Білім мен ғылымға түбегейлі реформа қажет
Білім мен ғылымға түбегейлі реформа қажет
Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысы өтті. Онлайн форматта өткен жиында адами капиталды дамыту мәселелері, атап айтқанда, білім беру, денсаулық сақтау салаларын жаңа талаптарға сай реформалау жайы талқыланды.
Еліміз коронавирустың шарықтау шегін еңсерді. Алайда кесірлі кеселмен күрес аяқталған жоқ. Індет қаупі сейілмегенін, пандемия қайтадан өршіп кетуі мүмкін екенін ескерткен Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі жұқпалы ауруларды емдейтін клиникалардың барлығын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру қажеттігін баса айтты.
– Алдағы 5 жылда мемлекеттік денсаулық сақтау мекемелерін медициналық техникамен 100 пайыз қамтамасыз етуіміз керек. Сонымен қатар жаңа ауруханалар салу қажет. Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында биылдың өзінде 24 жаңа денсаулық сақтау нысаны пайдалануға беріледі. 2025 жылға қарай мемлекеттік бағдарлама бойынша 20 ірі клиника салынады, – деді Президент.
Бүкіл әлемді қыспаққа алған пандемия Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі үшін де ауыр сынақ болды. Кесірлі кесел елімізде кәсіби дәрігерлер тапшы екенін көрсетті. Мемлекет басшысының айтуынша, бұған еңбекақының аздығы, мамандықтың беделді болмауы, дәрігерлер құқығының қорғалмауы себеп.
– Түрлі сала мамандары ішінде ең төмен жалақыны дәігерлер алады. Олардың айлығы экономикадағы орташа жалақыдан 2,5 есе артық болуы керек. Бұл көрсеткішке 2023 жылға қарай қол жеткізу қажет. Осы күрделі кезеңде баршамыз медицина мамандарының қажырлы еңбегіне куә болдық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Президент ақ халаттыларды дәрігерлік қателік үшін жазалау тәжірибесін қайта қарау керек екенін айтты. Медицина мамандарын заңсыз әрі әділетсіз қылмыстық қудалау фактілерінің жиілеуі отандық денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімді төмендететінін ескертті.
Коронавирус таралғалы отандық дәрі-дәрмек өндірісінің де кем-кетігі айқын аңғарылды. Фармацевтика саласындағы саясат ішкі сұранысты қамтамасыз етуге, озық технология тартуға және импортты алмастыруға бағытталуы тиіс екенін баса айтқан Мемлекет басшысы Үкіметке отандық фармацевтика өнеркәсібін дамыту жоспарын дайындауды тапсырды.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында отандық білім және ғылым жүйесін жаңа ахуалға сай реформалау мәселелері де талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, алдағы уақытта бұл саланың маңызы арта түседі. Тіпті, экономиканың өзі ілім-білімге тәуелді болмақ.
Мемлекет басшысы Қазақстанның білім саласына бөлетін қаржысы жеткіліксіз екенін, соның салдарынан білім беру сапасы мен мектеп инфрақұрылымы дамыған елдермен салыстырғанда әлдеқайда кенжелеп қалғанын айтты.
– Қазақстанның мектептері жақсы жабдықталып, сыныптағы оқушылар санының көп болмағаны қажет. Мемлекеттік білім беру бағдарламасы бойынша 2025 жылға қарай 650 орындық және одан да көп оқушыға арналған 800 жаңа мектеп, ауылдардағы тірек мектептер үшін 114 интернат, 700-ден астам спорт залдарын салу жоспарланып отыр, – деді Президент.
Қоғамда оқытушылар еңбегінің маңызы және мұғалімдерге деген құрмет артты. Десе де, ұстаздарды ынталандыру ісінде түйіні тарқатылмаған мәселе әлі де аз емес.
– Біз «Педагогтар мәртебесі» заңы аясында мұғалімдерді ынталандыру шараларын қарастырдық. Бірақ іс жүзінде ЖОО жалақысы мектеп мұғалімдерінің жалақысынан аз болып қалды. Осыған орай, Үкімет ЖОО оқытушыларының еңбекақысын көбейту мәселесін қарастыру керек, – деді Президент.
Ұстаздардың жалақысын кезең-кезеңмен арттырып, университеттердің материалдық базасын нығайту үшін мемлекеттік білім гранттарының құны 3 есе көбеймек.
– Дарынды жастардың шетелге кету мәселесіне ерекше назар аударған жөн. Мұның бірнеше себебі бар. Оның бірі – жоғары білім беру жүйесінің бәсекеге қабілетсіздігі. Әрине, бұл қосымша инвестицияны талап етеді. Осыған орай, біз білім гранттарының орташа құнын 340-420 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейін көбейту туралы шешім қабылдадық. Яғни, грант құны үш есе артады. Елімізде грант құны 2011 жылдан бері өскен жоқ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент 2025 жылға дейін еліміздегі 5 ЖОО әлемнің үздік 500 университетінің қатарына қосылуы керектігін айтты. Бұл межеге қол жеткізу үшін, яғни білімнің сапасын арттыру үшін Мемлекет басшысы Үкіметке жоғары оқу орындарына қойылатын талаптарды қатаңдатуды жүктеді. Әсіресе, жалған диплом беретін мекемелерді жаппай жабу ісін созбаққа салмай жедел аяқтауды тапсырды.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары білімнің қолжетімділігін арттыру мәселесіне тоқталды. Президенттің айтуынша, мемлекеттік білім гранттарын бөлу жүйесінде ауқымды әлеуметтік құрамды қарастыру керек. Яғни, үміткердің оқу жетістіктеріне ғана емес, оның әлеуметтік-экономикалық жағдайына да назар аударған жөн. Осы орайда, Мемлекет басшысы әлеуметтік әлсіз санаттағыларға жататын талапкерлерге қолдау көрсетудің бірнеше жолын ұсынды.
– Аз қамтылған отбасылар үшін, азаматтар мен жастардың әлеуметтік әлсіз санаттары үшін грант санын көбейту мәселесін қарастыру керек. Жоғары білім ақысын төлеу үшін жеңілдетілген несие беру – қолдаудың тағы бір түрі болар еді», – деді Қ.Тоқаев.
Сондай-ақ Президент қазақстандық университеттердің базасында шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының кампустары ашылатынын, 10 университетте академиялық басымдық деп аталатын студенттердің тұруына қауіпсіз әрі жайлы орталықтар құрылатынын жеткізді. Білімгерлердің қуанышын еселеген тағы бір жаңалық – алдағы 5 жыл ішінде кемінде 90 мың жатақхана орны салынады.
Қазақстанда ғылымды дамытуға да баса мән берілмек. Бұл салаға бөлінетін қаржыны жоспарлы түрде көбейтіп, 2025 жылға қарай оны жалпы ішкі өнімнің 1 пайызына дейін жеткізу көзделіп отыр. Осы ретте Мемлекет басшысы қаржыландыру қандай жұмыстарды қамтуы тиіс екенін айтты.
– Біз ешкім оқымайтын, қажетсіз жұмыстар мен зерттеулерді қаржыландыруға жол бермейміз. Әрбір ғылыми жұмысқа қатаң талап қойылуға тиіс. Сондай-ақ оның нақты әлеуметтік-экономикалық, өндірістік және техникалық қайтарымы болуы қажет. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру тек ұлттық ғылыми-техникалық міндет тұрғысынан бөлінуге тиіс. Медико-биологиялық зерттеулер, агроөндірістік ғылым, «жасыл» технология, жасанды интеллект, энерготиімділік сияқты салаларға ерекше мән беріп, қаржы бөлу керек, – деді Президент.