Мархабат Байғұт: Әдебиетке бетбұрыс жасалмаса, ұлттың болашағы бұлдырап, ділі құлдырай бермек
Мархабат Байғұт: Әдебиетке бетбұрыс жасалмаса, ұлттың болашағы бұлдырап, ділі құлдырай бермек
Карантин басталғалы аймақтарға сапарымыз тоқтағанымен, республиканың түкпір-түкпіріндегі ел ағаларымен, халықтың қамын күйттеп жүрген азаматтармен, қаламгерлермен байланысымыз үзілген жоқ. Керісінше, хат-хабар алмасу, қал-жағдай сұрасу жиіледі. Көпшілік ортадан оқшауланған карантин кезінде жабығып, жабырқап қалмады ма деп бір-біріне демеу болғандарды, жылы сөзімен бір-бірінің жанын жадыратқандарды көп көрдік. Сондай тамаша үрдісті жалғамаққа әрі мерейлі жасқа толған туған күнімен құттықтамаққа біз де шалғайдағы Таупістеліге телефон шалып, Мархабат Байғұт ағамызбен тілдестік. Қаламгермен әңгімеміз әлеуметтің жағдайынан басталып, әдебиеттің жайына ұласты.
– Атыраудан Алтайға дейін созылып жатқан қазақтың байтақ даласы шет пен шек дегенді білмеуші еді. Кесірлі кесел аймақтардың арасын шекарамен шектеп, барыс-келісті тоқтатты. Оңтүстіктегі ағайынның жағдайы қалай? Карантин қажытқан жоқ па?
– Карантиннен бірер күн бұрын Таупістелі дейтұғын туған ауылымызға келіп едік. Кемпіріміз, бірер немеремізбен. Сол күйі карантин жарияланып, екі жарым айдай уақыттан бері осындамыз. Таупістелі ауылында отызыншы жылдардың басында (өткен ғасырда ғой) екі жүздей түтін болған екен. Ашаршылықта жартысы қырылған. Соғыста жүз отыздай боздақтың жартысынан астамы опат болған. Елуінші жылдардың аяғына таман жеке мен колхоздың жылқылары түгелдей етке айдалып, Хрущевтың кесірінен қылқұйрықсыз қалған. Жүз елудей үйдің жиырмасынан өзгесі көшірілген. Қазір отыз шақты шаңырақ, оған қоса бірер бақуатты тұлғалардың таңғажайып, тамаша саяжайлары бар.
Ауылдағылар карантин талаптарын қатаң сақтап отыр. Күні кешегі Ораза айттың өзінде бұрынғыдай топтасып қыдырған жоқ. Алыстағы ауылда отырып, шағындау саяжайымызда жүріп, бүкіл байтағымыздың, қаншама қасіреттерді бастан өткерген, алты миллион екі жүз мыңға жеткенде төрт миллионынан айырылып, қасқа жолдан қайырылып қалған қайран қазақтың тілеуін тілейміз. Мақтааралымызды уайымдаймыз. Сегізінші сыныптан бастап жазда мақта шабыққа, күзде екі ай «ақ алтын» термекке баратын едік. Төрт жыл бойы сөйткенбіз. Кейін қаламгер ретінде ең көп жазғанымыз да сол Мақтааралымыз еді. Мемлекетіміз мақтааралдықтарға мәністі қамқорлық істеп жатыр. Өмірзақ Шөкеев бастаған аймақ басшылары күні-түні тынымсыз тірлік жасап жүр. Күбір-күпсіңге, сыбыр-сыпсыңға берілмей, қолдан келсе, әл-Фараби бәдіздегендей жәрдем жасамағымыз абзал. Індетті де темірдей тәртіппен, мұнтаздай тазалықпен, жоғары жауапкершілікпен ғана жеңеміз. Абай айтқан ақылға бірлік, іс-әрекетке, әділеттілікке бірлік, қанағат пен рақымға бірлік керек.
Жаратқан ие бұзылыңқыраған ниет пен пейілге, тым тойшылдыққа, ысырапшылдыққа, тойымсыздыққа, іштарлыққа қарай осындай ауыр сынақ беріп отыр ма деп те уайымдайтынымыз рас. Абай: «Ел бұзылса құрады шайтан өрмек; Періште төменшіктеп қайғы жемек», – дейді ғой. «Қайырымды қала» қағидаларын мәністеген Әбу Насыр бабамыз «надан қала», «нысапсыз қала», «даңғой қала», «пасық қала», «тойымсыз қала» деп таразылай талдаған да. Осы әл-Фараби, Ахмет Ясауи, Абай үшеуіне үңіліңкіреп, үйлесімге ұмтылмақ қазақ үшін басты парызға айналса ғой.
– Кезінде әдебиетте із қалдырсам деген үзеңгілестеріңіздің көбі Алматыға, әдеби ортаға жетуге асықты. Сіз руханиятқа сіңірер еңбек адамның жүрген жеріне, отырған орнына байланысты емес екенін дәлелдеген санаулы қаламгердің бірісіз. Десе де, бір сұхбатыңызда «Алматы арманым еді...» деп қалыпсыз. Жүрек түкпірінде орталыққа неге бармадым деген өкініш қалып қоймады ма?
– Алматыда, Қазақ университетінде оқып, Зейнолла Қабдоловтайын зергерлерден дәріс тыңдаған соң, әлбетте, арман қалада қалып, қалам айналдырмақты көксейтіндер көптұғын. Солардың бірі – біз пақырыңызбыз. Алайда аурушаң аналарына, жәутеңдеген жетім бауырларына алаңдап, ауылдарына күрсініп қайтқан жалғыз біз емеспіз. Жаратқан иенің жазуымен кешіп келе жатқан өмірімізге, тағдырымызға мың да бір шүкіршілік етеміз, айналайындар.
– Әдебиет бір кездері қомақты табыс көзі болды. Ал бүгінгі жазушылар жазумен жан бағу мүмкін емес екенін айтады. Мұны қоғамның әдебиетке деген ықыласының төмендегені деп түсінсек қателесеміз бе?
– Қазақстанның жағдайында жазушылар үшін қаламақы мәселесін нарыққа тұтас тәуелді етпей-ақ, талапшылдық, әділеттілік жолымен шешпекке мүмкіндіктер әбден-ақ мол еді. Дер кезінде шешілмеді. Нарықтық қарым-қатынасқа көркем әдебиет төтеп бере алуы үшін ұлттың саны ең кемі жиырма бес миллион адам болуы керек деген мәселе – дәлелденген жағдаят. Ал қазақтың, оның ішінде ұлт тілінде оқитын жұрттың саны қай шамада екені белгілі. Бұл туралы терең тебіреніспен ойланатын, толғанатын, түбегейлі шешпекке тырысатын тиісті тұлғалардың қолдары басқа нәрселерге байлаулы сияқты.
– Жуырда Президентіміз Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет бастаған эстафетаны жалғап, карантинде өзі оқып жатқан кітаптар мен басылымдардың тізімін ұсынды. Сізге де сондай қолқа салсақ. Не оқып жүрсіз?
– Тағы да данышпан Абайға жүгінсек, ол кісі: «Жетелеп үйрет, оған көнбесе, желкелеп үйрет», – дейді. Көркем әдебиетке бетбұрыс жасалмаса, әлеуметтік желінің әлеуетті жақтарынан гөрі әулекілік әсеріне әсіреңкілене берсек, ұлттың болашағы бұлдырап, ділі құлдырай бермек. Отбасы мен балабақша, мектептен бастап жаппай бетбұрыстың жолын, жөн-жосығын табу керек. Желкелеуге дейін...
Біз мына карантин басталғанда да отбасылық оқуға, бірлесе талқылауға, ең болмаса он бес минут бірге оқып, он бес минут бірге талқыламаққа ыңғайлы әулие жанр – әңгімеге бет бұруға бастама көтердік. Әлімізге қарамай. Бірен-саран қолдағандарды Құдай қолдағай.
Ал өз басым жапон әдебиетінен біраз нәрсе оқыдым. Абайдың қара сөздерін қайталай қарадым.
– Өткен жылдың соңында 5 мың данамен жеті томдығыңыз жарық көрді. Жинақ еліміздің барлық өңіріне жетті ме? Кітапханаларға тегіс таратылды ма?
– Бізге айтуларына қарағанда, жеті томдық бүкіл байтағымыздағы негізгі кітапханаларға жіберілген.
– «Балалар жазушысы деп жазушыларды бөлуге қарсымын» деген екенсіз бір сұхбатыңызда. Бұлай жіктеуге кішкентай оқырмандардың таным-таразысына лайық шығарма жазатын қаламгерлердің тым аздығы себеп болса керек. Шығармашылық жолыңызды о баста балаларға арнап жазудан бастапсыз. Қазір бұл тақырыптан қол үзген жоқсыз ба?
– Қол үзіп кеттім деп айта алмаймын. Мәселен, «Қозапая», «Белесебет пен байлық», «Қош бол, кітап» дейтін көркем әңгімелерім балаларға арналмаған дей алмаймын. Шығармаларым «ересектерге арналғанның» өзінде де, көпшілігінде балалар жүреді. Сондықтан сіз меңзеген көзқарасымда қала берем-ау.
– Түлкібаста құрылған «Мархабат-Мирас» қоғамдық қорының жас қаламгерлерді қолдау бағытындағы талай ілкімді істеріне қанықпыз. Індетке байланысты біраз шаруа тұралап қалған болар. Жағдай тұрақталған соң қордың игі дәстүрлері жалғасын таба ма?
– Бұл қордың қалтасына қаржы түспегелі талай жыл болған сияқты. Дегенмен алған беттен қайтар емес. Жұмыстарына жұртшылық риза. Жас талапкерлер разы. «Таупістелі тағылымы» жобасы бар. Әр үш жыл сайын «Түркі тілдес, түгел бол!» тақырыбында түрлі жиындар, конференциялар, сыр-сұхбаттық басқосулар өткізеді. Алыстағы ауылда. Түркінің түгелдігі туралы тек алып қалалар – Анкара, Стамбұл, Баку, Ташкент, Қазан, Нұр-Сұлтан, Түркістанда ғана емес, Қаратау қойнауындағы Таупістелі ауылында да айтылады. Үнқатысуға Түркия, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Татарстан, Әзірбайжан, тағы басқа туысқан түркі елдерінің қайраткерлері, қаламгерлері қатысады. Ара-арасында қор хал-қадерінше әдебиет пен журналистиканы насихаттайды. Жас қаламгерлерді қанаттандырып, байқаулар, оқулар өткізеді. Алдыңғы жылғы оқулар Тұтқабай Иманбекұлына, былтыр Шерхан Мұртазаға арналды. Мына індетті шегіндірсек, Түркістан облысы мен Шымкенттегі дәстүрлі әдеби шаралар жаңа тұрпатта жалғасар, сағынышпен қауышулар көбейер деген үміттеміз.
– Жүріп өткен жолыңызға қазіргі жеткен биігіңізден қарағанда не көресіз?
– Ғасырлар тоғысында бір прозашы мен бір ақын биік шоқыға шығып, төменде жатқан үлкен елді мекенге қарап тұрыпты. Деседі. Ақын: «Ай, қайран елім-ай, жүз жылдан кейін мына мен сияқты мықты ақыныңның артында қалған ғажап кітаптарын оқымайсың-ау!», – депті. Ал прозашы күрсініп: «Менің кітаптарымды жүдә оқымаса-дағы, жүз жылдан кейін осы елім аман болса, арманым жоқ», – деген екен. Жетпіс бестің биігінен қарап, сол прозашының жағына шығатындай күйдеміз.
– Жазушы бақыты деген не? Бақытты жазушысыз ба?
– Жазушы бақыты қайран қалам мен ақ қағазға адалдықтан айнымай, ұлтына қызмет қылмақта шығар. Бір келіншек құттықтау жолдапты. Whatsapp арқылы. «Сіз бақытты жазушысыз, аға!», – депті. «Рақмет, айналайын. Алла разы болсын», – деп жауап жазғам.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан
Анар ЛЕПЕСОВА