Ағайын атажұрттан алыстамасын десек...
Ағайын атажұрттан алыстамасын десек...
Тәуелсіз ел ретінде өмір сүріп отырған ұлттың басты қорғаны – мемлекет және оның мызғымас шекарасы болса, этникалық топтардың қорғаны – тілі, салт-дәстүрі, тарихы, мәдениеті, демографиясы және тарихи Отаны.
Қазір атажұрттан жырақ әлемнің 40-қа жуық елінде қандастар өмір сүріп жатыр. Олардың басты мұраты – жаһандану дәуірінде жатқа жұтылып кетпеу, ұлттық ерекшеліктерін сақтап қалу. Осы тұрғыдан алғанда, оған дәнекер болар негізгі басымдықтар – білім, мәдениет, әдебиет және ақпарат саласы.
Блім саласы бойынша «Отандастар қоры» Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, алыстағы ағайын үшін онлайн кітапхана жүйесін енгізуде. Кез келген уақытта әлемнің қай түкпірінен болсын, қазақша білім алуға мүмкіндік бар. Рухани-мәдени байланыста өз деңгейінде жүзеге асып жатыр. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы қандастар тұратын елдерде орталықтар ашып, тығыз байланыс жасауға атсалысуда. Айта кету керек, кейбір елдің ішкі заңдарына байланысты ондай орталықтар ашуға мүмкіндік болмай отыр.
Ал ақпарат саласына келсек, қазір әлемнің біраз елінде қазақша хабар тарататын телерадио, газет-журнал және интернет сайттар бар. Атап айтқанда, Ресейдің Астрахан, Орынбор, Қорған, Омбы, Таулы Алтай автономиялық облысы, Қытайдың Алтай, Тарбағатай, Іле аймақтары, Монғолияның Баян-Өлгей және Қобда аймағы, Өзбекстанның Науаи, Сырдария, Бұхара, Ташкент облыстары мен Қарақалпақстанның Нөкіс қаласы, Иранның Горган, Бердітүрікмен, Домбат қалалары, Түкіменстан, Қырғыз Республикасы және Еуропа елдерінде қазақ тілінде шығатын (бейресми деректер бойынша), жиыны 150-дей ақпарат құралы бар екен.
Шеттегі қазақтың тілін сақтау, тығыз байланыс орнату, олардың жағдайын білу үшін БАҚ қажетті тетік. Ал бөтен елде қазақша ақпарат тарату да оңай шаруа емес.
Бұл ой бізден бұрын да биік мінберде айтылды. Өткен жылы қарашада «Отандастар қоры» мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен қандастардың тарихи Отанымен мәдени-гуманитарлық және іскерлік ынтымақтастығын одан әрі дамыту үшін жағдай жасау мақсатындағы мемлекеттік тапсырма аясында «Отандастар. Болашаққа бағдар» деген тақырыпта халықаралық басқосу өтті. Жиынға Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев және сол кездегі Үкімет басшысының бірінші орынбасары Бердібек Сапарбаевпен бірге «Отандастар қорының» президенті Нұртай Әбіқаев және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасыры Зауытбек Тұрысбеков қатысқан болатын.
Сол жиында шетелдегі қазақтілді басылымдарды жыл сайын марапаттап отыру жайы да сөз болған еді. Айтылған сөз айтылған жерінде қалғандай болды ма, содан кейін бұл мәселе ұмыт бола бастағандай.
Жыл сайын бір шетелдік қандасымыз марапатталып қайтса – ол шетелдегі қазақ тіліне жасалған құрмет болар еді.
Шеттегі қазақ әдебиеті
Шетелде тұрып та қазақ әдебиетімен айналысып жатқан қаламгерлер көп. Олардың тіптен кейбірінің атағы атажұртқа да жетіп жатады. Осындағы басылымдарға шығармалары жарияланып, есімі елге белгілі болғандары қаншама? Олар да шеттегі ағайынның тілін, мәдениетін сақтап қалуда үлкен еңбек сіңіріп отырғаны рас. Қытайда қайтыс болған жазушы Қажығұмар Шабданұлының есімі «Қылмыс» романымен елімізге етене таныс. Ақын Омарқазы Айтан, жазушы Жақсылық Сәмит шығармалары Қытайдағы қазақтардың рухани-әдеби қуаты іспетті. Қытайдағы мемлекеттік деңгейдегі сыйлықтың иегерілері, жазушы Жұмабай Біләл және ақын Ерлан Нұрдыхан қатарлы қаламгерлердің есімі ғана емес, шығармалары да елімізге таныс. Сол сияқты Моңғолияда Парламент депутаты болған жазушы Сұлтан Тәукей, ақын Сұраған Рахметұлы, Жанат Боқаш, Байыт Қабан қатарлы қаламгерлер бар. Әлемнің басқа да елдерінде біз әлі де есім-сойын біле бермейтін ақын-жазушылар көп. Әдебиет, өнер ұлтқа бөлінбейді. Дейтұрғанмен, олар әуелі өз халқы үшін жазады. Шығарма қай тілде жазылса, сол ұлттың рухани қазынасы болып қалады. Ақын Есенғали Раушанов баспасөзге берген бір сұхбатында: «Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы марқұм Қалдарбек Найманбаев ағаның идеясымен жүзеге асып едi. Ондағы негiзгi мақсат шеттегi 5 миллион қазақтың тiлiн, әдебиетiн, мәдениетiн қорғау, қолпаштау болатын. Шетте де қаншама қазақ жазушылары жүр. Анау Тарбағатайда Қажығұмар Шабдан деген ағамыз өттi дүниеден. Мықты болсақ, сол ақсақалға Мемлекеттiк сыйлық берер едiк. Бiзде қайтыс болғаннан кейiн де талай тұлғаларымызға Мемлекеттiк сыйлық берiлдi. Бүгiнгi қазақ көркем әдебиетiнiң деңгейiмен қарағанда Қажығұмар ақсақалдың еңбегi одан төмен болуы, тiптi оқылмауы да мүмкiн. Әңгiме онда емес. Сөз қазақ деген атқа келiп тұмсық сүйеп тұр. Соны жүйелесек, ел екенiмiздi, қазақшалап айтар болсақ, дөңайбатымызды шетелдiк әдеби жұртқа бiр көрсетiп алар едiк», – деп «Алаш» сыйлығының әуелгі мақсаты мен кейінгі жай-жапсарын да тілге тиек еткен еді. Қазақ халқы үшін «Алаш» сөзі қашанда ардақты. Қазақ елінің дербес ел болып қалыптасуына ХХ ғасырдағы Алаш арыстарының ықпалы зор болды. Олар тек саяси қайраткер ғана емес, өнер, әдебиет, ғылым болсын қай саланың да алғашқы тағанын қалады. Сол себепті де халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы әу баста «негiзгi мақсат шеттегi 5 миллион қазақтың тiлiн, әдебиетiн, мәдениетiн қорғау, қолпаштау» дегенмен «Алаш» ұғымы исі қазаққа ортақ болғандықтан ауқымы кеңейіп, барша қазақтың озық әдеби шығармасына берілген болуы мүмкін. 1992 жылдан бастап, ұзын-ырғасы 176 адамға «Алаш» сыйлығы беріліпті. Түркия, Ресей, Өзбекстан, Әзірбайжан, Қытай және Испания қатарлы елдердің бірқатар қаламгерлері (аудармашылар) «Қазақ әдебиетін насихаттаудағы еңбегі үшін» лауреат атаныпты. Айтайын дегеніміз, қазір шетелде өмір сүріп жатқан қазақтың тілі, мәдениеті, әдебиеті қазақтан басқа халыққа қажеті шамалы. Ал оларды қолдау, қорғау, ынталандыру – қарашаңырақ Қазақстанның, соның ішінде Қазақстан Жазушылар одағының көтерер жүгі деп білеміз. Біз аталған сыйлықтың мән-жайын білу мақсатында, белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулетке хабарласып, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы жайлы сұрап көрдік.«Отандастар қоры» қолдаса
– Халықаралық «Алаш» сыйлығының негізгі бағыты туралы айтып берсеңіз. – Бағыты – көркемдік деңгейі жоғары әдеби шығармаларға беріледі. Қаржылық жағдайға байланысты кейбір жылдары берілмей қалады. Демеушілердің қолдауына сай жақсы шығармаларға «Алаш» сыйлығы беріліп, қаламгерлер ынталандырылып отырады. Басқа да әдеби сыйлықтар секілді өзінің талабы болады.