Жаңалықтар

"Жерлеу маршы" немесе Қазақстандағы сталинизм қылмысы

ашық дереккөзі

"Жерлеу маршы" немесе Қазақстандағы сталинизм қылмысы

Қасиетті Рамазанның тоғызыншы түні еді. Астана. Сәресін ішіп, ниет еткен соң, жұмыс үстеліне жайғасып, ертеңгі күннің жоспарын бажайлап отырмын. Менің бала күнімнен бергі қалыптасқан ескі ғадетім – шығармашылық жұмыс үстінде ән тыңдау немесе ән салу, өлең оқу-тын. Шопеннің «Шабытын» қосып қойып, классиканың әуенімен ойланып, толғанысқа еніп, тебіреніп кетсем керек-ті. Сондағы ой – ұлы атырыптағы еркін қазақтың дәурені өтіп, мойнына отарлықтың қамы түскен шақ екен. Яғни, Хан Кененің байрағы құлап, басы кесілген, қазақтың рухы кеткен жігерсіз халі. Ақанның ішқұса боп, Біржанның дерт құшқаны. «Мыңмен жалғыз алысып», надандықты адамдыққа айналдырамын деп жүрген хакім Абайдың күресті ғұмыры екен. Л.Бетховеннің «Жерлеу маршы» («Траурный марш», №3 симфония) орындалғанда, қиял жетегінен оянып, «Аһ!» деп шүкір еттім.  «Жерлеу маршы» демекші, Иосиф Сталиннің ғұмыр жолын, саяси-қайраткерлік қырын бүге-шүгесіне дейін індете зерттеп жүргендердің жазуынша, кекшіл әрі қанқұмар Кобаның сүйікті музыкасы осы –  №3 симфония «Жерлеу маршы» болған екен. «ЖЗЛ» сериясымен шыққан Свястослав Рыбастың Сталин туралы кітабында осы туралы қызық әрі сұмдық дерек бар. Сталин саяжайдағы үйінен Кремльге, яғни жұмыс орнына келген сәтінде гранпластиканы бар дауысына қойып, осы №3 симфонияны қайта-қайта айналдырып тыңдаған екен-мыс. 1930 жылдардың басында Кеңес билігінде ірі саяси өзгерістер белең алды. В.Ленин, К.Маркс, Ф.Энгельстің ойларын догмалау, идеяландыру үрдісі И.Сталин­нің жеке басына табынумен жалғасты. Міне, осы жеке басқа табынудан соң, «Халық әкесі» атанған Сталиннің аузынан шыққан әр сөз –  коммунистік пар­тияның киелі кітабындай қасиетті болып, қоғамдық ортаға культі орнықты. Ең қиын әрі қасіретті кезең басталды. 1934 жылы қылмыстық заңдарға бір­қатар өзгерістер еніп, қайта редакцияланды. Сол жылдың 8 шілдесінде «Отанды сату туралы», 1 желтоқсанында «Тер­рористік актілер туралы» заңдары қайта жазылды. Ал  1937 жылғы 2 қазан­да «Зиянкестік пен диверсия туралы» заңға қол қойды. Сталиндік тоталитаризмнің ең сора­қы қылмысы – Ішкі істер Халық комис­сариатының жанынан «Ерекше жиналыс», «Үштік», «Екілік» деп аталған соттан тыс органдарды құру болатын. Бұл орган­дардың жұмысы заң қолда­нысына енген соң, репрессиялау ісі күшейіп, соттық-процессуалдық құқықтар шектелді. Сталин режимі тұсында Қазақстан от пен оқтың ортасында тұрған-ды. Қара қазақтың жаны ыстық табада шыжғы­рылып тұр еді. Оқыған, көзі ашық, интеллектісі биік, кез келген ұлт пен ұлыс оқығанымен бәсекеге түсуге қабілетті ең сүйікті деген интеллигенция өкілдері қуғын-сүргіннің тақсіретін тартып, біржола туған жері – қазақ даласынан аластатылды. Ал олардың жарлары мен балалары «Халық жауының ұрпағы», «Отан сатқандардың әйелі» деген жаламен лагерьлерге қамалып, ауыр жұмысқа салынды. Ұлт көшбасшысына айналған тұлғадан екі әріптің басын қосып, хат жаза алатын сауаты бар адамға дейін, яғни сауатты қазақ баласына дейін бәрі-бәрі бір оқтың құрбаны болып кете барды... Үрей мен қорқыныштың ортасында өмір сүрген әр қазақ сол жылдары түрмеге түсуге немесе оққа ұшуға дайын еді, қатерлі шақ орнарын сезген еді. Ілияс ақынның тілімен айтқанда, «Ол заман – ерге тұсау, зорға думан» еді. Қызыл билік қантөгіспен таққа жетіп, Петерборды вандализммен басып алғанда, қазақ бадырақтарының айы оңынан туды ма дерсің! Ленинді «Күн көсем» деп, Сталинді «Халықтар әкесі» деп жер-көкке сыйғызбай мақтап, атын аспанға шығарып, жағынудан алдарына кісі салмаған. Міне, осы жағымпаздық кесел мерез болып, қанымызға сіңіп, қызыл саясаттың жолына араласқандар Алаш деп азаттыққа ұмтылғандарды да, коммунистік билік арқылы қазаққа пана боламын деген оқығанды да «ұлтшыл», «фашист», «троцкийшіл», «бухариншіл», «жапон тыңшысы», «оңшыл коммунист», «саяси жат элемент», «оңшыл-уклонист» деп лек-легімен итжеккенже айдатты. Сталинизмнің зорлық-зомбылығы қатаң болған АЛЖИР түрмесінде 7 мыңнан астам жан жазасын өтесе, соның 179-ы қазақтың қаракөз қыздары болатын.  Бұл азап лагерінде қандай әйелдер отырды десеңізші! Алаш оқы­ғандарының сенімді серігі болған біртуар арулар болатын. Осы қараңғы қапаста асыл ұрық – Алаш балалары аштықтан торығып, үзілген еді. Осындай ақылға сыймайтын қылмысты қасақана ұйым­дастырған кеңестік билікті қалай іштартып жақсы көресің?! Кеңес үкіметінің ең бір үлкен қыл­мысы – 1928-1930 жылдардағы ұжым­­дастыру саясатына ашықтан-ашық қарсылық көрсетіп, бұлқыныс тудырған халық көтерілістерін жаншып, олардың ұйымдастырушылары мен өкілдерін «банды» деп танып, олардың ұрпақтарын «бандит ұрпағы» деп қаралауы. Өкінішке қарай, біздің ұлттық ғылымда осы халық көтерілістері өзіне лайықты бағасын алмады және осы көтерілісті ұйым­дас­тыр­ғандардың көбі ресми ақталмай, әлі күнге дейін олардың есім-сойы «бандит» деген қара тізімде тұр. 1937 жылдың 30 шілдесінде Қазақ­стан бойынша 1-ші санатпен 2500, 2-ші санатпен 5 000 адамды соттау туралы бұйрық шығып, тапсырма берілді. Осы жылдың соңына қарай Қазақстан большевиктері Коммунистік партиясының Орталық Комитеті республика бойынша тағы да 1-ші санатпен 600 адамды атуға рұқ­сат сұраған-ды. Бұл – біздің еліміздегі ең үлкен орны толмас өкініш. Осы ұсы­­ныс 1937 жылғы 3 желтоқсанда БК(б)П Орталық Комитетінің Саяси бю­ро­­сы мәжілісінде қаралып, мақұлдан­ған. «Өз ауылымыздың иттері қауып», ақы­рында 25 мың қазақ азаматы сталин­дік үлкен террордың құрбаны болды. Ұлт­тық орасан зор апат. Яғни, ұлт­тық тра­гедиялық катастрофа! Сөзімізді түйіндей айтсақ, сталиндік үлкен террор жылдарында саяси айыппен атып тастау ісі мейлінше күшейіп, қазақ елінің бетке ұстар, сүт қаймағын­дай ең таңдаулы азаматтарын түгелімен жойып жіберді. Олардан қалған аманаттай болған тағдырлар – 1941-1945 жыл­дардағы Екінші жаһан соғысында «Х­а­лық жауының ұрпағы емеспіз!» деп кеуделерін оққа тосып, Сталиннің Кремлін жау шебінен қорғап еді... 31 мамыр күні жақындаған сайын жүрегің езіліп, көңілің құлазиды. Неге? Бұл – саяси қуғын-сүргін және ашар­шылық құрбандарын еске алу күні. Бірақ біз біртұтас ел болып осы күнді қалай бағалап жүрміз? Міне, бұл алаңдатарлық сауал. Ақиқатында, бұл күн – мереке емес, Аза тұту күні. Ұлттық Аза тұту күні! Сталинизмнің бюрократиялық жүйе­­сіне қарсы шығып, қазақтың жері­нің тұтастығы үшін күресіп, терри­то­рия­­лық-шекаралық бөлінісін белгілеп, азаттық деп атылған 25 мың ердің және 125 мың қуғын-сүргіннің азабын шеккен боздақтардың аруағына құрмет қылу – Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін ұғыну мен түсіну. P.S. Сталинмен бір дәуірде өмір сүріп, қоян-қолтық араласқан кеңес қайрат­кер­лерінің естеліктерін оқығанда да немесе Алексей Щербаковтың «Сталин против Троцкого», Арсен Марти­росян­­ның «Сталин и репрессия 1920-1930-х годов» биографиялық еңбек­те­рін­де болсын Сталиннің «Жерлеу маршын» сүйіп тыңдағаны және өзіне қарсы шыққан «Халық жауларын» атуға бұй­рық немесе тапсырма бергенде осы №3 сим­фонияны ерекше құлшыныспен тыңдап, Кремль бөлмесінде ерсілі-қарсылы жүріп, айқайлаған екен. Задында, Сталин жүйке жүйесі сыр берген ауру болған-ды. Кейін оның өзі де, ұрпақтары да бордай тозып кетпеді ме? Атылған, сотталғандардың киесі ұрған болар...  

Елдос ТОҚТАРБАЙ,

алаштанушы