңкеріс

Ғылыми анықтамасын сөйлет­сек, жасанды интеллект – адамның ақыл-ойын компьютерде бейне­лей­тін бағдарламалық жүйе. Ал жалпақ тілмен тәпсірлесек, бұл – әртүрлі машиналардың адам сияқты ойлау, шешім қабылдау қабілетіне ие болуы. «Жасанды интеллект» терминін алғаш рет 1956 жылы Дартмут универ­си­тетінде өткен конференция­сының преамбуласында Джон Маккарти қолданыпты. Маккарти компью­тер­лік бағдар­ла­малаудағы ең алғаш­қы тілдердің бірі – лисптің негізін салушы ретінде белгілі. Жасанды зердені дамытуға қосқан үлесі үшін ол зейнет жасында Тьюринг премиясын иеленген. XX ғасырдың орта шенінде «ақылды» ма­ши­наларға алғаш рет ғылыми атау беріл­ге­ні­мен, жасан­ды интеллектіні жасау жолын­дағы талпыныс одан әлдеқашан ертерек басталған. «Ақылды» машина деп отыр­ғанымыз – робот. Бұл чехиялық фантаст жазушы Карель Чапек ең алғаш 1920 жылы «Россум әмбебап роботтары» пьесасындағы кейіп­керіне берген атаусөзден кейін пайда болған ұғым еді. Ал 1929 жылы жапон профессоры Макото Нисимура алғашқы роботты құрасты­рып шығар­ды. 1940 жыл­дары тұңғыш цифрлы компьютер құрылып, оның дәуірі басталды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Алан Тьюринг есімді ағыл­шын математигі немістің құпия ақпаратын бұзып, оны шифрдан шығаратын машина құрастырады. Тьюринг соғыс кезінде Германия­ның әскери-теңіз флотының хабарламаларына криптоанализ жасайтын ағылшын үкіметінің Hut 8 атаулы тобына жетекшілік еткен. Ол немістердің «Энигма» аппа­ра­тының кодын бұзып, мыңдаған адамның өмірін сақтап қалады. Соғыстан кейін ағылшын ғалымы алгоритмдік анализ жасаумен айналысып, 1950 жылы компьютер интеллектінің деңгейін анық­тай­тын тест әдісін жасап шығарады. Сол жылы жазылған «Есептеуіш техника және интеллект» деген мақаласында Алан Тьюринг маши­налардың адам сияқты әрекеттер жасап, шахмат ойнай алатындығы туралы айтқан. Араға 40 жыл салып, 1997 жылы арнайы құрас­тырылған компьютер шахмат­тан әлем чемпионы Гарри Каспаровты ұтып, әлемді қайран қалдырды. Айтпақшы, Тьюрингтің тағы бір болжамы дәл келді. Ғалым «Енді елу жылда машинаның жетіл­ді­рі­летіні сондай, адам машинамен сөйлесіп тұрғанын аңғара алмай­тын болады» деген еді. 2018 жылы Google компаниясының жиынын­да робот кеңсеге телефон­мен хабар­ласып, кездесу уақытын белгілегенде байланыс желісінің арғы жағында тұрған қызмет­кер роботпен сөйлесіп тұрғанын аңғармай қалған.

Курцвейл көріпкел емес,  бірақ...

Айтқаны айдай келетін Рэймонд Курц­вейл дейтін америкалық өнертапқыш әрі футуро­лог бар. Соның айтуынша, 2045 жылы технологиялық сингулярлық басталуы мүм­кін. Жер шары алып компьютерге айналып, бірте-бірте бүкіл ғаламға ұласады дейді ол. Курцвейл бұған дейін компью­терлердің деректерге сымсыз қол жеткізе алу ықтималдығы туралы болжаған еді. Болжамы ақиқатқа айналды: бүгінде Wi-Fi күнделікті тұрмысымыз­дың негізгі қажеттіліктерінің бірі екенін ешкім жоққа шығара қоймас. Футурологтың айтуынша, 2032 жылға қарай нанороботтар адам жасушаларына тікелей қоректік заттар жеткізе алады, ал қайтарында уыттарды ала қайтады. Ал тағы бір он жылда нанороботтар адамның иммундық жүйесін жақсартып, мәңгілік өмір идеясына жол ашуы мүмкін екен. 2030 жылдан кейін жүргізушісіз қозға­латын автокөліктер қозғалысы жаппай дамып, әлемде жылына 2 миллионға дейін адам шығыны болатын жол апаттары сап тыйыл­мақ. Қысқасы, Рэй Курцвейлдің пікірінше, жасанды интел­лектінің дамуы адамзаттың келешегін кемелдендіре түседі. Жасанды зерденің ілгерілеуі денсаулық сақ­тау саласын көп қиындықтан құтқарды. Мәселен, израильдік ғалымдар 3D баспасы­ның көмегімен адам тіндерінен әлем-де тұңғыш рет жүректі басып шығарды. Яғни, болашақта адам өмірін құтқару үшін донор күтіп қажудың қажеті болмайды. Маман­дар­дың айтуынша, медицинада жасанды интеллектті дамыту өлімге соқтыратын дәрігерлік қателікті болдырмайды. Ал дәрігерлік қателік денсаулық сақтау саласында өлімнің жүрек ауруы және қатерлі ісіктен кейінгі ең жиі тіркелетін үшінші себебі екен. Жасанды интеллект алдағы уақытта дәрі-дәрмек өндірісіне де кеңінен пайдаланылмақ. Осы жылдың басында жапон және ағылшын фармацевтикалық компанияларының бірлескен жұмысы нәтижесінде «темір ми» алғаш рет обсессивті-компульсивті бұзылысы бар науқас­тарды емдейтін дәрі өндірді. Бір дәрі­нің өндірісіне орташа 5 жыл кетсе, жасанды интеллект мұны бір жылдан қысқа уақытта жасап шықты. Дәрі сыналу үстінде, егер нау­қас­тарға шипасы тиіп, кері әсері байқал­­маса, фармацевтикада жасанды зердені өрістетуге жол ашылады. Көлік және логистика саласына да жасан­ды интеллект дендеп ене бастады. Жүр­гізушісіз автобустар, таксилер жолға шығып, өздігінен жүретін жүк көліктері мен дрондар тауар тасымалдауда. Өткен жылы Қытайдың Yunhang Intelligent компаниясы жасаған экипажсыз Jindoyuyn O Hao жүк кемесі суға түсірілді. Электрленген күштік қондырғысы бар кемені адамның орнына навигациялық ақпаратқа сүйенген автомат басқарды. Ал осы айдың басында Boeing әуеқұрылыс компаниясы жасанды интеллектпен басқарылатын ұшқышсыз алғашқы әскери ұшақты таныстырды. Компания өкілдерінің айтуынша, әлемде баламасы жоқ бұл әуе кемесі 50 жылдан астам уақыт ішінде Австралияда алғаш рет құрастырылып отыр. Ұшаққа Loyal Wingman деген атау беріліпті. Boeing осындай ұшақтың үш прототипін жасап шығаруды жоспарлап отыр.

 Адамды робот  алмастырды

Ғылым мен технологияның төңірегін­де­гі­л­ердің жасанды зерденің болашағына қатысты көзқарасы екіге жарылған. Бір топ жасанды интеллект адам баласына еш қауіп төндірмейді, керісінше өмірін жақсарта түседі деп сенсе, екінші топ «темір ми» адамзаттың түбіне жетеді деп алаң­даулы. SpaceX, SolarCity және Tesla Motors компа­нияларының жетекшісі Илон Маск 2018 жылы «Бұл компьютерге сенесің бе?» (Do you trust this computer?) атты деректі фильмде жа­­санд­ы интеллект дамуын бақылауда ұстау­дың маңызы жайлы айтты. Масктың үндеуі­мен бірқатар белсенді ғалымдар мен футурологтар жасанды интеллектінің қаупі жайлы Біріккен Ұлттар Ұйымына арнайы хат та жаз­ған. Хат авторлары жасанды интеллектке ие әскери қаруларды қадағалау мәселесін кө­терді. Әскери қуатын арттыру бағытында жа­рыс­қа түскен мемлекеттер әлемде баламасы жоқ жойқын қару жасау жолында ақ тер, көк тер. Сол мақсатпен де олар қыруар қаржы бө­ліп, құпия зертханаларының жұмысын жандандырып келеді. Мәселен, 2018 жылы Қытай жасанды интеллекттің дамуына 12 млрд доллар жұмсап, бұл салаға салынған инвестиция жөнінен АҚШ-ты басып озды. Қытай елі 2030 жылға дейін жасанды зер­дені өрістетуге 150 миллиард доллар құй­мақ. Киборг-әскерлер мен ақылды әскери дрондардың қызметке кіріскені өз алдына, жасанды интеллект қоғам өмірінің барлық саласында адамдарды алмастыра бастады. Сарап­шылардың айтуынша, болашақты «ақыл­ды» машиналар әлемдегі жұмыссыздық­тың негізгі себепшісіне айналуы мүмкін. Мұндай болжамның тууы негізсіз емес. Мысал жетерлік. 2014 жылы америкалық миллиардер Джефф Безос Amazon.com компаниясының жүк тасымалдайтын мыңдаған қызметкерін жұмыстан босатып, оларды роботтармен ал­мас­тырды. Қазіргі таңда компанияның қойма­ларында жүз мың робот жұмыс істейді. Қытайдағы Foxconn компаниясы фабрика­дағы жұмыс-шылардың санын 110 000-нан 50 000-ға қысқартпақ. Компания роботтандыру үшін 610 млн АҚШ долларын жұмсаған. Электроника құралдарының дизайнымен айна-лысатын Shenzhen Everwin Precision Technology ком-паниясы да жұмыс күшін түгелдей роботтарға ауыстыруға қамдануда. Өткен жылы Дүниежүзілік валюта қоры 28 елде, соның ішінде ЕЭЫҰ-ға мүше мемлекеттерде зерттеу жүргізді. Зерттеу нәтижесіне сүйенсек, роботтар әйел адамдардың жұмы­сын 40 пайызға, ер адамдардың қызме­тін 38 пайызға қысқартқан. McKinsey&Company жасаған болжамға сенсек, 2030 жылға қарай 800 миллион адам жасанды интеллекттің ке­сірінен жұмысынан айырылуы мүмкін. Әрине, жұмыстан қалмайтын, жалақы сұра­майтын, денсаулығы сыр бермейтін машинаны жұмысқа тарту кәсіпкерлер үшін тиімді. Алай­да жұмысынан айырылғандар не істемек? Адамзаттың алдынан шығатын жаппай жұ­мыс­сыздық мәселесі қалай шешімін табады? Мамандардың айтуынша, жасанды интеллект еңбек нарығына ғана емес, мамандар даяр­лау ісіне де үлкен өзгеріс әкеледі. «Ақыл­ды» машиналармен «тілдесе» алатын, технологиядан хабары бар мамандарға сұраныс артпақ. Сәйкесінше, бағдарламалау тілін біле­тін қызметкерлердің жалақысы да арта түседі.

 Жасанды интеллект адам құқығына қол сұға бастады

Жасанды интеллект адамды жұмысынан айырып қана қоймай, заңмен бекітілген құқықтары мен бостандығына да қауіп төндіре бастады. Жақында Ресейдің Мемлекеттік Думасы «Дербес деректер» туралы Федералды заңның 6 және 10-баптарына өзгеріс енгізіп, Мәскеу аумағында адамдарды бақы­лауда ұстайтын жасанды интеллектті енгізу бойынша арнайы тәжірибе жүргізу туралы заң жобасын үшінші оқылымда мақұлдады. Жоба авторлары – Мемлекеттік Дума төра­ға­сының бірінші орынбасары Александр Жуков пен Мемлекеттік құрылыс және заңна­ма жөніндегі комитеттің мүшесі Ирина Белых. – Жаңа заманның кез келген жаңалығы дұрыс пайдаланса, әлбетте, адам баласына жақсылық әкеледі. Қауіп-қатері аз болмаса да, ғалымдар жасанды интеллектінің адам орнын толықтай басып, тіпті адамды басқаруы мүмкін емес екенін айтып жүр. Десе де, бүгінде роботтар көп салада адамды жұмы­сынан айырғанын көріп отырмыз. Жасанды интеллектті дамытудың қазіргі беталысына қарап, еңбек нарығының болашағы алаң­датпай қоймайды. Бір білерім, адамзат енді бұл қарқынынан тоқтамайды. Мәселен, қаншалықты зиян десек те, қару-жарақ өндірісі, оның ішінде жойқын қару жасау ісі жалғасып жатыр. Тіпті, ядролық державалар жыл өткен сайын бір-бірінен асып түсетін оқтұмсықтар, зымырандар жасауға талпынуда. Жасанды интеллект те дами түсетіні талассыз. Білім беру, медицина, логистика, өндіріс салала­рындағы жетістіктерін көріп, дамығаны адамзат үшін игі деген ойға қаламыз. Алайда жасанды интеллектіні адамның қауіпсіздігіне қатер төндіретін өзге мақсаттарда қолданылуы жақсылық емес. О баста адамзат жасанды зердені өз өмірін оңтайландыру, жұмысын жеңілдету құралы ретінде ойлап тапқанын ұмытпасақ, сол бағыттан жаңылмасақ екен.