Иммигранттың ұрпағы Лондонның мэрі болып сайланды

Иммигранттың ұрпағы Лондонның мэрі болып сайланды

Иммигранттың ұрпағы Лондонның мэрі болып сайланды
ашық дереккөзі
Лондонға жаңа басшы келді. Оның несі жаңалық дерсіз? Ұлыбританияда жылда сайлау. Былтыр тұрғындар Британ парламентінің Қауымдастар палатасының мүшелерін сайласа, биыл мұнда 4 қаланың мэрі мен 124 жергілікті кеңес мүшелерінің сайлауы өтіп жатыр. Ең ірі екі партиялар – консерваторлар мен Лейбористердің қайтадан саяси пікірталас пен тартыс майданына бел шеше кіріскен шағы бұл. Осындай қызу дода, ашық теке-тірес кезінде Лондон мэрінің сайлауында Садик Ханның жеңіске жетуі лейбористер партиясының мерейін асырды. Ал оның өзі – мұсылман отбасынан шыққан әрі кешегі иммигранттың баласы екені Еуропадағы ішкі саяси реңктің өзгере бастағанынан хабар беретіндей.

ЕУРОПАЛЫҚ МОЗАИКАҒА ӨЗГЕШЕ РЕҢК БЕРГЕН МЭР

Ол – 1,3 миллион лондондық сайлаушының таңдауы ғана емес, христиандық Еуропа тарихындағы пешенесіне әлемдік астаналардың бірін басқару жазылған тұңғыш мұсылман. Оның кеше ғана Альбион аралына сырттан ауып келген иммигранттың ұрпағы екенінің өзі діни сенімінің жанында елеусіздеу қалды. Тіпті, бұл сайлаудың нәтижесі лейбористердің жеңісі екені де көмескі сияқты. Әлемдік ақпарат құралдары «Лондонды мұсылман мэр басқаратын болды» деп жар сала, шулап жатыр. Садик Ханның жеңісіне осыншалық назар аударудың аз дегенде үш себебі бар. Біріншіден, оның мұсылман екені. Яғни, ол мейлі лейбористер, мейлі консерваторлар өкілі болсын, осы сайлаудағы жеңісі айтылғанда, әуелі оның мұсылман екені ауызға ілігеді. Сайлауалды науқан кезінде журналистер дінге қатысты көп сұрақ қойған, ал Садик: «Мұсылман болу деген Құдайға құлшылық ету, Рамазанда ораза ұстау және халал ас жеу» деумен шектелді. Осы орайда, Германияның «Der Spiegel» газетінің Садик Ханның жеңісіне «Исламофобияның жеңілісі» деп сипаттама беруі біраз жайтты аңғартады. Ал Пәкістанның «Dawn newspaper» газеті Садик Ханды Еуропада тұратын миллиондаған мұсылмандарға үлгі деп атап көрсеткен. Сайлау нәтижесі шықпай тұрып-ақ Швецияның бұрынғы премьер-министрі Карл Бильдт «Твиттердегі» парақшасында «егер АҚШ президенті болып Дональд Трамп сайланса, онда Садик Хан онымен қалай тіл табысар екен» деп алаңдаушылық білдіріпті. АҚШ президенттігіне басты екі үміткердің бірі Дональд Трамптың былтыр «Мұсылмандарға АҚШ аумағына кіруге уақытша тыйым салу керек» деп мәлімдеме жасап, халықаралық қауымдастықты бір шулатқанын бұған дейін талай жазғанбыз. Лондонның мэрі мұсылман болды. Енді Трамп президенттікке сайланса, оның мұсылмандарға қатысты сөзін есіне салатындар қазірден-ақ табылады. Лондонның мэрі АҚШ-қа бармай ма деген сауал қыр астында қылтиып тұр. Ғаламдық саясаттың қат-қабат қатпары осындай. Екіншіден, оның жеңісі Британ билігіндегі консерваторларға оппозиция болып саналатын мәртебесін көтерді. Оның үстіне, бұған дейінгі лондондық мэр Борис Джонсон консерваторлардың белді мүшесі болатын. Британ парламентінде басымдыққа ие бола алмай, былтыр есе жіберіп алған лейбористер енді ең маңызды аймақ – Лондонда өз саясатын жүргізе алады. Бұл дегеніңіз, консерваторлар жетекшісі Дэвид Кэмерон бастаған үкіметтің Лондон экономикасы, инфрақұрылымына, жалпы дамуына қатысты жоспарларын сынап қана қоймай, оған өз бағыттарына сай өзгерту енгізе алады деген сөз. Үшіншіден, Садик Ханның билік басына келуі кәрі құрлықтың іштей түбірлі трансформацияға ұшырағанын байқатады. Бұған дейін христиандық Еуропа мұсылман дініндегі азаматын билік басына сайламақ түгілі, өз жерінде мұсылмандар санының көбейіп келе жатқанына наразы болған. Бірақ өткен ғасырдың екінші жартысынан бастау алған иммиграциялық толқын ХХІ ғасырдың басында одан әрмен күш алды. Кәрі құрлыққа табан тіреп, тамыр жайған қауымының табиғи өсімін қоса алғанда, мұсылман тұрғындар санының соңғы жиырма-отыз жылда күрт көбеюіне таң қалудың қажеті жоқ. Қатары қалыңдаған иммигранттар санмен бірге сапалық құрамын да жаңартты. Олардың ішінде жоғары білімді, көзі ашық, көкірегі ояу, түрлі саланың кәсіби мамандары шығып, өз еңбегімен елене бастады әрі жергілікті қоғамның одан әрі өркендеуіне өз үлесін қосты. Садик Хан да осындай ортадан шыққан саясаткер. Оның атағы шығып, аты озуы – еуропалық, қала берді әлемдік саясаттың мозаикасындағы бұған дейін қалыптасқан реңкті біржола өзгертуі әбден мүмкін. Осыдан он бес жыл бұрын АҚШ-та болған 11 қыркүйектегі трагедиялық оқиғаны еске алсақ. «Ислам» мен «терроризм» ұғымдарын байлап-матап, құндылықтарды шатастыратын құбыжық термин осы оқиғадан соң кең тарады. Одан кейін Ауғанстан, Ирактағы соғыстар, бертін келе Египет, Ливия мен Сириядағы қантөгістер бүгінгі исламдық мемлекеттердің бәсін түсіргені анық. Соңғы бірнеше жылда кәрі құрлық шекарасында ұйлығып, есігін жапса терезеден, терезесін жапса жабықтан сығалаған мың-сан босқындар мұсылман елдеріндегі мемлекеттік басқару жүйесіндегі кемшін тұстарды көрсетті. Ал халқы босқан бұл елдерге көршілес отырған Сауд Арабиясы, Катар сияқты бай елдердің «миграциялық дағдарыстың» себебі мен салдарын жоюға күресуге сүлесоқтық танытуы жағдайды одан әрі ушықтырды. Мұның бәрі Ислам дініне сескене қарауға сылтау болып, Еуропаның өзінде тұратын мұсылмандарды жатырқайтын, жақтырмайтын қоғамдық пікір тудырды. Ақыр аяғы, былтыр қараша айында Еуропаның жүрегінде, Париждің қақ төрінде, биыл наурыз айында Еуроодақ астанасы Брюссельде террорлық оқиғалардың орын алуы «ислам терроризміне» деген қорқынышты үдете түсті. Ал кәрі құрлықты қоныс еткен мұсылмандар басқа еуропалықтар тарапынан өздеріне психологиялық қысымның күшейе бастағанын айта бастады. Осындай жағдайда Садик Ханның Лондон басшылығына келуі мұсылмандарға деген салқын көзқарасты өзгертуге ықпал етуі ықтимал. Яғни, Батыс Ислам дінінің терроризмге үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын, мұсылмандардың өз кәсібіне жетік, өз мемлекетіне (яғни, Отанына) адал, заңды құрметтейтін білімді, білікті мамандар екеніне іс жүзінде көз жеткізуі тиіс. Оны мұсылмандар алыс Африка не Азия елдерінде емес, дәл осы Еуропаның қақ төрінде отырып дәлелдеуі керек. Себебі Садик Ханның жұмысына сын айтып, оның аяғынан шалуға тырысатындар көп болатыны анық. Қазірдің өзінде оған «ислам терроризміне солқылдақ көзқараста» деген айып тағып жатыр. Мұндай айып тағушылар терроризм мен Исламның бір-біріне қатысы жоқ екенін, бұл терминнің саяси қитұрқы ойынның жемісі екенін ескермейді. Садик Ханның өзі туралы өзін сөйлетсек, ол: «Мен – лондондықпын. Мен – еуропалықпын. Мен – британдықпын. Мен – ағылшынмын. Мен – мұсылманмын. Мен – азиатпын. Мен – пәкістандықпын» дейді. Ол бүгінгі таңдағы еуропалық құндылықтар мозаикасын осылай одан әрі байытты.

АҚСҮЙЕК ПЕН ҚАРАШАНЫҢ ТАРТЫСЫ

Садик Хан лейбористер мүшелігіне он бес жасында өткен екен. 2005 жылдан бері Лондонның Тутинг округы бойынша Қауымдастар палатасының мүшесі. Ол Британ парламентіндегі саусақпен санарлық мұсылманның бірі әрі саны аз этностық топтың өкілі. Парламенттегі алғашқы сөзінде ол әкесінің жастайынан Мұхаммед пайғамбардың өмір жолы мен хадистерін үйреткенін еске алған. Оның әке-шешесі өткен ғасырдың 60-70 жылдары Пәкістаннан Ұлыбританияға қоныс аударған. Әкесі ширек ғасыр автобус айдаған, анасы үйде тігінші болып табыс тапқан қарапайым жанұя. Көпбалалы әрі иммигранттар отбасынан шыққан Садик Хан Лондонның қарапайым мектебінде білім алып, жастайынан нәсілдік және әлеуметтік кемсітушіліктіктің не екенін өз басынан өткергенін айтады. Солтүстік Лондон университетін бітірген соң ол 1994 жылы заңгер ретінде жекеменшік фирмаға жұмысқа тұрады. Үш жылдан соң Тутинг округының жергілікті кеңесіне мүше болып сайланып, сол кезеңнен саяси қайраткерлік жолына түседі. Ал 2009 жылы лейбористер билігіндегі үкімет құрамында көлік министрі болып тағайындалады. Осылайша, ол – Британ үкіметінің құрамына кірген алғашқы мұсылман болды. 2010 жылы сайлауда лейбористердің жеңіліске ұшырағанына қарамастан, Садик Хан өз округы бойынша Парламент мүшелігіне қайта сайланды да, консерваторлар құрған үкіметке оппозиция болып шыға келді. Осы жолы Лондон басшысы сайлауына оншақты адам үміткер ретінде тіркелсе де, Садик Ханның басты қарсыласы әрі оның антиподы Зак Голдсмит еді. Зак Голдсмит – англо-еврей отбасының ұрпағы әрі миллиардердің баласы. Әйгілі Итон мектебінде оқыған, бірақ аяқтай алмай шығып кеткен. Бұған қоса, атақты Ротшильдер әулетіне күйеу бала. Миллиардер сэр Джеймс Голдсмит баласына 300 миллиондай фунт стерлинг мұра қалдырған деседі. Оның арқасында Зак Голдсмит қазіргі Британ парламентіндегі ең бай депутат саналады. Голдсмиттің аталары да Парламентке мүше болған екен. Сайлауалды науқан кезінде BBC компаниясының журналистері екі үміткердің халыққа қайсысы жақын екенін тексеріп көру үшін сынақ ұйымдастырған. Журналиспен бірге таксиге отырған саясаткерлер Лондонның метро станцияларының атын атап, көшелерін түстеп беруі тиіс болған. Бұл сынақтан Садик Хан сүрінбей өтті. Ал Зак Голдсмит «метромен көп жүрем» десе де, жақын маңдағы метро станцияларының атын атауға қиналып, Лондон мұражайының қай жерде екенін айта алмай мүдіріп қалды. Ақсүйектік тегі де, әкеден қалған байлық та, әйелінің атақты фамилиясы да, тіпті консерваторлар жетекшісі Дэвид Кэмеронның қолдауы да Зак Голдсмитке тегі пәкістандық Садик Ханды басып озуға көмектесе алмады. Сайлау нәтижесінде Садик Хан 44 пайыз, Зак Голдсмит 35 пайыз дауыс жинады. Консерваторлар өкілі өз жеңілісін мойындап, қарсыласын ресми түрде жеңісімен құттықтады. Осылайша, ақсүйектер мен байлардың өкілін кеше ғана Британ корольдігін паналап келген келімсектің баласының мысы басты. Тегі мен тамырын мақтан тұтатын үстем таптың өкілі қарапайым ортадан шыққан, қараша тұрмыс кешкен тұрғыннан басым түсе алмады. Садик Хан алдағы төрт жылда лондондықтарға қоғамдық көліктердің бағасын қымбаттатпай, сол күйі қалдыруға, баспана бағасына тұсау салып, әлеуметтік тұрғын үйлерді көптеп салуға және полиция құрамында саны аз этнос өкілдерінің санын көбейтуге уәде берді. Сондай-ақ ол алдағы референдумда Ұлыбританияның Еуроодақ құрамында қалуын қолдайтынын айтты. Бұл ұстанымы қазіргі консерваторлар жетекшісі премьер-министр Дэвид Кэмеронның саясатымен үндеседі. 8 мамырда Садик Хан Лондон басшысы қызметіндегі алғашқы қадамын Холокост құрбандарын еске алу шарасына қатысумен бастады. Шамасы, ол лейбористердің атына айтылып жүрген антисемиттік айыптарға осылайша тойтарыс бергісі келсе керек. Сонымен, егер Садик Хан осы қызметін абыроймен атқарып, алдағы төрт жылда өз өкілеттілігін соңына дейін атқара алса, бұл – Еуропадағы саясатқа мұсылмандардың араласа бастағанын және мұсылмандардың еуропалық қоғамның ажырамас бөлшегіне айналғанын көрсететін болады. Алғашқы болу оңай емес. Лондонның жаңа мэріне сәттілік тілейміз де.  

Гүлбиғаш ОМАР

Ұлыбритания